Қазақстанның жаһандық сыйлығы Иордания короліне табысталады
Қазақстанның жаһандық сыйлығы Иордания короліне табысталады
Қашан да игі бастамалардың көшбасшысы ретінде танылған Қазақстан Республикасының Президенті тағы бір жағымды жаңалықтың жаршысына айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының ядролық қарудан бас тартуды қолдауының өзі қазақ елінің әлем алдындағы абырой-беделін асқақтатты десек артық айтқандық емес. Ал жақында ғана шет мемлекеттердің жаңа елшілерінен сенім грамоталарын қабылдаған Елбасы Н.Назарбаев «Ядролық қарусыздану мен жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін» атты халықаралық сыйлық тағайындағанын жария етті.
«Осы ретте біз жаңа бастама көтердік. Аталған сыйлықтың алғашқы лауреаты болып Иордания королі ІІ Абдалла таңдалды. Бұдан кейін арнаулы комитет құрылып, оның шешімімен сыйлық жыл сайын Семей полигонының жабылған күні – 29 тамызда тапсырылатын болады. Себебі 29 тамыз әлемде «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» ретінде атап өтіледі», – деді Елбасы. Ол дәл осы сыйлықты беру жөніндегі арнайы комитет құрылатынынан да құлағдар етті. Оған отандық және шетелдік белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері, маман-сарапшылар кірмекші.
Халықаралық сыйлық тағайындауды биыл өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық антиядролық форумының қатысушылары ұсынған еді. Олар Қазақстан көшбасшысының жаһандық ядролық қарусыздану ісіне сіңірген өлшеусіз еңбегін ескере отырып, Нобель сыйлығы секілді «Назарбаев сыйлығының» болуы да заңдылық екенін айтқан болатын.
Кезінде КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында Семей полигонын ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілген. Айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жеткен екен. Ал полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп.
Семейде жүргізілген алғашқы ядролық сынақтан кейін-ақ осы өңір халқының арасында түрлі аурулар көбейе бастағаны белгілі. Әсіресе, қатерлі ісіктерге ұшыраған науқастардың саны үш есеге артты. Туылған нәрестелер жетілмей, дүниеге әр түрлі кемістігі бар сәбилер келе бастады. Адамдарды айтпағанда, егін егіп отырған алқаптардың барлығы да уланды. Жер құнарсызданып, оның құрамында темір, мыс, магний сынды металдардың мөлшері артты. Ал 1989 жылы белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған «Невада – Семей» қозғалысы ядролық сынаққа қарсы алғашқы митингісін өткізген соң ядролық сынақтардың саны азая бастады. Кейін 1991 жылдың 28 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарып, осылайша қазақ елі атом бомбасынан бір жола бас тартқан болатын. Президенттің осы әрекетінен кейін Ресей мен АҚШ-тағы және Франциядағы ядролық сынақ алаңдарында да жарылыстар тоқтатылды. Қазақстан Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап адамзат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды. Семей сынақ алаңы жабылған 29 тамыз – БҰҰ-ның қарарымен «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» ретінде жарияланды.
Ал Елбасының авторлығымен шыққан «Манифест – «Әлем. ХХІ ғасыр» атты құжаттық актіде адамзат үшін жаһандық соғыс және бейбітшілік мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымы туралы, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық ядролық қарудан арылмаған жағдайда ядролық апокалипсистің қаупі хақында баяндалғаны белгілі. Қол жеткізілген келісім нәтижесінде, Манифест барлық мүше мемлекеттерге қолжетімді түрде БҰҰ Хатшылығының электрондық жүйесінде ресми құжат ретінде орналастырылды.
Бүгінде елордамыз – Астана қаласы халқымыздың тарихындағы жаңа қоғам мен биік белестерді бағындыруға жол ашқан һәм маңызды басқосулар мен алқалы отырыстардың жиі өтетін алаңқайына айналды. Ал «Ядролық қарусыздану мен жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін» атты халықаралық сыйлықты алғашқы лауреат Иордания королі ІІ Абдаллаға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қараша айында Астанада өтетін бейбітшілік саммиті барысында табыс етпек.
Бүгінде еліміздегі қоғам қайраткерлері мен бірлестік өкілдері бұл бастаманы бірауыздан қолдайтындығын қуана білдіруде.
