Тіл тағдыры үшін күрескен ақын

Тіл тағдыры үшін күрескен ақын

Тіл тағдыры үшін күрескен ақын
ашық дереккөзі

1904 жылы әдебиет саласындағы Нобель сый­лығы қа­тары­нан екі бірдей қаламгерге бұйыр­ды. Про­ван­сал­дық ақын Фредерик Мистраль мен испан дра­матургі Хосе Эче­гарай-и-Эйсагирре аузын айға білеген талай мықты қаламгерлерді таң­ғалдырып, қошеметке бөленді. Әуелі біз Франция мемлекетінің аты­нан әлемге әйгілі мара­патты қанжығасына байлаған Фредрик Мистральдың өмірі мен шығармашылығына тоқ­талып, білетін дерегімізді оқырманға бөлісіп, ойы­мызды ортаға салғанды жөн сана­дық. Әдебиет тарихында Нобель сыйлығын иеленген Мистраль есім­ді екі қаламгер бар. Біріншісі 1904 жылы осы сыйлықты ен­шілеген Фредерик Мистраль болса, екін­шісі Латын Амери­ка­сының ақыны Габриэла Мистраль есімді әйел 1945 жылы атағы жер жарып тұрған марапатты иеле­ніп, айды аспаннан бір-ақ шы­ғар­ды. Кейде оқырманның осы екі Нобель сыйлығының лауреатын ша­тастырып жата­тын кездері бар.

Сонымен, Нобель сый­лы­ғы­ның 1904 жылғы лауреат­тары­ның бірі – провансалдық ақын Фре­дерик Мистраль туралы әңгіме ай­тудың да реті келіп қалды. 1830 жы­лы туған ақын 1914 жылы 84 жа­­сында Францияның шет айма­ғын­дағы Майан қаласында дүние салды. Туған халқының азаттығы үшін күрескен ақын өмірінің соңғы 30 жылында жұмыс істеген үйінің ал­дына орнатылған ескерткіш тақ­тада «Біз үшін Мистральдың есімін айту, Гомердің атын айтқанмен бір­дей» деген сөздер мәңгі қонақтап қал­ған. Әрине, ақын тұрған үйге ба­рып, мұндай сөздерді ең алғаш оқы­ған адамның көкейінде, әлем­дік поэзияның алыбы Гомермен са­лыстыратындай Мистральдың сіңірген қандай еңбегі бар деген заң­ды сауал туындауы мұмкін. Бү­кіл өмірін Мистраль Францияның оң­түстігіндегі Провансал айма­ғын­да өткізді. Ақын мекендеген өңірдің тарихы ежелгі гректердің Массалия, қазіргі Марсель қаласының негізін қа­лаған б.д.д. VІ ғасырдан бас­тала­ды. Бұл күндері ол өндірісі дамы­ған, ауыл шаруашылығы өркен­де­ген, Жерорта теңінің жағалауында тамаша шипажайлары бар Фран­ция­дағы халық көп шоғырланған өңір­лердің бірі. Елдің бұл бөлігінде орналасқан қалалар мен ауылдар­дың бәрінде де Фредрик Мистраль­дың есімімен аталатын көшелер жиі ұшырап, көзге оттай басылады. Міне, осыдан-ақ атақты ақынның елі­не сіңірген үлкен еңбегі, отан­дас­тары, жерлестері алдында зор бе­де­лі болғаны айдан анық байқалады. Жа­лынды жырларымен әлемді та­бындыра алмаса да, аттай бір ғасыр өт­кеніне қарамастан Мистраль есі­мінің ұмытылмай, өз Отанында ерек­ше құрметпен аталып келе жатуының басты себебі неде? Жұрт­тың көбі біле бермейтін күр­меуі күрделі сауалға жауап беру үшін, Мистраль феноменін туғыз­ған топырақтың тарихын есімізге тү­сіруге тура келеді. Ақын өмірге келген Провансал аймағы Х-ХV ғасырларда Рим им­пе­рия­сының графтығы болып та­былып, 1481 жылы Францияға қо­сылып, 1790 жылға дейін француз про­винциясы дәрежесін иеленіп тұрды. Ықылым заманнан бастап, Қайта Өрлеу дәуіріне дейін, соғыс оты мен жер таласының ортасында қа­лып, бөтен елдің мәдениеті мен дәс­түрі орнатылғанына қарамастан Про­ванс өзінің бірегей мәдениетін сақ­тап қала алды. Дегенмен, папа­ның бастамасымен болған Про­ванс­ты күйрету мен тонаушылыққа ұшы­ратқан Солтүстік рыцарлары­ның альбигойліктерге қарсы жо­рық­тары провансал тілі біріктіріп тұр­ған аймақты қатты күйретіп, күй­зеліске ұшыратты. Үштен екі бө­лігі латын сөздерінен тұратын про­­вансал тілінің көптеген диа­лек­тісі, нәзік интонациялық ерек­ше­лік­тері оған қайталанбас сұлулық сипат беретін. Бірақ уақыт өте келе тіл дөрекіленіп, лексикалық және грам­матикалық сипатын жоя бас­та­ды. Ежелгі жергілікті ұғымдардың жо­ғалуымен, дәстүрлі мерекелер, ас­паздық мәзірлер, бидің жорал­ғы­лық белгілері, ұлттық кәсіп те бір­жо­лата ұмытылды. Провансалдық­тар­дың өмірлік салт ерекшелігінің құл­дырауы бірте-бірте тіл диалек­тісі­нің, тұтастай алғанда әдебиет пен поэзияның құлдырауына әкел­ді. Міне, осындай қиын-қыстау өліа­ра кезеңде күтпеген жерден әде­биеттің күрт өрлеу дәуірі белең ал­ды. Прованстың әр түрлі ай­мақ­тарындағы Жасмин, Дьюлуфе, Ас­т­рос секілді ақындардың жыр­ла­ры халықтың рухын оятып, санасында сілкініс туғызды. Халықтың ежелгі бабаларының тіліне, ортақ тамырға қайтып оралу қажеттілігін жұрт те­рең түсіне бастады. Өз өлкесін сақ­тап қалу және жаңарту идея­сы­мен «ауырған» ақындар мен мүддесі ор­тақ бірнеше адам одақ құрып, оны «фелибр» деп атады. Жеті мү­ше­сі бар осы топтың ішінде ақын Фре­дерик Мистраль да болды. Фе­лебристердің мақсаты әдебиетті та­рату немесе тілді сақтап қалуы­мен ғана шектелген жоқ. Олар бірегей мәдениетті сақтап қалу үшін ұлттық сана-сезімді оятуға ша­қырды. Жетеудің одағы бірте-бір­те негізінде «барлық оңтүстік Фран­цияның тілін, әдет-ғұрпын, ұлт­тық ар-абыройын және ақыл-ой мен эстетика саласындағы» қағи­даты жатқан, жарғысы бар, ұйымға айналды. Қозғалыстың жігерлі ұйымдастырушыларының бірі Фредерик Мистраль болды. Фредерик Мистраль ақын жә­не жазушы ретінде қа­лып­таса бастаған кезеңде жағдай өте қиын еді. 1854 жылдан бастап ай­мақтық тілдерді жою тен­ден­ция­сы белең алып, 1864 жылы Прованс университетінің инспекторлары білім министрінен «қарапайым адам­дардың тілін» толық жоюға бай­ланысты қатаң шаралар қол­дану туралы бұйрық алды. Егер мек­теп, университет және басқа да бі­лім мекемелерінің оқушылары про­ванс тілінде сөйлесе, аяусыз жа­заланды. Фредерик Мистраль 1830 жыл­дың 8 қыркүйегінде Майа­­на маңындағы Судейск ауы­лын­да дүниеге келді. Балалық шағы Фран­цияның шеткі түкпіріндегі табиғаты әсем өлкесінде өтті. Төбе­нің бөктерінде жүзім алқабы жай­қа­лып, әдемі тоғай шуылдап жата­тын. Ертегілерге, аңыздарға, халық­тық қиссаларға бай болған ауыл өмірін жексенбіде би мен сауық-сайран жандандырып жіберетін. Кішкентай Мистральдың болашақ поэмаларының кейіпкерлері де осы өңірде өмір сүрді. Ауыл мектебін тә­мамдаған соң Мистраль Авиньон кол­леджіне оқуға түсіп, болашақ ақын­ның сөз өнеріне деген құш­тар­лығы оянады. Білімді де, данышпан ұстазы Руманилдің арқасында ол көп дүниені көңіліне тоқыды. Әде­би тәжірибе алудан бөлек Мист­раль­дың ақындық таланты мойын­дала­ды, өз Отанын сүйетін, туған өл­кесінің табиғатын, провансал ті­лін қайта тірілткісі келетін азамат ре­тіндегі көзқарасы қалыптасты. Жас­тық шағындағы идеалдарына ақын көзі жұмылғанша сенімді бо­лып қалды. Заңгер мамандығын алып шыққанымен, Мистраль өз бо­лашағының әдебиетте екенін жақ­сы түсінді, «прованс тілінің құ­діретті отын жаққысы келген» идея­сы қатты еліктірген ақын «Ми­рей» поэмасын жазуға білек сыбана кірісіп кетті. Бүгінгі заманғы Пар­нас, оның табиғаты, адамдар мен мі­нездері, елдің өткен тарихы поэ­мада өте бай да, шұрайлы тілмен әде­мі кестеленген. Поэманың бірін­ші планында – ғашық