Күз – келелі мәселелерді шешер кез
Күз – келелі мәселелерді шешер кез
Апта басында Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің селекторлық режимдегі кезекті отырысы болып өтті. Министрлердің кезекті басқосуында ҚР Үкіметі мүшелері отандық мұнай сервисін дамыту бойынша атқарылып жатқан шаралар жайын, жекешелендіру, мүлікті жария ету бойынша акцияларды өткізу барысын талқылап, сонымен қатар, республика бойынша астық жинау жұмыстарын қорытындылады.
Жиында сөз алған ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай бағасының төмендеуі Қазақстанның мұнай-сервистік нарығына кері әсерін тигізгендігін сөз етті. Оның сөзінше, мұнай-сервистік сектордың дамуы мұнай өндіру саласының даму қарқынына тікелей тәуелді. Министрдің xабарлауынша, ең төмен көрсеткіш бұрғылау, геофизика мен құрылыс салаларында байқалып отыр. Мысалы, мұнай сервисінің жалпы көлемінің отыз екі пайызын алатын және саланың негізгі драйвері ретінде есептелетін «бұрғылау» сегментінде жұмыс көлемінің ең үлкен төмендеуі байқалды. Бұрғылау көлемдері үш есе қысқарған. 2013-ші жылы 1865 ұңғыма болса, биыл 663 ұңғыма пайдалануға беріледі. Сонымен қатар бұрғылау жұмыстарында қазақстандық компаниялардың үлесі 56 пайызды ғана құрайды.
– Энергетика министрлігі осы өндірістің күрделі жағдайын түзеу үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізіп отыр. Министрлік үш ірі оператормен бірлесіп, талдау жасап, аса қажетті және Қазақстанда дамытуға тиімді болатын тауарлар мен қызметтердің ТОП-10 тізбесін жасады. Үздік ондық – бұл электр жабдығы, фланецтер, айналатын жабдықтар, шегендеу құбырлары, магистральді құбыр жүйелері, жылу алмастырғыштар, сұйыққоймалар, химиялық реагенттер. Осы бастаманың шегінде модульдар, темір конструкциялар, фланец пен фитинг шығаратын, машина жасау саласындағы жабдықтарды жөндейтін және басқа да кәсіпорындар құрылды. Мысалы, биыл шілде айында «Тэнарис» компаниясының Ақтау қаласында құбырларға арналған премиум класындағы бұрандалы қосылыстарды жасайтын зауыты ашылған, – деп атап өтті Қ. Бозымбаев.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда елімізде екі мыңнан астам мұнай-сервистік компаниялар бар, қызметкерлердің жалпы саны 169 мың. Оған жер қойнауын пайдалану саласындағы 150 компанияның 76 мың қызметкерін қосуға болады. Бұған қоса, ҚР энергетика министрі ҚР Үкіметінің отырысы кезінде елімізде қабылданып жатқан салық жүктемесін төмендету бойынша бірқатар шаралар мұнай сервисін одан әрі дамытуға ықпал ететінін айтты.
Жиын барысында Қазақстанның мұнай секторында жұмысшыларды қысқартпау туралы меморандумдардың кейбірі орындалмай отырғандығы да айтылды. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бұл мәселеге қатысты барлығы 19 мыңнан астам меморандум жасалғандығын, бірақ іс жүзінде жағдайдың басқаша сипат алып отырғандығын айтты.
– Біз меморандумдарға қол қойғанда, басшылық алдында біз қандай керемет екенімізді көрсетіп, «меморандумдарға қол қойдық, бізде барлығы жақсы» деп есеп береміз. Қазір біз өз материалдарымыздан көріп отырғанымыздай, кейбір меморандумдардың талаптары орындалмай отыр. Мақтан тұтқан, керемет есептерің қайда қазір? ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Қасымқызы, келесі жолы мұндай «даңғаза» меморандумдар болмау үшін, қандай министрліктерде, қай өңірлерде бұл меморандумдар атқарылмай отыр, соны қарау керек. Біз бос сөз үшін меморандум жасап отырғанымыз жоқ. Екі тарап жұмысшылар қысқармайды деп келісті. Егер түйткіл шықса, әкімдер мен министрліктер бірлесіп қарасын, – деді Үкімет басшысы.
