Жастарға берілген сайлауалды уәделердің орындалуы «Nur Otan» бақылауында

 «Өзгерістер жолы: Әр адамға лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының іске асырылуын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету бойынша «Nur Otan» партиясының Лидері Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасын орындау шеңберінде Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері елордалық жол картасының нақты тармақтарының орындалу барысымен танысты.

Атап айтқанда, Кеңес мүшелері – Парламент Мәжілісі «Nur Otan» фракциясының депутаттары, қоғам белсенділері мен жастар ұйымдарының көшбасшылары «Жастар» сарайында күрделі жөндеу жүргізу барысын тексеріп, әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысымен танысты.

Бірінші нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілетін «Жастар» сарайы болды. 47 жыл бұрын салынған көпфункционалды кешенде күрделі жөндеу алғаш рет жүргізілуде. Айта кету керек, «Жастар – Отанға!» бағдарламасының жол картасы аясында аталған ғимарат базасында «Жастар үйі» ашылады. Осылайша, елордада өзіндік шығармашылық хабқа айналатын креативті жастар кластерінің жаңа аймағы құрылады.

whatsapp image 2021 06 17 at 16.12.28 1

Бұдан кейін, Кеңес мүшелері 238 пәтерден тұратын көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылыс нысанын аралады. Аталған пәтерлер елорданың әлеуметтік осал топтағы азаматтарына «Отбасы банкінің» кредиттік бағдарламасы бойынша үлестірілетін болады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов:

 «Жастар» сарайының жөндеу жұмыстары көп сұрақтар мен күмән тудырады. Біріншіден, құрылыс жұмыстары басталғаннан бері, жобаны аяқтау мерзімі үш рет кейінге шегерілген. Екіншіден, бас мердігер тарапынан немқұрайдылық бар, объектіде 150 жұмысшының орнына 50 адам ғана жұмыс істеуде. Үшіншіден, құрылыс материалдарының сапасы төмен, нысанда қауіпсіздік техникасы мүлде сақталмаған. Бөлінген қаражаттың барлығы біздің азаматтарымыздың салығы екенін ұмытпауымыз керек. Осы қаржыға 600 орындық екі мектеп салуға болады» , – деп атап өтті.

Сондай-ақ, өз сөзінде депутат «Салынған әлеуметтік тұрғын үйдің сапасына көңіл толмаушылық бар. Жаңа салынған нысанның қабырғаларына сызат түскен, сылақтары құлап, есіктің жақтаулары түсіп жатыр. Егер еліміздің бас қаласында  осылай болса, онда басқа аймақтарда не болғаны? Жоба наурыз айында аяқталғанымен,  әлі күнге дейін елорда әкімдігінің балансына өтпеген. Өкінішке орай, мониторинг жүргізу кезінде жергілікті атқарушы билік өкілдері депутаттардың сұрақтарына мардымды жауап бермеді, толық ақпарат ұсына алмады. Бұл олардың өз жұмысына жауапсыз қарауын көрсетеді» ,- деп тоқталды.

whatsapp image 2021 06 17 at 16.12.27

«Қазақстан жастарының Конгресі» ЗТБ атқарушы директоры, Кеңес мүшесі Тоқтар Болысов атқарушы билік өкілінің назарын жұмысты сапалы әрі уақытылы орындаудың маңыздылығына аударды:

«Құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, салынып жатқан үйлердің сапасына ерекше назар аудару өте маңызды. Сонымен қатар, құрылыс кезінде әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету объектілері үшін де мүмкіндік қарастыру қажет. Жобаның стратегиялық маңызы бар, салынып жатқан тұрғын үй мыңдаған мұқтаж адамдарды қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Республикалық қоғамдық кеңес құрамы 28 адамнан, атап айтқанда Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары, партияның белсенді мүшелері, жастар ұйымдары өкілдері, сарапшылар, праймериз қатысушылары мен жеңімпаздары және партияның кадрлық резерві мүшелерінен тұрады. Сонымен қатар, өңірлерде де 216 аймақтық жастар кеңесі құрылып, жергілікті жастар мәселелері бойынша жұмыс жасайды.

Back to top button