Газ бағасын белгілеу. Президент Үкіметке 2 ай уақыт берді

Мемлекет басшысы газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте ішкі газ нарығындағы баға белгілеу ісін жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, өңірлерді жаппай газбен қамтамасыз ету – газ тұтыну көлемінің артуына әкеп соғады. Соңғы 5 жылда ішкі нарықтағы газ 40 пайызға, яғни 12 ден 17 миллиард текше метрге дейін артты. Осы ретте Қазақстандағы газдың бағасы ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгейде болып отыр.

– Бұған дейін өңірлер бойынша газ тарифын реттеу және халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын, сондай-ақ, жұмысы газ бағасына тікелей байланысты экономика салаларын жүйелі түрде қорғау мақсатымен баға белгілеудің түсінікті әрі жаңа ашық моделі қажет. Үкіметке 1 қыркүйекке дейін аталған мәселенің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент газ тасымалдау жүйесін жаңғырту үшін Үкімет пен «Самұрық-Қазына» әл ауқат қорына экспорттан, тіпті, жекешелендіруден түсетін табысты қоса алғанда, қосымша қаржыландыру көздерін қосуды тапсырды.

Back to top button