Мүлікті жария ету науқанының есебі жария етілді
Жекешелендірудің екінші толқыны басталғалы бері 315 нысан сатылған, одан мемлекетке 86 млрд теңге түсті. Десе де, әлі сатылмай тұрған 200 нысан бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың «өтпей» тұруының өзіндік себептері бар. Ең басты себеп жекешелендіруге ұсынылған объектілер тізімінде ешкімнің қызығушылығын тудыра қоймайтын, тартымдылығы төмен нысандар баршылық. Қазіргі жекешелендіру барысы және ірі ұлттық компанияларды қор нарығына шығару бойынша жоспарлары туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өткен жылдың желтоқсан айында 2016-2020 жылдарға арналған жаңа Кешенді жекешелендіру жоспары қабылданғанын және мемлекеттік жеке меншіктің ірі нысандары мен квазимемлекеттік сектордың жеке меншігін қамтитын 783 ұйымнан тұратын тізім анықталғанын айтты. Бұған қоса, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның 173 нысаны қамтылған тізім белгіленген. Келесі жылы Кешенді жоспарға сәйкес кемінде 7 ірі ұлттық компания IPO-ға шығарылмақ. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз» ҰК», «Қазақстан темір жолы», «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Қазпошта», «Тау-Кен Самрұқ» пен «Самрұқ-Энерго» бар. Ал еліміздегі жария етілген мүлік сомасы 14 миллиард АҚШ долларынан асқан. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бүгінгі таңда еліміз бойынша мүлікті жария етуге мәлімделген сома 3 трлн теңгеге жетіп отыр. Олардың 2,7 трлн теңгесі жария етілген. Оның ішінде 858,4 млрд теңгеге мүлік, 1 млрд 869,7 теңгеге ақшалай қаражат жарияланған. Осы ретте министр науқан басталмай тұрып, ақшаны қоса алғанда жария етілетін мүліктің сомасы 10-12 миллиард АҚШ доллардай болатындығын мәлімдегендіктерін еске салып өтті. Оның айтуынша, бұрын өткізілген капиталға рақымшылық жасаудың тәжірибесінде науқанның соңғы 2-3 айларында жария етілген қаражаттардың ең көп үлесі келіп түскені байқалған. Мысалы, 2006-2007 жылдарда өткізілген науқанда барлық заңдастырылған ақша қаражатының 75 пайызы соңғы тоқсанында түскен. – Осыған орай, біз жылдың соңына дейін жария етілетін капиталдың сомасы айтарлықтай өседі деп күтеміз. Біз азаматтардың белсенділігін байқап отырмыз. Сонымен, егер өткен жылы банк шоттарына салынған ақшаның орташа айлық мөлшері 6,3 млрд теңгені құраса, ол ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында 250 млрд теңгені құрап отыр. Тек қазанның басынан банк шоттарына 56 млрд теңге аударылды. Жария ету үшін барлығы 4 201 арнайы банктік шот ашылған,– деді Бақыт Сұлтанов. Мүлікті жария ету бойынша, Қостанай облысында, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында айтарлықтай оң өсу қарқыны байқалса, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар облыстарында жария ету қарқыны төмен деңгейді көрсетіп отыр. Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Б.Сұлтанов әлі күнге дейін комиссиялардың өтініштерді уақтылы қарауы өзекті мәселе болып отырғанын айтты. Сонымен қатар министр науқанның қарқынды жүруін кідіртіп отырған бірнеше факторды тілге тиек етті. Оның сөзінше, қазір де азаматтардың Қазақстаннан тысқары орналасқан мүліктерін қадағалауға мүмкіндік беретін механизмдер бар. – Шетелдегі капиталды декларациялау туралы Салық кодексінің қолданыстағы нормалары жойылған жоқ. Қазіргі уақытта, біз 712 азаматтың түрлі валютада қаражаттарын шет елдердің банктерінде сақтап отырғанын көріп отырмыз. Сонымен, егер тек кең таралған үш валютаға тоқталсақ, 517 млн долларды 240 азамат, 30 млн евроны 237 азамат және 23 млн фунт стерлингті 123 азамат декларациялаған. Бұл азаматтар Салық кодексінің нормаларын орындап отыр, – деді министр.Еркежан ЖҰМАТАЙ
Астана қаласы