Алимент төлемейтіндердің 97 пайызы – ер адамдар

Алимент төлемейтіндердің 97 пайызы – ер адамдар

Алимент төлемейтіндердің 97 пайызы – ер адамдар
ашық дереккөзі
Әке көрмеген бала, алимент төлемеген әке бүгінгі қоғамның ауыр шындығына айналды. Алимент әке болмайды, әрине. Бірақ бауыр еті баласын жоқшылық пен таршылық көруге мәжбүрлеуге барған безбүйректер тайраңдай бере ме? Әкеден айрылған бала, сүйеуінен қоса айрылады. Халқымыз әке – асқар тау, ана – беткейдегі бұлақ деп әкенің қадір-қасиетін асқақтатпаушы ма еді?! Бүгінгінің әкесі асқар тау болып жүр ме? Кейбір көкек әкелер мен көкек аналардың бала-шағасына берешегі 2 миллиард теңгеден асыпты. Бұл қарыз бөтен біреуге емес, өз баласына беретін ақша екенін айтқымыз келеді.

Алимент төлемейтіндердің 97 пайызы – ер адамдар

Қазақстанда 5 миллионнан астам бала бар. Балалар үйінде 32 мың бала тәрбиеленуде. Бас прокуратураның мәліметінше, олардың 70 пайызының ата-анасы тірі. Тірі жетімге айналған балаларды ата-анасы түрлі себептермен балалар үйіне өткізуге мәжбүр болған. Ол балалар мемлекет қамқорлығында. Ал ата-анасының бірімен қалған 350 мың баланың тағдырына кім жауапты?  Республика бойынша төленбеген алименттің жалпы көлемі – 1,8 миллиард теңге. Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, алимент төлемегендердің 97 пайызы – ер адамдар. Отбасы ойрандалса да, ортада баланың зардап шегуіне жол бермеуге болады. Психологтардың айтуынша, әкелердің алимент төлемеуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұрынғы жары әкесінің баланы көріп, араласып тұруына үзілді-кесілді қарсы болуы. Бұл әйел адамның өкпе-назы мен баланы көрсетпей жазалаймын деген ой топшылауынан. Алайда баласын көрмеген әкелер алимент төлеуден бас тартады да, нәтижесінде тағы да бала қиналады. Себебі жағдайы жақсы болса, баланы асырауға шамасы жетіп тұрса, аналардың көбі алимент қуып, сот есігін тоздырмайтыны анық. Екінші себебі, жаңа отбасын құрған әкелер бұрынғы бала-шағаны бағудан бас тартады. Осы орайда Иоган Меркель әкелерге «әкелік» міндетін орындау үйретілмей қалады деген пікірді алға тартты. Оның айтуынша, әкелік міндет ана мен бала мәселелерімен қатар айтылуы тиіс. «Біз ана мен баланың мәселесін айтамыз да, әке туралы айтпаймыз. Алименттің төленбеуі отбасын құруға, әке болуға деген жауапкершіліктің жоқтығынан», – дейді Меркель мырза. Әкеден – ақыл, анадан – мейір. Ұлға әкесі не үйретті? Ұяда не көрді? Жасөспірім жігітке әкелік міндет туралы айтылса да, оның жадында сақтап алатынына кепілдік жоқ. Ал әкесі ішімдікке салынған, наркоман, қылмыскер болса ше? Расында, әкелік міндет, әкелік жауапкершілікті үйрететін, кеңес беретін арнайы орындар жоқ. Бірақ ана болу мен бала тәрбиелеуді үйретіп жатқан кім бар? Қыздың тәрбиесі шешесінің мойнында, ұлдың тәрбиесі әкенің қолында деп насихаттайды халқымыз. Бірақ қазіргі заман ата-ананың бала тәрбиесімен айналысып, ұлды әке болуға, қызды шеше болуға дайындап жүр ме? Күмәніміз бар. Бала тәрбиесі толықтай ғаламтор мен көгілдір экранның мойнына жүктелген сияқты. Сондықтан Меркель мырзаның бұл мәселені мемлекет деңгейіне көтеруді ұсынғаны орынды.

«Әкенің жақсылығы жездедей-ақ»

Асылы, осы мақалдың астары шындық сыңайлы. Алимент төлемеген әкелерге қарызын өтетіп, жазалау шаралары да қарастырылған. Алайда бұл мәселенің түйінін түбегейлі шешпей тұр. Соңғы үш жылда алименттен қашқан 13 мың борышкерге шетелге шығуға тыйым салынған, көлік жүргізуден де шеттетілген. Бірақ бұл шаралар алиментті төлеттіре алмады. Бас прокуратура осы мәселеге орай «Алимент. Алимент төлеуге 30 қадам» жобасын жасады. Прокуратура дерегіне сүйенсек, алименттен қашатын әкелер табыстарын кемітіп көрсетеді. Осылайша айла тауып, ақша төлемеуді әдетке айналдырады. Бірақ зерттеу нәтижесіне сәйкес, ата-анасы ажырасқаннан кейін де бала әкесімен жақын болса, жиі араласып тұрса, алимент те уақтылы төленеді екен. Сондай-ақ, баланың оқуы, білім алуы мен басқа да жоспарлары туралы бөлісіп, ажырасқан ата-анасы өзара талқылап отырса, қанша шығын кететіні ортаға салынса, алимент жағы да соғұрлым бір жолға түспек. Бала екі жақтың да қамқорлығында болса, іске асатын дүние бұл. Ең өкініштісі, ажырасудың себебі – маскүнемдік, отбасындағы зорлық-зомбылық және басқа да себептер, сондықтан екі тараптың да қамқорлығы бола бермейтін жайттар жиі кездеседі.

