Қызылордада аса қауіпті қылмыскер ұсталды (видео))

Қызылорда облысында сот төрелігінен жасырынып жүрген аса қауіпті қылмыскер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

34 жастағы ер адам кісі өлтірді деп айыпталуда. 2018 жылдың күзінде Қызылорда қаласындағы Ясауи мен Бөкей хан атындағы орталық көшелердің қиылысында, Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінен елорда тұрғынының мәйіті табылды. Оны кеуде тұсынан екі рет атып өлтірген.

Полицейлер айыпталушының жеке басын анықтады. Сол жылдың 5 желтоқсанында Қызылорда қаласының тұрғыны осы кісі өліміне күдікті деп танылды.

Бой тасалап қашып кеткен қылмыскерге халықаралық іздеу жарияланған еді. Оған қатысты сот “күзетпен ұстау” түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады.

Құқық қорғау органдары қажетті арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде облыстық Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері іздестіріліп жүрген күдіктіні облыс орталығында, таңертең туыстарының жеке үйінде ұстады.

Ұсталған кезде ол тағы да қашып кетуге тырысып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Back to top button