Жаңалықтар

Көптің мұңын мұңдайтын тілшінің жоғын кім жоқтар?

ашық дереккөзі

Көптің мұңын мұңдайтын тілшінің жоғын кім жоқтар?

Халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мұқтажын түгендеп жүретін журналист қауымының «жыртығын» кім бүтіндейді? Не мемлекеттік, не бюджеттік салаға жатпайтын тілшілердің де ұлтарақтай жер мен қуықтай бөлмеге қол жеткізе алмай жүргені ащы шындық. Бұл мәселе Парламент мінберінде бірнеше рет көтерілсе де, айтарлықтай сілкініс жоқ. Ал ендігі үміт жақында ғана Елбасы пәрмен берген  «Нұрлы жер» бағдарламасында. Алайда бұл құжатта қағаз бен қаламды серік еткен тілшілерге басымдық беріле ме, жоқ па, бұл жағы беймәлім. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасында елдің әрбір азаматына 10 сотық жер бөлу туралы  мәселесі қарастырылатынын айтқан еді. «Біз  адамдарға тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер береміз деп айттық. Енді халық талап етуде, 10 сотық жерді беріңдер. Бізде дала жетеді ғой. Сонымен далаға барып, құрылыс бастайсыздар, ал одан не шығады? Ол жақта жол, жарық, су, жылу жоқ. Бұлай беруге болмайды. Егер беретін болсақ, коммуникациясын, жерді дайындап алу қажет. Тұрғын үй құрылысы барысында жеке баспана салушылардың шығындарын төмендете отырып, инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымын дайындап алуға ресурстарды шоғырландыру керек. Біз тұрғын үй құрылысының 30 пайыз шығынын өзімізге аламыз, рақметтерін айтсын. Бұл бюджеттен қаржыландыру үлесін қысқарта отырып, мол жеке инвестицияны тартуға септігін тигізеді және адам өз үйіне ие болады», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы жеке тұрғын үй құрылысы мемлекеттің инженерлік инфрақұрылымы тартылған жер телімдерімен қамтамасыз етуіне тікелей байланысты екендігін баса айтты. Сондықтан Үкімет өз үйін салатын азаматтардың қаржысын қайтару тетіктерін де ойластырғаны жөн. «Мәселен, BI-Group Алматы мен Астанада толық ауылдарды салуда. Мүмкін осы жолмен жүрерміз? Яғни, құрылысшыларға ақшаны беріп, халыққа: «Сіздер қаладыңыздар ма? Міне, сіздерге 10 сотық жер, мынадай сәулет жобасымен салдық, сатып алыңыздар» деп жариялайық. Бұл мәселеде несие беріп немесе басқаша көмектесетін боламыз... Әкімдер Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жер қорына сараптама жүргізуі тиіс және бас жоспарларға өзгертулер бойынша ұсыныс енгізсін», – деген Елбасы арнайы «Нұрлы  жер»  бағдарламасын  жасауды одан әрі  оны  жүзеге асыруды  талап етті. Ал өзгенің басындағы түйткілдің шешілуі үшін жанын салатын тілшілердің де баспана алуы оңайға соқпай жүр. Қазіргі кезде басылымдар мен телеарнаның көбі жауапкершілігі шектеулі серіктестік меншігіне өтіп кеткен. Мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты бюджеттік мекеме қағазын да ала алмайды. Өйткені олардың соған сай мәртебесі жоқ болғандықтан, заң жүзінде пәтер алуға мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан пәтер жалдап жүрген журналистердің де мәселесін биліктің назарына іліктіру кезек күттірмейтін жайт. Жақында өткен Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслиxаты барысында  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы шарттар жасала ма?» деген сауалға жауап берген ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жағымды жаңалықтың шетін шығарды. «Өкінішке қарай, қазіргі кезде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ондай жеңілдіктер қарастырылып жатқан жоқ. Бірақ Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осындай ұсыныс жасаса, біз оны қарауға дайынбыз», – деді ол. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жағымды жаңалықты негізге алып, жоспар құрса қанекей?! 10 сотық жерден үйсіз журналистерге де бұйырса, несі айып?! Ақпарат және коммуникациялар министрлігі   кем-кетігі толықтырылып жатқан «БАҚ туралы» заңға  баспана алуға байланысты жаңа бап енгізуге септігін тигізсе, абзал болар еді.   