Мемлекет басшысы «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты
Мемлекет басшысы «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты
Мемлекет басшысы коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Ескерткіш елорданың сол жағалауында Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақтың аумағында орналасқан, деп хабарлайды Ақорда.
Президент салтанатты лентаны қиып, ескерткішке гүл шоғын қойды. Содан кейін ашылу рәсіміне жиналған медицина қызметкерлерінің алдында сөз сөйледі.
– Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен отандастарымызға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болғанын жеткізді.
Былтыр Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалі бекітіліп, пандемияға қарсы күресте алғы шепте болған көптеген отандасымыз марапатталды. Президенттің айтуынша, бұл олардың қажырлы еңбегі мен ерен ерлігіне деген халықтың ыстық ықыласының белгісі. Марапатқа ие болған азаматтардың көпшілігі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ету өскелең ұрпақ үшін мәртебелі әрі тартымды болуы тиіс деп санайды.
Сонымен қатар Президент орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, олар денсаулық сақтау жүйесінің басты ресурсы және жұмыстың негізгі бөлігін атқарады.
– Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көп салалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде Елбасының бастамасымен іске асырылған «Біз біргеміз» акциясы аясында пандемияға қарсы күреске зор үлес қосқан еріктілер мен меценаттардың қызметін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, «Алтын жүрек» ескерткіші орналасқан саябақты «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды ұсынды. Мемлекет басшысы жаңадан ашылған кешен ақ халатты абзал жандарға деген халық алғысының белгісі болатынына сенім білдірді.
Жиын соңында Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Дәрігерлер көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс айтты.