Жаңалықтар

Гендерлік шайқас немесе компромат соғыс

ашық дереккөзі

Гендерлік шайқас немесе компромат соғыс

Сайлауалды науқаны саясаттан аулақ жүретін адамдардың өзін таң қалдырып, аласапыран айтыстың қызуқанды көрерменіне айналдыра алады. Мұны АҚШ президентін сайлау науқанынан анық көріп отырмыз. Әу баста саны бір шоғыр болған үміткерлерден ақтық сайыста екеу-ақ қалып, бір-біріне «компромат» қазып, қарсыласы туралы жұрттың жағасын ұстататын дәйектер жариялап жатыр. Клинтон мен Трамптың айқасы – компроматтар шайқасы ма дерсің. «Жаптым жала, жақтым күйе» дегенде бірінен бірі қалыспайды. Бұл аз десеңіз, сайлау науқаны енді гендерлік майдан алаңына айналды. Былтыр басталған АҚШ президентінің сайлауалды науқаны қазір саяси пікірталас, экономикалық бағдарламалар тартысы мен халықаралық бағыттардың салыстырмалы сараптамасынан гөрі әйелдердің абырой-беделі мен қоғамдағы рөлін саралауға көбірек ұқсайды. Осыдан жүз ғана жыл бұрын барлық әйелдерге сайлауда дауыс беру құқығын енгізген Америка енді әйелден президент сайлаудың мүмкіндігі жайлы шындап ойлана бастады. Оның үстіне, екі үміткердің бірі Дональд Трамп дәл осы әйелдер мәселесіне қатысты оңбай сүрінді. Әлде қызбалықпен, әлде әумесерлікпен айтқан әйелдер жайлы сөздері оның гендерлік мәселедегі имиджін күл-талқан етуі мүмкін. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» демекші, Американың жағдайында «Президент болмайтын үміткер гендерлік және нәсілдік кемсітушілікке арандайды» деп қысқаша қайыруға болар... Өткен жексенбіде екі үміткердің арасында тікелей эфирдегі теледебаттың екінші раунды өтті. Бір жарым сағаттың ішінде Клинтон да, Трамп та бойларындағы шешендік өнердің барын салып, бірін-бірі аяқтан шалуға тырысып бақты. Клинтон Трамптың 2005 жылы бейнетаспаға басылған әйелдер туралы ұнамсыз сөздерін еске салса, Трамп қарсыласының электронды поштаны жеке серверде пайдалану ісін прокурорға тапсыруға дайын екенін айтып, сес көрсетті. Шамасы, Трамп президент болса, Клинтонның басындағы дау одан әрі ұлғаятын түрі бар. Қалжыңдап айтса да, Хиллариді түрмеден бір-ақ шығарудан тайынбайтын сияқты. Ә дегеннен қарсыласының мысын басуға тырысқан Хиллари Клинтон әйелдер туралы анайы сөз айтқан Трамптың «мінез-құлқы президент болуға лайық емес» деді. «Біз бәріміз жұма күні Дональдтың әйелдер туралы не айтқанын естідік – оның әйелдер туралы не ойлайтынын, оның әйелдерге не істейтінін. Ол бейнежазбадағы сөздер өзінің болмысына қатысы жоқ дейді. Бірақ, меніңше, бейнежазбаны көрген адамдардың бәріне оның болмысы қандай екені анық», – деді Хиллари. Ал Трамп болса, әйелдерді қорлайтын еркекті іздесеңіз, өз күйеуіңізге қараңыз деп, әңгімені Клинтонның өзіне қарай бұра салды: «Егер сіз Билл Клинтонға қара­саңыз, оныкі әлдеқайда сорақы. Мен айтып қана қоя салдым, ал ол ісімен көрсетті. Біздің мемлекеттегі саясаттың тарихында әйелдерді соншалықты қорлаған ешкім болған емес», – деп тұжырды ол. Әйткенмен, Трамптың Клин­тон­ның жеке басына тиісіп, оның күйеуінің жеңіл жүрісін тілге тиек еткен көпсөзділігі болмаса, оның кей сөзіне көңіл қоюға болар-ақ. Мысалы, оның Хиллари Клинтонға таққан ең үлкен айыбы: «Сіз мемлекеттік жауапты қызметтерде жүргеніңізге 30 жылдай болды, ал осы уақыттың ішінде мардымды ештеңе тындыра алмадыңыз». Осылайша, Трамп Клинтонға «мат» қоюға шақ қалды. Шынында да, Клинтондар әулеті мемлекет басында 1993-2001 жылдар аралығында аттай сегіз жыл отырды. Хилларидің өзі 1979 жылдан бері түрлі деңгейдегі жауапты қызметтерді атқарды, ал 2009-2013 жылдары мемлекеттік хатшы