Жаңалықтар

Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй салуда 1-орынға шықты – Премьер-Министр

Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй салуда 1-орынға шықты. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күрделі жағдайда шынайы сектор Қазақстан экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналды. Әлемдік және өңірлік экономикалардағы белгісіздікке қарамастан өңдеуші сала 3,9 пайыз деңгейінде өсім көрсетті. 2004 жылдан бері алғаш рет жалпы ішкі өнімдегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібі үлесінен асып түсті», – деді Үкімет басшысы. Оның атап өтуінше, фармацевтика саласы қарқынды өсім көрсетіп, 47 пайызға артты. Дайын металл бұйымдарының көлемі 20 пайызға өсті. Машина жасау – 16 пайызға, оның ішінде автомобиль жасау – 53, вагондар мен локомативтер жасау – 39 пайызға ұлғайды. Ал тау-кен өндіру секторында өсім қарқынының шектелуі байқалды. Бұл Қазақстанның ОПЕК+-пен уағдаластығы аясында мұнай өндіруді қысқарту міндеттемесін орындауына байланысты орын алды «Елімізде тұрғын үй пайдалануға беру 16,8 пайызға артып, 15,3 млн шаршы метрді құрады. Бұл құрылыс саласындағы сенімді өсімді қамтамасыз етті және Қазақстанның ТМД елдері арасында бір адамға 0,81 шаршы метр жаңа баспананы пайдалануға беру арқылы бірінші орынға шығуына мүмкіндік берді», – деді Асқар Мамин.

Back to top button