Биыл жыл басынан бастап еліміздің ең ірі мегаполисі − Алматы қаласы әлеуметтік-экономикалық даму жағынан айтарлықтай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл – Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өкімімен жасалған «Алматы 2050» стратегиясында көзделген мегаполистің ұзақмерзімді дамуына арналған шаралардың пандемия кезінде де дұрыс атқарылып жатқанының көрінісі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы жалпы өңірлік өнімнің 19,7 пайызын көрсетіп, ел экономикасына қосқан үлесі бойынша жетекші орынға ие болды. Ал 2021 жылдың алғашқы бес айында экономиканың барлық базалық салалары тұрақты оң өсу қарқынын көрсетіп отыр. Яғни, өткен жылғымен салыстырғанда өнеркәсіп 19,7 пайызға, құрылыс 24,7 пайызға, байланыс қызметтері 13,4 пайызға, сауда 4,7 пайызға өскен. Қала халқының әл-ауқатын көтеру үшін ең маңыздысы бағаның шектен тыс өсіп кетуін болдырмау. Бұл орайда Алматы қаласында 19 әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны тұрақтандыру үшін 7,9 миллиард долларға жуық қаражат бөлінген. Инвестициялар ағыны экономиканың тұрақтылығының көрсеткіші саналады десек, Алматы инвестициялық климаттың жетекші рейтингіне ие. Дүниежүзілік банктің рейтингі бойынша қала бизнесті жүргізу бойынша Қазақстанның барлық аймақтары арасында бірінші орында тұр және инвестициялық тартымдылық жыл сайын артып келеді. Дағдарысқа қарамастан, негізгі капиталға инвестициялар көлемі 32,7 пайызға өскен. Инвестициялардың өсуінің негізгі көзі кәсіпорын иелерінің қаражаттары десек, қазір олардың үлесі 68 пайызға жеткен. Жаһанды жайлаған пандемия әлемнің барлық елінде экономикалық қиыншылық тудырып отыр. Сондықтан Алматы қаласы бойынша зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары жасалып, нәтижесінде жұмыспен қамту шаралары 14 110 адамды қамтыды, оның ішінде 392 адам жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша нәпақасын табатын болды. Өткен жылы жетпіс төрт мыңнан аса кәсіпкер салықтық жеңілдіктерге ие болды, үш мың зардап шеккен салалардың қарыз алушылары несие мерзімін ұзартты, үш жүз жиырма үш кәсіпкер коммуналдық меншікке жалдау төлемдерін төлеуден босатылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің 1 000-нан астам жобасы арзан бағамен қаржыландырылды. Халықтың тұрмыс деңгейін көтеру олардың табатын табысына байланысты десек, Алматыда орташа айлық жалақы 268 463 теңгені көрсетіп, республикалық деңгейден 16,3 пайызға жоғары екенін көрсетті және ол жыл сайын өсіп келеді. Алматыда индустриялық-өндірістік аймақтарда бизнес үшін барлық жағдай жасалған. Қай жерде болса да іскерлер өз кәсіпорнын ашып, дамыта алады. Сондықтан өз өнімдерін сауда нарығына дейін жеткізуге көлік шығындары болмайды. Қазір қалада кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының арқасында өткен жылға қарағанда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін субъектілер саны бір пайыздай өсім көрсеткен. Бизнестің дамуы үшін кез келген жобаны іске асыруда банктер тарапынан берілетін несиенің маңызы зор. Бұл жағынан алғанда да Алатау баурайындағы алып шаһарда орналасқан банктер осы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында қажет тұлғаларға үш триллион теңгеден астам несие берген (ол елімізде берілген барлық несиелердің 53 пайызынан артық). Оның 644 млрд теңгеге жуығы шағын бизнеске берілген несиелер, бұл елдегі шағын кәсіпкерлік субъектілері берген барлық несиелердің алпыс алты пайызға жуығы. құрайды. Жалпы, шағын бизнесті несиелеу жыл басынан бері 2,6 есе өсті. Өңдеу өнеркәсібінде динамикалық өсім байқалады. Кейбір өңдеуші салаларда өткен кезеңмен салыстырғанда өсу қарқыны байқалды. Сусындар өндірісі төрт, қағаз және қағаздан жасалған бұйымдар жиырма бір, резеңке және пластмасса бұйымдары сексен пайызға жуық, басқа металл емес минералды өнімдер жиырма жеті жарым, дайын металл өнімдері 92,3 пайызға дейін өсті. Елімізде аса маңызды істің бірі − автокөлік өндірісі. Оны шешу үшін шетелдік көліктерді өзімізде құрастыру ісі талай жылдан бері жүргізіліп келеді. Ал осыдан екі жыл бұрын Алматыда индустриалды аймақта ашылған Hyundai