Әділ Ахметов, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Елбасының сындарлы саясатынан туындаған антиядролық бұл қадамның ешқашан мәнін жоймайтынына сенім мол. Өйткені ядролық лаңкестік қаупі белең алып тұрған мына алмағайып заманда әрі планета бетінде жинақталған ядролық зымырандар жүйесінің жалпы санының 8400-ге жеткенін былай қойғанда, тек бейбіт атом аясында электр қуатын өндіретін реакторлардың санының өзі де бұл күнде 440-тан асып, таяу жылдары одан бетер көбейетіні көрініп тұр. Оның үстіне техногендік немесе табиғи себептердің салдарынан жарылған Чернобыль және Фукусима секілді атом электр стансаларынан тараған радиация салдары бүкіл әлемнің төбе шашын тік тұрғызып, әлі алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар, бейбіт атом объектілері мен олардан шығатын мыңдаған тонна ядролық улы қалдықтардың өздері де лаңкестердің қолына түссе, әлем қауіпсіздігіне төніп тұрған айбалта екені дау тудырмайтын шындық. Жалмауызға да жан керек демекші, әлгі қатерлердің алдын алмаса, істің мүлде насырға шабатынын ядролық алпауыттардың өздері де терең сезініп, кейінгі кезде жиі-жиі бас қосып, төніп келе жатқан ядролық лаңкестіктің жолын кесетін шаралар қабылдауға мәжбүр болып отыр. Осы айтылғанның дәлеліндей, 2010 жылы кейінгі 65 жылдың ішіндегі ядролық қауіпсіздікке бағышталған ең ірі жаһандық саммит Вашингтонда өткізілген еді. Оған әлемнің 47 мемлекетінің басшылары мен БҰҰ, МАГАТЭ және Еуропа Одағы сынды үш халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысып, күн тәртібіне енгізілген атом қаруының лаңкестердің қолына түсіп кету қаупін болдырмау және ядролық материалдарды сақтау туралы маңызды мәселелерді талқылаған болатын. Бұл саммитке Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обаманың арнайы шақыруымен келіп, саммит мінберіне бірінші болып көтеріліп, ядролық отын банкін құру, ядролық материалдарды сақтау және ядролық қаруларды таратпау жөніндегі бұрын қабылданған келісімді қайта қарап, түзетулер енгізу қажеттігі туралы сындарлы пікірлерін ортаға салды.
Бұл жай ғана ерлік емес, бүкіл әлемнің санасын селт еткізіп, кілт өзгерткен, еліміз бен Елбасының халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқан және өзге мемлекеттердің ядролық сынақ полигондарының бірінен соң бірінің жабылуына тікелей ықпал еткен, күллі адамзат мүддесінен шығып, әлем қауымдастығынан жаппай қолдау тапқан, үлгі боларлық айбынды ерлік болатын. Ал Елбасының «Ядролық қарусыздану мен жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін» атты халықаралық сыйлық тағайындауы Қазақстанның антиядролық қозғалыстың басында келе жатқан мемлекет екенін айғақтайды.
Сайлау Байзақов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
– Қазақстан Президентінің ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін сыйлығын тағайындауы Елбасының планетаны ядролық қарудан азат ету жөніндегі орасан жұмысының жалғасы болып отыр. Семей ядролық полигонын жабу, ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту адамзаттың халықаралық саясаттағы жаңа биік моральдық стандартына айналды.
Біздің Елбасы 2016 жылғы 29 тамыздағы «Ядролық қарусыз әлем құру» атты конференцияда жасаған баяндамасында ядролық қарулану жарысының салдарын айқындап берді. Планетаның болашағына алаңдайтын адам ретінде бұл зұлымдық ешкімге пайда әкелмейтінін айтты. Мұндай ауқымдағы іс-шара әлемнің барлық алаңдарында өтуі тиіс деп есептейміз. БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдады. Қазақстан осы сыйлықтың толық құқылы құрылтайшысы, ал оны тағайындау адамдардың ХХІ ғасырда қауіпсіз және әділ әлем тәртібін орнатуға деген талпынысын жаһандық ынталандыру болады. Сыйлық жыл сайын 29 тамызда, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні тапсырылатын болады. Және де Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жаһандық қоғамдастықты келісімге және ядролық қарусыз әлем құруға шақыратынына аса қуанышты.
Ал Абдалла ІІ – күмәнсіз лайықты таңдау. Қазақстанның досы, мемлекеттік қайраткер, оның елі қақтығыстар белең алып жатқан Таяу Шығыстағы тұрақтылықтың аралы болып отыр. Сондықтан осы халықаралық сыйлықты тағайындау Қазақстанның Таяу Шығысты реттеуге қосқан үлесі болып саналады.
Динара Мыңжасарқызы