болды. Бірақ осы уақыт ішінде Хиллари өзінің реформаторлық әлде іскерлік қабілетін жарқырата көрсете алған жоқ. Керісінше, жеке серверін мемлекеттік хаттарды жолдауға пайдаланып, өзінің бай достарының жеке кәсібін дөңгелетуге көмектескені жөнінде анық айғақтар бар. Осылайша, екі үміткер елдің алдында бір-бірінің бетінен алып, айтысып қана емес, салғыласумен уақыт өткізді. Жалпы, Клинтон осы жолы бірінші дебаттың кезіндегідей Трамптың шамына тиіп, оның сабырын кетіруге қанша тырысса да, Республикалық партияның үміткері осы жолы өзін ұстап бақты-ақ. Шамасы, бейнежазбадағы әйелдерді кемсіткен сөздерінен кейін жақтастарының оның бетіне түкіре жаздағаны жанына батқан-ау. Кемсітушілік демекші, теле­де­бат барысында Дональд Трампқа мұсылман америкалықтардың «исламо­фобияның» кесірінен зардап шеге бастағаны жайлы, оған саясаткердің көзқарасы туралы сұрақ қойылды.  Бұл сұраққа сырғыта жауап берген Трамп «АҚШ-та босқындар мәселесіне қатысты шешілмеген түйткілдің бар екенін мойындауымыз керек» дей келе, өзі президент болған жағдайда босқындарды тыңғылықты тексеру жүйесін енгізуге уәде берді. Клинтон қарсыласының сөзін іліп алып, «Сонда біз осы елге ұшып келген әрбір адамды дін тұрғысынан тексерістен өткіземіз бе?» деп бір шалып, одан соң Дональд Трамптың кейбір аңдаусыз айтқан сөздерін ДАИШ сияқты ұйымдар өз қатарына адам жинау үшін пайдаланып жүргенін айтып салды. Жалпы, халықаралық саясат, дін, қорғаныс мәселелері Дональд Трампқа қол емес. Ол өзінің гуманистігін көрсетпекші болып, «Мен Иракқа әскер кіргізуді қолдамас едім» деді. Бірақ артынша CNN телеарнасы Дональд Трамптың кезінде бұл мәселеге қызу қолдау білдіргенін жариялап, оның теледебат кезінде өтірік айтқанын әшкереледі. Әділдік үшін айталық, Хиллари Клинтон да кезінде Иракқа әскер кіргізуді қолдап дауыс берген. Трамптың тағы бір сүрінген тұсы – салықтан жалтару әрекеті болатын. Трамп 1995 жылы 916 миллион долларлық шығынын салықтан жалтару үшін пайдаланғанын ашық мойындады.  Бұған дейін The New York Times газеті Трамп осы ісі арқылы 18 жыл бойы 50 миллион доллар салық төлеуден құтылған болуы мүмкін деп жазған болатын. «Мен шынымен мұны істедім. Уоррен Баффет және Джордж Сорос және Хиллари ақша алатын басқа адамдар да осылай істеген» – деп, Хилларидің қалталыларға жақын жүретінін бір мінеп өтті. Әйткенмен, қазір демократтар Трампқа дән риза. Себебі Дональдтан мықты қарсылас шықса қайтер еді? Егер Клинтонның қарсыласы осы жолы Трамптан басқа, яғни, сөзі орнықты, ісі ұғынықты саясаткер болса, Хилларидің жеңілуі әбден мүмкін еді. Бірақ даңғой миллиардер сайлауалды науқанын сайқымазақ шоуға айналдырып, елді салмақты әңгімеден жерітіп жіберді. Түптің түбінде, ол осы сайқымазақтың бәрін Хилларидің бағы жануы үшін істеп отырғандай көрінеді. Себебі Трампты ұсынған Республикалық партияда одан әлдеқайда лайықты үміткерлер болған еді. Бірақ миллиардер әлде ақшаның буымен, әлде басқалай астыртын қолдаудың арқасында аудиторияның көңілін өзіне аударып, өзге үміткерлердің сағын сындырды. Ақыры бәсекелес партиядан бір өзі озып шығып, енді Хиллари Клинтонның бәсінің артуына «жұмыс істеп» отыр. Егер осы жолы Хиллари жеңіске жетсе, ол Дональд Трампқа сайқымазақ сайлауалды науқаны үшін рахмет айтуы керек-ақ. Екі күннің бірінде ел ішінде  дүрбелең туғызып, біріне бірі қарама-қайшы мәлімдемелер жасап, сайлаушылардың ойын – онға, санасын – санға бөлген Трамптың жанында Хилларидің кәсібилігі мол салмақты саясаткер көрінетіні даусыз. Ал Трамптан тыс, жеке-дара басын алып қарағанда, Хилларидің өз былығы