Тіл тағдыры үшін күрескен ақын
Тіл тағдыры үшін күрескен ақын
1904 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы қатарынан екі бірдей қаламгерге бұйырды. Провансалдық ақын Фредерик Мистраль мен испан драматургі Хосе Эчегарай-и-Эйсагирре аузын айға білеген талай мықты қаламгерлерді таңғалдырып, қошеметке бөленді. Әуелі біз Франция мемлекетінің атынан әлемге әйгілі марапатты қанжығасына байлаған Фредрик Мистральдың өмірі мен шығармашылығына тоқталып, білетін дерегімізді оқырманға бөлісіп, ойымызды ортаға салғанды жөн санадық. Әдебиет тарихында Нобель сыйлығын иеленген Мистраль есімді екі қаламгер бар. Біріншісі 1904 жылы осы сыйлықты еншілеген Фредерик Мистраль болса, екіншісі Латын Америкасының ақыны Габриэла Мистраль есімді әйел 1945 жылы атағы жер жарып тұрған марапатты иеленіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Кейде оқырманның осы екі Нобель сыйлығының лауреатын шатастырып жататын кездері бар.
Сонымен, Нобель сыйлығының 1904 жылғы лауреаттарының бірі – провансалдық ақын Фредерик Мистраль туралы әңгіме айтудың да реті келіп қалды. 1830 жылы туған ақын 1914 жылы 84 жасында Францияның шет аймағындағы Майан қаласында дүние салды. Туған халқының азаттығы үшін күрескен ақын өмірінің соңғы 30 жылында жұмыс істеген үйінің алдына орнатылған ескерткіш тақтада «Біз үшін Мистральдың есімін айту, Гомердің атын айтқанмен бірдей» деген сөздер мәңгі қонақтап қалған. Әрине, ақын тұрған үйге барып, мұндай сөздерді ең алғаш оқыған адамның көкейінде, әлемдік поэзияның алыбы Гомермен салыстыратындай Мистральдың сіңірген қандай еңбегі бар деген заңды сауал туындауы мұмкін. Бүкіл өмірін Мистраль Францияның оңтүстігіндегі Провансал аймағында өткізді. Ақын мекендеген өңірдің тарихы ежелгі гректердің Массалия, қазіргі Марсель қаласының негізін қалаған б.д.д. VІ ғасырдан басталады. Бұл күндері ол өндірісі дамыған, ауыл шаруашылығы өркендеген, Жерорта теңінің жағалауында тамаша шипажайлары бар Франциядағы халық көп шоғырланған өңірлердің бірі. Елдің бұл бөлігінде орналасқан қалалар мен ауылдардың бәрінде де Фредрик Мистральдың есімімен аталатын көшелер жиі ұшырап, көзге оттай басылады. Міне, осыдан-ақ атақты ақынның еліне сіңірген үлкен еңбегі, отандастары, жерлестері алдында зор беделі болғаны айдан анық байқалады. Жалынды жырларымен әлемді табындыра алмаса да, аттай бір ғасыр өткеніне қарамастан Мистраль есімінің ұмытылмай, өз Отанында ерекше құрметпен аталып келе жатуының басты себебі неде? Жұрттың көбі біле бермейтін күрмеуі күрделі сауалға жауап беру үшін, Мистраль феноменін туғызған топырақтың тарихын есімізге түсіруге тура келеді.
Ақын өмірге келген Провансал аймағы Х-ХV ғасырларда Рим империясының графтығы болып табылып, 1481 жылы Францияға қосылып, 1790 жылға дейін француз провинциясы дәрежесін иеленіп тұрды. Ықылым заманнан бастап, Қайта Өрлеу дәуіріне дейін, соғыс оты мен жер таласының ортасында қалып, бөтен елдің мәдениеті мен дәстүрі орнатылғанына қарамастан Прованс өзінің бірегей мәдениетін сақтап қала алды. Дегенмен, папаның бастамасымен болған Провансты күйрету мен тонаушылыққа ұшыратқан Солтүстік рыцарларының альбигойліктерге қарсы жорықтары провансал тілі біріктіріп тұрған аймақты қатты күйретіп, күйзеліске ұшыратты. Үштен екі бөлігі латын сөздерінен тұратын провансал тілінің көптеген диалектісі, нәзік интонациялық ерекшеліктері оған қайталанбас сұлулық сипат беретін. Бірақ уақыт өте келе тіл дөрекіленіп, лексикалық және грамматикалық сипатын жоя бастады. Ежелгі жергілікті ұғымдардың жоғалуымен, дәстүрлі мерекелер, аспаздық мәзірлер, бидің жоралғылық белгілері, ұлттық кәсіп те біржолата ұмытылды. Провансалдықтардың өмірлік салт ерекшелігінің құлдырауы бірте-бірте тіл диалектісінің, тұтастай алғанда әдебиет пен поэзияның құлдырауына әкелді. Міне, осындай қиын-қыстау өліара кезеңде күтпеген жерден әдебиеттің күрт өрлеу дәуірі белең алды. Прованстың әр түрлі аймақтарындағы Жасмин, Дьюлуфе, Астрос секілді ақындардың жырлары халықтың рухын оятып, санасында сілкініс туғызды. Халықтың ежелгі бабаларының тіліне, ортақ тамырға қайтып оралу қажеттілігін жұрт терең түсіне бастады. Өз өлкесін сақтап қалу және жаңарту идеясымен «ауырған» ақындар мен мүддесі ортақ бірнеше адам одақ құрып, оны «фелибр» деп атады. Жеті мүшесі бар осы топтың ішінде ақын Фредерик Мистраль да болды. Фелебристердің мақсаты әдебиетті тарату немесе тілді сақтап қалуымен ғана шектелген жоқ. Олар бірегей мәдениетті сақтап қалу үшін ұлттық сана-сезімді оятуға шақырды. Жетеудің одағы бірте-бірте негізінде «барлық оңтүстік Францияның тілін, әдет-ғұрпын, ұлттық ар-абыройын және ақыл-ой мен эстетика саласындағы» қағидаты жатқан, жарғысы бар, ұйымға айналды. Қозғалыстың жігерлі ұйымдастырушыларының бірі Фредерик Мистраль болды.
Фредерик Мистраль ақын және жазушы ретінде қалыптаса бастаған кезеңде жағдай өте қиын еді. 1854 жылдан бастап аймақтық тілдерді жою тенденциясы белең алып, 1864 жылы Прованс университетінің инспекторлары білім министрінен «қарапайым адамдардың тілін» толық жоюға байланысты қатаң шаралар қолдану туралы бұйрық алды. Егер мектеп, университет және басқа да білім мекемелерінің оқушылары прованс тілінде сөйлесе, аяусыз жазаланды.
Фредерик Мистраль 1830 жылдың 8 қыркүйегінде Майана маңындағы Судейск ауылында дүниеге келді. Балалық шағы Францияның шеткі түкпіріндегі табиғаты әсем өлкесінде өтті. Төбенің бөктерінде жүзім алқабы жайқалып, әдемі тоғай шуылдап жататын. Ертегілерге, аңыздарға, халықтық қиссаларға бай болған ауыл өмірін жексенбіде би мен сауық-сайран жандандырып жіберетін. Кішкентай Мистральдың болашақ поэмаларының кейіпкерлері де осы өңірде өмір сүрді. Ауыл мектебін тәмамдаған соң Мистраль Авиньон колледжіне оқуға түсіп, болашақ ақынның сөз өнеріне деген құштарлығы оянады. Білімді де, данышпан ұстазы Руманилдің арқасында ол көп дүниені көңіліне тоқыды. Әдеби тәжірибе алудан бөлек Мистральдың ақындық таланты мойындалады, өз Отанын сүйетін, туған өлкесінің табиғатын, провансал тілін қайта тірілткісі келетін азамат ретіндегі көзқарасы қалыптасты. Жастық шағындағы идеалдарына ақын көзі жұмылғанша сенімді болып қалды. Заңгер мамандығын алып шыққанымен, Мистраль өз болашағының әдебиетте екенін жақсы түсінді, «прованс тілінің құдіретті отын жаққысы келген» идеясы қатты еліктірген ақын «Мирей» поэмасын жазуға білек сыбана кірісіп кетті. Бүгінгі заманғы Парнас, оның табиғаты, адамдар мен мінездері, елдің өткен тарихы поэмада өте бай да, шұрайлы тілмен әдемі кестеленген. Поэманың бірінші планында – ғашық жұптар – Винсен мен Мирей. Олардың ата-аналары балаларының некелесуіне үзілді-кесілді қарсы. Бас кейіпкердің аянышты өлімі белгілі бір жағдайда бүкіл поэманы жандандыра түседі. Туынды қалалық әдепсіздігінен ада, мөлдір тазалығымен адамды өзіне тарта түседі. Поэма 1859 жылы жарық көріп, кейін, Шарль Гуно «Мирей» сюжетіне арнап Мишеля Карренің либреттосы бойынша опера жазды. Болашақ Нобель сыйлығы лауреатының бала күнінен бергі темірқазық жұлдызы болған Гомер мен Вергилилерге еліктеп Мистраль Прованстың ұлттық эпосын жазып шықты. Швед академиясы ақын еңбегін жоғары бағалып, Фредерик Мистраль мен Испанияның драматургі Эчегарай-и-Эйсагирре, Хосе екеуіне 1904 жылы Нобель сыйлығын берді.
Міне, осы оқиғадан кейін, прованс тіліне деген жұрттың қатты қызығушылығы оянды. Еуропаның орталық университеттерінде, оның ішінде Петерборда да фелебриж шеберлерінің шығармашылығын зерттеу бойынша кафедралар құрылып, ақын атындағы сыйлық тағайындалды, ең бастысы, мемлекеттік болып саналмайтын, шағын елдердің тіліне де қоғамның назары ауды. Мистраль бүкіл Францияда тек қана француз тілі үстемдік етіп тұрған мемлекетік саясат жағдайында да өз ана тіліңнің келешегі үшін күресуге болатынын айдай әлемге дәлелдеді. Кейін Мистральдың «Алтын аралдар», «Роно туралы поэма», Каленау», «Нерто», «Патшайым Жанна» драмасы және басқа да туындыларды жазды. Бірақ «Мирей» поэмасы ақын шығармашылығының шыңы болып қалды.
Мистральдың прозалық туындылары да бар. Нобель сыйлығын алғаннан кейін оның «Мемуарлары мен очерктері» жарық көрді. 1886 жылы «Фелебриждің қазынасы» атты сөздігін жарыққа шығару арқылы Мистраль «фелибриж» ісінің өркендеуіне зор үлес қосты. Француз тіліне тәржімаланған провансал тілінің сөздерінен бөлек бұл сөздікте көптеген мақал-мәтел, қанатты сөздер, тақпақтар, халық әндері, географиялық атаулар, биографиялық, тарихи мәліметтер және тағы да басқа дүниелер болды. Сөздікті тірнектеп жинауға ақынның 28 жыл уақыты кетті. Бұл еңбегі арқылы Мистарльдың ұлы ақын мен филолог ретіндегі есімі өз халқының тарихында мәңгі жазылып қалды. Галло-роман аумағындағы оңтүстік диалектілерді зерттеу жөнінде базалық еңбек құрылды. Фредерик Мистральға Нобель сыйлығын беріп жатып Швед академиясы «өз халқының рухани табиғатын шыншыл етіп суреттеген оның ақындық туындыларының таза сонылығы мен шынайылығын, сондай-ақ, прованс филологиясы жөніндегі ғылыми еңбектерін атап өткен» болатын.
Фелебризм идеясының майталман қайраткері, осы қозғалыстың ұйымдастырушысы мен 1876 жылдан бастап, бүкіл Прованста тарыдай шашыраған фелибрдің көптеген бөлімін басқарған конситория төрағасының арқасында – Арледе провансалдар этнографиясы мен фольклорының музейі құрылды. Мистраль бұл музейге Нобель сыйлығынан алған ақшасын ғана беріп қоймай, бұл іске өзінің жанын салып кірісіп, аянбай еңбек етті. 1909 жылы «Мирей» поэмасының 50 жылдығына орай, келушілер үшін музей өз есігін айқара ашты. Ақын ескерткішінің ашылу салтанаты да сол кезде өтті. Айтқан бетінен қайтпайтын романтик Мистраль провансалдықтардың тәуелсіздікке қол жеткізіп, шашып алмай, ана тілінің байлығын сақтап қалатынына шын жүрегімен сенді. Расында да, бүгінде провансал тілінде өлеңдер жазылып, тіл өмір сүріп жатыр.
Амангелді
КЕҢШІЛІКҰЛЫ