Журналист әлеуметтік қолдаудан шет қала бере ме?   Осыдан біраз жыл бұрын Парламентте журналистердің әлеуметтік жағдайы сөз болған еді. Жергілікті әкімдіктер мемлекеттік қызметшілерге, бюджет қызметкерлеріне, соғыс ардагерлеріне, көп балалы не жалғызбасты аналарға және басқаларына мемлекеттік қордан, арендалық үй береді. Бірақ БАҚ өкілдері осы санаттардың ешқайсысына кірмейді. Ал сонымен бірге мемлекеттік идеологиялық жұмысты атқаратын, халық пен билік арасына көпір орнатып, түйінді мәселелерді түсіндірер арағайын, жаршы ретінде жүретін журналистерге жүктелген жауапкершілік шенеуніктерден артық болмаса, кем емес. «Баспана мәселесі біздің ең жанды жерімізге тиіп отырған мәселе. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, біздер мәртебе жағынан мемлекеттік тұрғын үй туралы бағдарламаларға да, соны реттейтін заңдарға да, ешқайсысына кірмейміз. Өйткені бізде статус жоқ, бізге қарастырылған санат та жоқ. Нәтижесінде, заң жүзінде пәтер алуға мүмкіндігіміз жоқ. Біз мысалы, әкімдікке хат жазамыз, олар бізге жауап қайырады: «Сіздер мемлекет үй беретін бағдарламалардың ешқайсысына кірмейсіздер!» деп қысқа қайырады », – деп мәлімдеген-ді «Хабар» Агенттігі басқарма төрағасы Айдос Үкібаев. Сол кезде Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов: «Мәселе өте дұрыс көтеріліп отыр. Бұл өзі өте күрделі мәселе. Оны шешу үшін құқықтық база қалыптастыру керек болса, Парламент тарапынан басқа да көмек қажет болса, онда ұсыныстарыңызды беріңіздер! Министрлікпен отырып, өздеріңіз де ақыл қосып, әзірлеңіздер. Қандай шешу жолдары бар? Ол үшін қандай құқықтық база керек? Соны айтыңыздар. Өйткені өте күрделі түйін. Әсіресе, қазір жас, дарынды журналистерді ақпарат құралдары саласына молынан тарту үшін, осында тұрақтандыру үшін осындай база керек! Келіңіздер, екі жақтап, бұл мәселені шешейік. Біз де бір жағынан қарастырайық. Содан Үкіметке ұсыныспен шығайық!» – деген болатын. Бұл да аяқсыз қалғаны байқалады. Себебі бұл ұсыныстан соң арнайы құқықтық база қабылданып, арнайы тетіктер қарастырылғандығы жария етілмеді. Ал төрт жыл бұрын депутат Нұртай Сабильянов журналистерді баспанамен қамту мәселесін көтергенде сол кездегі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасы Серік Нокин: «Осы мәселеге келгенде журналистердің де мүдделерін ұмытпасақ дегім келеді. Неге десеңіз олар қатыса алмайды («Қолжетімді баспана» бағдарламасы). Біз журналистерге ренжиміз, сынаймыз. Негізінде біздер олардың құқықтарын қорғауымыз керек, баспанамен оларды да қамтамасыз етуіміз қажет», – дей келе, журналистер үшін басқа азаматтар сияқты баспанаға ие болуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама 2011 жылдан бері іске асырылып жатқанын жеткізген. «Журналистер, акционерлік қоғам қызметкерлері және де басқа да азаматтардың біздің бірінші бағыт – «Тұрғынүйжинақбанкі» арқылы несие алуына мүмкіндік беретін бағдарлама 2011 жылдан бері бар. Біз бағдарламаны бастап та кеттік, ол өте ыңғайлы, жеңіл. Бастысы «Тұрғынүйжинақбанкі» клиенті болуы қажет. Сіз тіркелесіз, ақшаңызды төлейсіз, бес жыл көлемінде ақшаңызды саласыз. Олар 4 пайыздық мөлшерлеме бойынша өз несиесін төлейді. Шамамен 50-60 мың теңге көлемінде төлеуі қажет болады», – деген-ді ол баспана алу жолын түсіндіріп. Үшінші, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында журналистер бастама болған бағдарламамен арзан бағамен жалға берілетін баспана алушылар санатына жатқызылады деп қуанғанымыз есте. «2020 жылға дейін 1,4 млн шаршы метр баспана салынады, оның ішінде 60 пайызы жалға берілетін баспана Астана, Алматы, Шымкент пен Ақтөбеде салынады. Ал журналистер жалға берілетін тұрғын үйлерді алатын екінші топқа жатады» деген Бақыт Сұлтановтың әр сөзі санада жаңғырып тұр.  «...