Асқар Мамин: Ел экономикасы оңалып келеді

Еліміздің экономикасы белсенді түрде қалпына келіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Премьер-министрдің сөзінше, бес айда ішкі өнім 1,6 пайызға өскен.

«Биыл Қазақстан экономикасы белсенді түрде қалпына келіп жатыр. Бес айдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнімнің өсімі – 1,6 пайыз. Экономиканың барлық саласында өсім байқалады. Машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп жоғары өсімді көрсетті. Құрылыс саласы және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу қарқыны жоғары. Ауыл шаруашылығында да тұрақты өсу қарқыны байқалып отыр. Қызмет көрсету саласында да көрсеткіштер оң», – деді Мамин.

Асқар Маминнің айтуынша, Үкімет алдында 2021 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімді 3,5-4 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету және 1,2 миллион адамды жұмыспен қамту міндеті тұр.

«Биыл мамырда азық-түлік тауарларының бағасы әлем бойынша жылдық мәнде шамамен 40 пайызға өсті. Ал Қазақстанда қабылданған шаралардың арқасында азық-түлік инфляциясы 9,3 пайыз болды және осы бағытта жұмыс одан әрі жалғасады», – деді ол.

Back to top button