зауыты өткен жылы ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін 6 жарым мыңнан аса көлік шығарса, биылғы қаңтар-мамыр айлары арасында 10 мыңға жуық жеңіл автокөлік шығарған. Бұл осы зауытта машина жасау деңгейінің бес есеге жуық өсім көрсеткенін дәлелдейді. Қала экономикасының негізгі секторы сауда саласы екені белгілі. Пандемия кезінде көп зардап шеккен бұл саланы қалпына келтіру үшін жұмыс істеп, Алматы республикадағы барлық сауданың шамамен үштен бірін алады және осы салада көшбасшы болып саналады. Қала ел көлемінде бөлшек сауданың 31 пайыздан астамын және көтерме тауар айналымының 41 пайызға жуығына тең. Бөлшек саудада тауарлардың кең ассортименті елу пайыздай, киім және аяқкиім бес пайыз, автомобильдер мен қосалқы бөлшектер сатылымы мен құрылыс материалдары бес пайызға жуық, компьютерлер, фармацевтикалық өнімдерде он пайыздай өсу байқалды. Сауда орындарының таза және ыңғайлы болуы қызмет сапасын арттыратыны белгілі. Бұл орайда Алматыдағы жұмыс істеп тұрған 52 көтерме және бөлшек сауда базарлары 23-ін жаңартуға 20 миллиард теңге инвестиция құйылған. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін 6 базар, 2022 жылдың соңына дейін 23 базарды жаңарту үшін қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр. Заман талабына сай бүгінде қалада электронды сауданың дамып жатыр. Мәселен, елімізде қолжетімді интернет-дүкендердің шамамен алпыс пайызы (республика бойынша – мың жарым, Алматыда – тоғыз жүз жетпіс) Алматыда жұмыс істейді, олар барлық интернет-сауда мен қызметтердің жетпіс бес пайызына тең. Пандемия жағдайында өткен жылы электронды сауданың көлемі бір жыл ішінде екі жарым пайызға жуық өсті. Сонымен қатар алдыңғы және өткен жылмен салыстырғанда осы жылдың алғашқы бес айында мемлекеттік бюджетке электронды коммерциядан 1,7 есе көп салық түсті. Алматы республикалық бюджеттің үлесіндегі донорлардың бірі екені белгілі. Жалпы, қаланың жергілікті бюджеті – 984 млрд теңге, оның қырық пайыздан астамы әлеуметтік салаға − білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және спорт салаларына жұмсалады. Қаңтар-мамыр айларында бюджетке 1,1 триллион теңгеден аса қаражат түсті, ол өткен жылдан 248 млрд теңгеге артық. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-бағдарланған іс-шараларға арналған шығыстарды ұлғайтуға мүмкіндік берді. Аталған қаражат сегіз мектеп пен он үш қосымша құрылысты жалғастыруға, жолаушылар тасымалдау үшін жаңа автобустар сатып алуға, жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс орналастыруға, Бақытты отбасы бойынша 223 отбасына жеңілдікпен несие беруді қаржыландыруға, барлық әлеуметтік мекемелерде мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалтуға және тренажерлармен толық қамтамасыз етуге және басқа да шығындарға жұмсалды. Бұл ретте жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің 63 пайыздан астамы корпоративтік табыс салығы және еңбекақы төлеу қорынан түсетін салықтар есебінен орта және шағын бизнеспен қамтамасыз етілген. Сондықтан бұл арада бірыңғай зейнетақы төлемдерін төлеу салық түсімдері есебінен қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Алматы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн баспасөз конференциясында ШОБ қолдау мен қала тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары туралы хабарлады. Оның айтуынша, биыл 1 маусымға дейін Алматыда 31 мың жұмыс орны ашылған. Өткен жылы 74 мыңнан астам кәсіпкер салықтық жеңілдіктерге ие болды. Зардап шеккен салалардың үш мың қарыз алушыларының несиелері кейінге қалдырылды, үш жүзден астам кәсіпкер коммуналдық меншік нысандарында жалдау ақыларын төлеуден босатылды. Арзан мөлшерлеме бойынша кәсіпкерлердің мыңнан астам жобалары қаржыландырылды. Міне, осыларды саралай келе Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кешенді әлеуметтік-бағдарланған саясаты нақты нәтижелер әкелетінін көруге болады. Тіпті, пандемия кезінде де адамдарды жұмыспен қамтудың барлық мүмкіндіктері жасалып, олар өзгеріп отырған еңбек нарығында жаңа дағдыларды игеріп жатыр.А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