бір басына жетерлік. Трамптың Уоррен Баффет пен Джордж Соросты Клинтонның есіне салып, «кімнен ақша алып отырғаныңды білеміз» деп айып тағуы бекер емес. Ерлі-зайыпты Клинтондардың бай инвесторлармен тонның ішкі бауындай араласып, оларға іскерлік байланыстарда, тиімді келісім-шарт жасасуда қолдау білдіріп келгені бүгінде әмбеге аян. Сондықтан «Билл Клинтон қорының» есепшотына аударылған миллиондардың қайдан келгені күмәнді. Ал мемлекеттік хатшы кезінде ресми хат-хабар үшін жеке серверді пайдалануы оның кәсібилігіне сын көзбен қарауға мәжбүр етті. Бұл аз болғандай, жақында Хилларидің «Саясаткердің пікірі жеке және елдің алдында деп екіге бөлінуі тиіс» деп айтқан сөзі жұртқа жария болды. Онсыз да Хиллариді сөзі сұйық саясаткер санайтындар үшін бұл жазба отқа май құйғандай болды. Бірақ сайлауалды науқанның астарына жете үңіле қарасақ, Дональд Трамп Хиллари Клинтонның көп жылғы асқақ арманын орындауға себепкер болуы тиіс адам сияқты көрінетіні рас. Шындығында, Трамп – Хилларидің жұлдызының жануына от беретін қарсыластың нақ өзі. Себебі біресе мексикалықтарға, біресе мұсылмандарға, енді, міне, әйелдерге қарсы арандатушылық әрі кемсітушілік мәлімдемелер жариялауы оның кәсіби саясаткер, салиқалы мемлекет басшысы болуы екіталай екенін аңғартады. Әйелдер туралы пікірі жалпақ жұртқа жария болғаннан кейін Трамптың партияластарының кейбірі оны қолдаудан бас тартып, одан ат-тонын ала қашқандай кейіп танытты. Шындығында, «Мексикамен арада дуал салу керек» деп елді дүрліктіргенде мұрты қисаймаған, «мұсылмандарды Америкаға кіргізбеу керек» деп жарты әлемді шулатқанда бәсі төмендемеген Дональд Трамп әйелдер туралы сиықсыз сөздерімен өз сүйкімін жоғалтып алғандай. «YouGov» компаниясы жариялаған соңғы деректерге қарағанда, екінші раундтан соң әйел көрермендер арасында Клинтон 50:38 есебімен жеңіске жеткен. Бірақ ерлер қауымының пікірі басқаша, олар Трамп 46:43 есебімен алда деп санайды. Ал АҚШ ұлттық сауал­на­масының қорытындысына сәйкес, теледебаттан соң алдағы сайлауда Хиллари Клинтон 44,8 пайыз, ал Дональд Трамп 39,7 пайыз дауыс алуы мүмкін деп болжанып отыр. Жалпы, шілденің аяғындағы аз-маз құлдырауды есепке алмағанда, 1 шілде – 10 қазан аралығында Клинтон Трамптан 4-6 пайыз басымдықпен алда келді. «Financial Times» газетінің жазуына қарағанда, Вашингтондағы Cowen&Co компаниясының сарапшысы Крис Крюгер бұған дейін де «Алдағы сайлауда Клинтон жеңіске жетеді» деп болжам жасаған. Ал теледебаттың екінші раундынан соң Клинтонның бәсін одан әрі арттырды. Сарапшының болжамына сенсек, Клинтон 80 пайыз дауыспен президенттікке сайланады әрі демократтар партиясы бұдан соң АҚШ Сенатында да басымдық алуы әбден мүмкін. 26 қыркүйекте өткен бірінші теледебаттан Хиллари Клинтонның мерейі үстем шыққан болатын. Дональд Трамп өзін қаншалықты байсалды ұстағанымен, екінші раундта да қарсыласынан басым түсе алмады. Ендігі «шешуші шайқас» – 19 қазанда Лас-Вегаста өтетін үшінші теледебат. Клинтон – Трамп айқасының ақыры немен бітері соңғы дебатқа байланысты. ...Әйтсе де, дәл осы күндері америкалық сайлаушыларды мүсіркеуге болар. Олардың алдында тұрған таңдау көңіл көншітпейді: Трамп па әлде Клинтон ба? Басқаша айтқанда, даңғой миллиардер мен билікқұмар саясаткердің қайсысы мақтаулы мемлекет басшысы болуы мүмкін? Хиллари айтпақшы, «Трампқа атом сөмкесін сеніп тапсыруға болмайды», себебі оның мінезі өзіне жау. Ал Хилларидің өзі болса, билікқұмарлық пен дүниеқоңыздықтың дертіне шалдыққан. Сонда қайсысы абзал? Оңай таңдау емес, әсілі.   Гүлбиғаш ОМАР   Ұлыбритания