Ақылбек Күрішбаев: Ондаған миллиард теңге сауда орталықтарын қаржыландыруға жұмсалады

Ақылбек Күрішбаев: Ондаған миллиард теңге сауда орталықтарын қаржыландыруға жұмсалады

Ақылбек Күрішбаев: Ондаған миллиард теңге сауда орталықтарын қаржыландыруға жұмсалады
ашық дереккөзі
Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев мемлекеттік қазынадан сауда орталықтарына миллиардтап қаржы бөлінетінін, алайда соған қарамастан тауар бағасының қымбаттап жатқанын айтты. Бұл жөнінде Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.  Ол өз сөзінде аграрлық ғылымды дамытуға дұрыс көңіл бөлінбей отырғанын баса айтты. "Қазір біз саланы ғылыми қамтамасыз етудегі артта қалушылықтан аграрлық өндірістің қандай шығынға ұшырап жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Қаржы министрлігі ғылымды жеткіліксіз қаржыландыруды бюджет тапшылығымен түсіндіреді. Бірақ жыл сайын 7 млрд. теңгеге жуық бюджет қаражаты шетелдік селекция тұқымдарын субсидиялауға жұмсалады. Ал асыл тұқымды малды шетелден сатып алуға 500 млн. АҚШ долларынан астам қаражат кетті. Олардың бір бөлігі мемлекеттік субсидиялар болып табылады. Аграрлық ғалымдарымыз жарты жылдан бері мемлекеттік қаржыландырудан тыс қалып отырған жағдайда, аграрлық ғылымды дамытуға қатысты қандай сөз айта аламыз. Біз аграрлық ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың жаңа, тиімді форматын ұсынамыз", – деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар Күрішбаев осы саланың түйткілді мәселесін де атап көрсетті. "Біріншіден, ауылшаруашылық өндірісінің сұранысын өтей алмайтын «шикі» ғылыми әзірлемелердің пайда болу себептерінің бірі – аграрлық зерттеулерді жүргізу мерзімінің үш жылмен шектелуі. Осындай қысқа уақыт ішінде әлемде еш жерде жаңа сорттар мен агротехнологиялар жасалмайды. Сондықтан аграрлық салада алға қойылған міндеттерге байланысты және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді ескере отырып, 5-15 жылға арналған ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламалар енгізуді ұсынамыз. Екіншіден, мұндай зерттеулердің тақырыбын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің ұсыныстарын негізге ала отырып анықтау қажет, олар саланың стратегиялық маңызды міндеттерін шешуге бағытталып, конкурстан тыс, яғни конкурссыз іске асырылуы тиіс. Құрметті Әлихан Асханұлы, біз аграрлық ғылымды дамытудағы жоғарыда аталған кедергілерді алып тастап, жақын арада агроөнеркәсіп кешенін ғылыми қамтамасыз етуді қалпына келтіре алатынымызға сенімдіміз, – деді сенатор. Одан әрі қарай сенатор қымбатшылықтың алдын аламыз деп мемлекет сауда орталықтарына миллиардтап қаржы бөліп отырғанын, бірақ одан еш нәтиже болмағанын атап өтті. "Қорытындылай келе, мен есеп комитетінің төрайымы Наталья Николаевна Годуноваға жүгінгім келеді. Қазір біздің қоғамдағы ең басты мәселе – азық-түліктің қымбаттауы, қарапайым халық күндерін әрең көруде. Осыдан тура 9 ай бұрын сенаторлар тобы Сізге сауда субъектілері арқылы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетігінің тиімділігі төмен екенін айтқан болатын, мұның нақты себептерін келтіре отырып, осы схемадағы құрамдас сыбайлас жемқорлықты да көрсетіп берді. Алайда қисынсыз жағдай орын алып отыр, өйткені ондаған миллиард теңге мемлекеттік қаражаттан сауда орталықтарын қаржыландыруға жұмсалады, ал баға өсуін тоқтатар емес. Депутаттар мемлекеттік қолдау шараларының кемшіліктерін көрсеткенмен, ешкім бюджет қаражатының әлеуметтік-маңызды жобаға қалай жұмсалып жатқанын әділ әрі нақты анықтай алмайды, ондағы заң бұзушылықтарды да жарыққа шығара алмай отыр" – деді Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде.