Түркістан – мыңжылдық өркениеттің куәсі
Түркістан – мыңжылдық өркениеттің куәсі
2018 жылы Елбасы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» заңға қол қойды. Жарлыққа сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысы «Түркістан облысы» деп бекітілді. «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан», – деді Елбасы. «Түркі» ұғымының жүгін арқалаған көне қаланың тарихы терең. Қысқа мерзімде жүзеге асқан жоба, елдікке бастаған идея, жаңарған өлке. Ежелгі қаланы қайта жаңғырту идеясы қалай пайда болады? Оның астарында қандай сыр жатыр? Елбасы әңгімесін әріден қозғады.
– Тәуелсіз еліміздегі ең көрнекті қала – Түркістан. Тоғыз жолдың торабындағы сауда қаласы болғаннан кейін, Жібек жолының үстіндегі қалаға иісі қазақтың табаны тиді. Ежелгі атауы «Яссы» – Жібек жолының бойындағы батыс пен шығысты жалғайтын сауда-саттық қаласы. Төрт қақпасы да дүниенің төрт бұрышына ашық еді. Жоңғар шапқыншылығының да қысымын көрді. 1864 жылы Ресей патшалығы жаулап алды. Патша үкіметінің атқан зеңбірек оқтары әлі күнге дейін кірпіштің арасынан көрінеді. 14 ғасырда Есім хан ғана «Қазақ хандығының орталығы» деп бекітті. 21 хан мен 57 батыр жерленіп, би-шешендердің де мазары бой көтерді. Ресей патшалығының соққысынан кейін, қала қайтадан еңсе тіктей алмады. 1500 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлап, біраз жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде де Түркістанды елге таныстырып едік. Көптен ойлап жүргенім рас. Өмір тарихымда қала салу процесі Теміртаудан басталған. Жылына 80 мың шаршы метр үй соғып, балабақша мен мектеп, аурухана салып, қаланы көтерген едік. Екінші ірі құрылыс, батыл шешім – елорданы салу. Үшінші қадам – Түркістанды түрлендіру. Әлемге тарихымызды паш ететін, туристік орталық болмақ, – деп сөзін нақтылады Тұңғыш Президент.
ЖҰМСАЛҒАН ҚАРАЖАТ ЕСЕЛЕП ҚАЙТАДЫ
Қала келбеті күн сайын құлпырып келеді. Облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлінді.
350 млрд теңге бірінші кезеңді жандандыруға бөлінген. Ол ақшаның жартысы жекеменшік компанияларға берілді. Қаржы жеке сауда орталықтары мен қонақ үй салуға жұмсалды. Облыс орталығы – тарихи туризмнің алтын ұясы. Халыққа қажет ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, спорттық демалыс нысандары толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын нысандар да баршылық. Қаланың жобалау аумағы – 22 370 гектар. Бас жоспар жобасы үш кезеңнен тұрады:
қаланы дамытудың бастапқы жылы – 2018 жыл;
бірінші кезең – 2025 жылға дейін;
есептік мерзім 2035 жылға жоспарланған.
Екі жылдың ішінде 15 нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Көздің жауын алатын кешендер қала келбетіне көрік берді. Келешекте олардың қатары арта бермек. Жоспарланған 160 нысанның тең жартысы салынып бітті. Оның ішінде әкімдік ғимараты мен Қазақ драма театры, 10 мың орындық стадион, жастар сарайы бар. Бұл сөзді Елбасы да растайды: «Миллиондық қала көп болса, мәдениет пен білім көтеріледі. Ауылдан келген ағайынның бой жазып, демалатын қала орталығы көз тартып тұруы керек. Қаланың гүлденуі халықты жұмыспен қамтиды. Құрылыс қарқыны жүріп жатыр, жұмысшы легі ауадай қажет. Екі жылдың ішінде бизнес саны 11 есеге өсті. Оңтүстік өңірі – халық саны көп шоғырланған аймақ. Бас жоспарға сай халық саны 2050 жылға дейін 500 мың адамға жету керек», – дейді Елбасы.
ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ТУРИЗМ
«Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ету қажет» делінген Президент Жолдауында. Түркістан өңірінде туризм саласын, оның ішінде эко және этнотуризмді дамыту мақсатындағы іс-шаралар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында қамтылып отыр.
Көптің көңілінен шыққан нысанның бірі – Керуен сарайы. 10 сәуірде ашылған көпфункционалды туристік кешен. Жобаны Turkistan Tourism City компаниясы салды. Нысанның әзірге Орталық Азияда баламасы жоқ. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын негізгі орталық. «Керуен-сарайдағы» барлық нысан су арнасы арқылы байланысқан. Халық «Қазақстанның Венециясы» деген бейресми атау беріп те үлгерді.
Елең еткізген екі жаңалықтың бірі – тұңғыш рет Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ашылуы болса, екіншісі – халықаралық Түркістан әуежайының салынуы.
Халықаралық туризм және меймандостық университеті Тұңғыш Президент бастамасымен жаңадан ашылған. Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен кейінгі оқу сапасы жоғары болатын білім ордасы. Бұл университеттің құрылымы өзгеше. Ғимаратта қонақ үй мен мейманхана, қолөнершілердің орталығы бар. Студенттерге арналған 290 орындық жатақханасы бар. Қазақстанның барлық өңірінен 1 500-ге жуық студент оқиды. «2020-2021 жылғы оқу жылына 800 грант бөлінген. Туризм мамандығына бейіндік пәні: география және шет тілі, ал ҰБТ шекті балы: 50. Денешынықтыру және спорт мамандығына шығармашылық емтихан, ҰБТ шекті балы 70», – дейді университет өкілі.
Түркістан халықаралық әуежайы – тәуелсіздік тарихында іргесі қаланған жаңа ұшу айлағының бірі. Әуежайдың жалпы ауданы 905 гектар болса, ұшу-қону жолағы – 3 300х45 метр. Ал жолаушылар терминалының ауданы – 10,5 мың шаршы метр. Сағатына 450 адамды қабылдауға күші жетеді. Жылына үш миллионға жуық жолаушы қабылдап, қандай үлкен ұшақ болса да, қабылдай алады. Түркістан – Стамбұл бағытындағы алғашқы лоукостер де Мәрмәр теңізінің бойына қонып үлгерді.
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА