Nur Otan жанындағы кеңесте өңірлерде Отбасы істері басқармаларын құру ұсынылды
Nur Otan жанындағы кеңесте өңірлерде Отбасы істері басқармаларын құру ұсынылды
Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мектептер мен балабақшаларда тиісті жағдай жасау, кәмелетке толмағандарды буллингтен қорғау, суицидтің алдын алу және сайлауалды уәделерді орындау. Жол картасын іске асыру аясындағы осы және өзге де өзекті мәселелер «Nur Otan»-ның Отбасы, әйелдер және балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Елімізде ерекше білім берілуі керек 160 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала бар, оның 108 мыңы – қалада, 53 мыңы – ауылда. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, осындай балаларға еліміздегі балабақшалардың 60,8%-ында және мектептердің 79,4%-ында жағдай жасалған. 348 инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді, ерекше балалармен жұмыс істеу үшін 36 мыңнан астам педагог біліктілік арттырудан өткен.
Алайда, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Динара Закиева атап өткендей, білім беру мекемесінде инклюзияны қолдау кабинетін ашқанмен, ол жерде балаларға қаншалықты жағдай жасалып, кедергісіз орта құрылғандығына ешкім назар аудармайды.
«Біз осы жылы инклюзия жағдайлары жасалды деп Білім министрлігі ұсынған мекемелердің тізімін зерттедік. Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар бірнеше жылдан бері білім алып келе жатқан мектептер мен колледждер көрсетілген. Сонымен қатар, оларда биыл ешқандай педагогтарды қосымша оқыту және олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жүргізілмеген. Екіншіден, арнайы кабинеттер бұрын ашылған немесе енді ашылып жатқан мектептерде кедергісіз орта жасалмайды. Мысалы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 77 бала оқитын елордалық мектепте лифт жоқ, арбадағы балаларды бір қабаттан екіншісіне көтеріп апаруға тура келеді. Үшіншіден, тізімде тек 1-4 сынып аралығындағы балаларды қамтитын инклюзияны қолдау сыныптары жұмыс істейтін мектептер көрсетілген. 11-сыныпқа дейінгі балаларды оқыту үшін кадрлар даярлау қамтамасыз етілмеген», - деді Динара Закиева.
Бүгінде балалар суициді мәселесі де өте өткір болып тұр. Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаевтың айтуынша, осы жылдың 5 айында кәмелетке толмағандар арасында 84 өзін-өзі өлтіру және 164 соған әрекет жасау фактісі тіркелген.