Отбасындағы кикілжің ажырасқан соң аяқтала қоймайды. Қайта алимент мәселесін шешуден басталады. Мысалы, есімін жасырған танысымыз күйеуімен 6 жыл бұрын ажырасқан. Араларында бір ұл, бір қыз бар. Балалардың жасы кәмелетке толмаған. Бастапқыда алимент төлеуге келіскен әке кейінгі жылдары басын ала қашатын болған. «Ажырасқан жылы екі балаға табысының үштен бірі тиесілі деп белгіленді. Ол ай сайын өтеп отыруға келісті. Бастапқы 2 жарым жылда үзбей алып отырдық, өзі де балаларға келіп тұрды, араласуға қарсы болғам жоқ. Кейін бірнеше ай алимент төленбей қалды. Ол жұмысын ауыстырды, жұмыстан тағы босап қалдым деді. Қазір табысым жоқ деп сылтауратты. Ең аяғы, табысын төмендетіп көрсетіп, яғни материалдық жағдайын айтып, алимент көлемін азайтуға да барды. Оған да көндік. Бірақ міне, екі жыл болды, ол да жоқ. Балалар болса, өсіп келеді. Екеуі де мектепке де барады. Мектеп формасы, оқу құралдары мен пәтеріміз, азық-түлік бар, қымбатшылық болса мынау. Егер, балаларымды асырауға жағдайым жетіп тұрса, одан сұрап нем бар? Біреудің баласы емес, міндет қылатын, өзімнің балаларым, елден қалмай, қатарымен оқып, білім алғанын қалаймын. Арызымды алып, сотқа неше бардым, тұратын жеріне хат та жібердік, бірақ сот орындаушылары ештеңе өндіре алмады. Егер олар қауқарсыз болса, жалғызбасты ана мен не істей аламын?» деп мұңын айтып редакцияға хат жазған еді. Алимент ала алмай, шырылдап жүрген аналар аз емес. Айнұр үшінші жыл қатарынан бұрынғы күйеуінен алимент ала алмай жүр. «Екеуміздің екі баламыз бар. Ажырасып бітпестен жатып, басқа біреуге үйленіп алды. Біз Алматыда тұрамыз, ол Астанаға көшіп кетті. Мен Астана қаласының сот актілерін орындау департаментіне, Астана прокуратурасына, прокурорларға ондаған хат жаздым. Еш нәтиже жоқ. Жайғасқан жылы орыннан қозғалғысы келмейді. Басқа мемлекеттік органдарға телефон шалып, өз жағдайыңды айтып, бір шешімін табу мүмкін емес. Ал біздің іспен айналысатын сот орындаушымыз мен қоңырау шалғанда, телефонын өшіріп тастайды» дейді. Бұл ашынған ананың зары. Екі баланы тастамай, өмірдің езгісіне түссе де, ешкімнен кем қылмай ертіп жүрген ержүрек аналардың бірі.  

«Әкелі жетім – анық жетім»

Алимент төлемей қашып жүрсе бір сәрі, бұрынғы отбасынан біржола құтылуға тырысқандардың қылығы тіпті жаға ұстатады. Жуырда ақтөбелік кәсіпкер алимент төлемеу үшін қызы мен бұрынғы әйелінің көзін құртуға тапсырыс берген. Ақтөбелік Хайролла Смағұлов әйелімен ажырасқан соң, кәмелетке толмаған 9 жасар қызына алимент төлеуді мойнына алады. Ал ол А.Төлегенов есімді танысына оларды өлтіруге тапсырыс береді. Бірақ жергілікті құқық қорғаушылардың қызметінің арқасында бұл қитұрқы жоспар әшкере болды. Облыстық баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кісі өлтіруді ұйымдастыру, екі тұлға арасында жасалған келісіммен кісі өлтіруге оқталу, ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айрылып, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге үкім шықты. Ал жалдамалы кісі өлтіруші 15 жылға бас бостандығынан айрылды. БҚО апелляциялық соты жәбірленуші мен қорғаушының шағымын қанағаттандырған жоқ. «Естімеген елде көп». Алимент мәселесі бойынша түрлі оқиғалар тіркелуде. Кейбірінде тіпті немерелерін далада қалдырған депутаттың да есімі аталуда. Десе де, бұл біздің балалар емес деп сұхбат беріп жүрген атасына не дерсің?  

Ақниет ОСПАНБАЙ