баспананың 30 пайызы І топ арасында (мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлікке үміткерлер, ғарышкерлер, арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері мен мемлекеттік сайланып қойылатын мемлекеттік лауазым иелері, оралмандар, көпбалалы отбасылары, толық емес отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ата-аналарының қамқорынсыз қалған балалар);  20 пайызы – ІІ топ арасында (мемлекеттік заңды органдар қызметкерлері мен білім, ғылым мен медицина, мәдениет пен өнер саласындағы қоғамдық бірлестіктердің, журналистика саласындағы мемлекеттік емес мекеме қызметкерлері санатына жататын барлық азаматтар санаты) үлестіріледі», – деп түсіндірген Б. Сұлтанов. Оның айтуынша, жаңа бағдарламамен салынатын қалған 50 пайыз пәтерлер ІІІ топ арасында үлестіріледі (кем дегенде екі жыл некедегі және жастары 29-ға толмаған (бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтке) жас отбасылар, сондай-ақ балаларды (баланы) 29-ға толмаған ана-анасының біреуі ғана тәрбиелеп отырған толық емес отбасы, оның ішінде ажырасқандар, жесірлер). Төртінші, журналистердің арқасына аяздай батқан осы мәселеге Парламент Сенатының экс-депутаты, ақын Нұрлан Оразалин қозғау салып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдау арқылы біраз деректі ортаға салған болатын. Бүгінгі таңда елімізде 146 телерадио компания, 88 телекомпания, 58 радио­компания, 98 кабельді оператор, 1364 газет және 522 журнал, 64 ақпараттық агенттік тіркелгенін айтып, заңды түрде рәсімделіп, жұмыс істеп жатқан осыншама бұқаралық ақпарат құралдарында неше журналистің қызмет етіп жатқаны, олардың қаншалықты деңгейде әлеуметтік қамсыздандырылғаны жөнінде мәліметтің жоқ екеніне қатты қынжылған. Осы ретте «Шын мәнінде  Тәуелсіз Қазақстанның ынтымағы мен бірлігіне, Елбасы жүргізіп отырған экономикалық реформалардың жүзеге асуына, ел өміріндегі саяси тұрақтылық пен рухани өрлеудің баянды болуына жанын жалау етіп үлесін қосып келе жатқан қауымның бірі осы журналистер болса керек» деген экс-сенатор, БАҚ-та жұмыс істейтін журналистерге баспана жағынан қамқорлық жасау тәуелсіз еліміздің ішкі беріктігі мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүргізілер маңызды шараның бірі екенін шегелей айтты. Және мұндай қолдаудың  журналистер ғана емес, бүгінде осындай пәтер тапшылығын тартып отырған өнер мен әдебиеттің біраз өкілдеріне қажет деген ойын ортаға салып, Үкіметке нақты ұсыныс жасағаны жадымызда. Оның айтуынша, бұл мәселенің шешімі Үкіметтің арнайы бағдарлама қабылдауы арқылы жүзеге асуы керек. «Өйткені қазіргі жүзеге асырылып жатқан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының ауқымы шектеулі. Онда журналистерді, әдебиет, мәдениет өкілдерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылмаған. Сондықтан, мәселені Үкімет аталмыш сала қызметкерлері үшін арнайы құжат дайындап қарастырғаны дұрыс. Оның ішінде журналистер үшін қолжетімді баспанамен қатар, жас отбасылар үшін жатақхана салу мәселесі де тыңғылықты қамтылуы қажет», – деген ол. Әрине, журналистердің баспаналы болуына байланысты қоғам тарапынан талай мәрте ұсыныс жасалуда. Араг ідік тілші қауымына жаны ашыған Парламент депутаттары да Үкіметтен қолдау сұрады. Бірақ әлі күнге мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламаларда журналистердің баспаналы болуына қатысты нақты жағдай жасалмай келетіні өкінішті. Журналист – қызмет бабында өміріне қауіп төнетін мамандық иесі. Журналистика – билік пен бұқараның арасындағы көпір. Қалың жұртты титықтатқан түйткілдер журналистердің араласуымен шешіліп жатады және солай болуға тиіс те. Алайда бұқараның зарын тыңдап, мүддесін қорғауға барын салатын тілші қауымының өз жағдайы мәз емес. Мәселен ешбір әлеуметтік жеңілдікті пайдалана алмайтын олардың жалақысы өз күшімен баспана сатып алуға немесе несиеге алуға жетпейді. Расында да, белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртазаның «Түйенің көтергені алтын, жегені жантақ» дегені  ақпарат саласында жүрген журналистерге де қаратып айтылғандай.   Динара Мыңжасарқызы