жұптар – Вин­сен мен Мирей. Олардың ата-ана­лары балаларының некелесуіне үзіл­ді-кесілді қарсы. Бас кейіп­кер­дің аянышты өлімі белгілі бір жағ­дайда бүкіл поэманы жандандыра түседі. Туынды қалалық әдепсіз­дігі­нен ада, мөлдір тазалығымен адам­ды өзіне тарта түседі. Поэма 1859 жылы жарық көріп, кейін, Шарль Гуно «Мирей» сюжетіне арнап Ми­шеля Карренің либреттосы бойын­ша опера жазды. Болашақ Нобель сый­лығы лауреатының бала күні­нен бергі темірқазық жұлдызы бол­ған Гомер мен Вергилилерге елік­теп Мистраль Прованстың ұлт­тық эпосын жазып шықты. Швед академиясы ақын еңбегін жоғары бағалып, Фредерик Мистраль мен Испанияның драматургі Эчегарай-и-Эйсагирре, Хосе екеуіне 1904 жы­лы Нобель сыйлығын берді. Міне, осы оқиғадан кейін, про­ванс тіліне деген жұрт­тың қатты қызығушылығы оянды. Еу­ропаның орталық универси­тет­терінде, оның ішінде Петерборда да фе­лебриж шеберлерінің шығар­ма­шы­лығын зерттеу бойынша кафед­ра­лар құрылып, ақын атындағы сый­лық тағайындалды, ең бастысы, мем­лекеттік болып саналмайтын, ша­ғын елдердің тіліне де қоғамның на­зары ауды. Мистраль бүкіл Фран­цияда тек қана француз тілі үстем­дік етіп тұрған мемлекетік саясат жағ­дайында да өз ана тіліңнің ке­ле­шегі үшін күресуге болатынын ай­дай әлемге дәлелдеді. Кейін Мистраль­дың «Алтын аралдар», «Роно туралы поэма», Каленау», «Нер­то», «Патшайым Жанна» др­а­ма­сы және басқа да туындыларды жаз­ды. Бірақ «Мирей» поэмасы ақын шығармашылығының шыңы бо­лып қалды. Мистральдың прозалық туын­дылары да бар. Но­бель сыйлығын алғаннан кейін оның «Мемуарлары мен очерктері» ж­арық көрді. 1886 жылы «Фелеб­риж­дің қазынасы» атты сөздігін жа­рыққа шығару арқылы Мистраль «фелибриж» ісінің өркендеуіне зор үлес қосты. Француз тіліне тәржіма­лан­ған провансал тілінің сөздері­нен бөлек бұл сөздікте көптеген ма­қал-мәтел, қанатты сөздер, тақ­пақтар, халық әндері, географиялық атаулар, биографиялық, тарихи мәліметтер және тағы да басқа дү­ниелер болды. Сөздікті тірнектеп жинауға ақынның 28 жыл уақыты кетті. Бұл еңбегі арқылы Мис­тарль­дың ұлы ақын мен филолог ретін­дегі есімі өз халқының тарихында мәң­гі жазылып қалды. Галло-роман ау­мағындағы оңтүстік диалекті­лер­ді зерттеу жөнінде базалық еңбек құрылды. Фредерик Мистральға Но­бель сыйлығын беріп жатып Швед академиясы «өз халқының ру­хани табиғатын шыншыл етіп су­реттеген оның ақындық туынды­лары­ның таза сонылығы мен шы­найылығын, сондай-ақ, прованс фи­лологиясы жөніндегі ғылыми ең­бектерін атап өткен» болатын. Фелебризм идеясының май­талман қайраткері, осы қоз­ғалыстың ұйымдастырушысы мен 1876 жылдан бастап, бүкіл Про­ванста тарыдай шашыраған фе­либрдің көптеген бөлімін бас­қарған конситория төрағасының арқасында – Арледе провансалдар этнографиясы мен фольклорының музейі құрылды. Мистраль бұл му­зейге Нобель сыйлығынан алған ақ­шасын ғана беріп қоймай, бұл іске өзінің жанын салып кірісіп, аян­бай еңбек етті. 1909 жылы «Ми­рей» поэмасының 50 жылдығына орай, келушілер үшін музей өз есі­гін айқара ашты. Ақын ескерт­кі­ші­нің ашылу салтанаты да сол кезде өтті. Айтқан бетінен қайтпайтын ро­мантик Мистраль провансал­дық­тардың тәуелсіздікке қол жеткізіп, шашып алмай, ана тілінің байлы­ғын сақтап қалатынына шын жүре­г­імен сенді. Расында да, бүгінде про­вансал тілінде өлеңдер жазы­лып, тіл өмір сүріп жатыр.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