«Ұнамаса, тұрмай-ақ қой!». Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларға берілген үйдің сапасы сын көтермейді

Қарағанды облысының Шашубай ауылында көпбалалы отбасыларға берілген жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді. Facebook қолданушысы Жанкелді Ғапбасов елдімекендегі баспаналардың қандай материалдардан тұрғызылғанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy сайты.

Автордың айуынша, жаңа үйлерге әлі ешкім көшіп келмеген. Десе де, үйдің кіреберісінен-ақ есіr тұтқасының қирап тұрғаны байқалады, ал іштегі пештің айналасында пластмасса трубаның орнатылғаны көрсетілген.

«Пештің үстінен пластик труба жіберу қай елдің стандарттарына сай жасалды екен? Бетон үстіне линолеум төсей салу қайдан шыққан стандарт? Тіпті, осыны облыстан ғой деймін, комиссия тексеріп, әкімдіктің айтуынша «ЗЫҢ» деп кетіпті.

«Ұнамаса тұрмай ақ қой!». Бұл Қарағанды облысы, Ақтоғай әкімінің баспасөз қызметі, Шашубай кенті әкімінің көпбалалы аналарға «сіздер салған үй сапасыз, қалай кіреміз?» деген уәжіне берген жауабы екен. Естуімше, әр пәтердің құрылысына 7 млн теңге жұмсалыпты», – деп жазған автор.

Azattyq Rýhy тілшісі Ақтоғай ауданы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қошантаевқа хабарласып, бұл үйлерді кім қабылдап алғанын сұрады.

«Бұл үйлер республикалық бюджеттің есебінен сатып алынды. Әр пәтердің бағасы 7 млн 400 мың теңгені құрады. Видеода бір ғана үйдің кемшіліктері көрсетілген. Қалған алты үйдің бесеуінде мұндай кемшіліктер жоқ. Жоба бойынша еденге тек линолеум төселуі керек. Десе де, біз линолеумнің астына арнайы төсеніш салдырттық. Ал есікке қатысты айтар болсам, оның құны арзан болғандықтан, тез сынып қалуы мүмкін. Оның үстіне үйдің арзанға салынғанын да ескеру керек. Сондай-ақ, мердігер бұл үйлердің құрылысына 3 жылға дейін кепілдік береді. Мен өзім сол жердегі тұрғындармен кездесіп, мердігер олқылықтарды реттеп беретінін айттым. Бұл үйлерді аудандық құрылыс бөлімі қабылдады. Оның басы-қасында өзім жүрдім. Біз үйдің шаршы метрі техникалық паспортқа сай келе ме, келмей ме, соны ғана тексереміз. Конкурстың талаптарына қаншалықты сай келетінін анықтаймыз. Ол үшін арнайы комиссия құрылмайды. Әкімдердің ол үйлерді көруі міндетті емес», – деді Қайрат Қошантаев.

Back to top button