Думан Ерқанат, АҚШ-тағы трейдер: Илон Масктан исі қазақтың несі кем, несі артық...

Думан Ерқанат, АҚШ-тағы трейдер: Илон Масктан исі қазақтың несі кем, несі артық...

Думан Ерқанат, АҚШ-тағы трейдер: Илон Масктан исі қазақтың несі кем, несі артық...
ашық дереккөзі

Думан Ерқанат – биржа нарығы ар­қылы әлемнің кез келген жерінде оты­рып табыс табудың жолын үй­ретіп жүр­­ген қазақ. Ол әлемдегі ең ірі әрі көне бир­жалық сау­да алаңы – Нью-Йорк қор бир­жасы, қаржы орталықтары мен ха­­­лық­аралық корпорациялардың штаб-пәтері ор­наласқан әй­гілі Уолл-стрит ауданындағы компаниялардың бірінде білі­мін жетіл­дірген. Соңғы сегіз жылда АҚШ-тың Ко­лорадо шта­ты Денвер қаласында тұрып жат­қан ол жуырда тұңғыш рет Қа­зақстанға ке­ліп, Qazaqsha Wallstreet кешін ұйым­дастырды. Та­рихи Отанына қазақ жас­тарының қаржылық сауатын арт­тыру­ды көз­деп келген Думанға хабарласып, әңгі­мелескен едік.

 width=

– Қазақстанға қош келдіңіз! Осы ап­тада көпшілік «Алпауыт компания­лар­дың акциясын алып-сатуды үйрететін жал­ғыз қазақ», «АҚШ еліндегі трейдер қа­зақ» деп сізді аузынан тастамай айтып жүр. Алматыда ұйымдастырған конфе­ре­н­цияңызға қатысқандардың айт­қа­ны­на сенсек, сіз атажұртқа бірінші рет ке­ліп тұр екенсіз. Сол рас па?

– Иә, қазақ жеріне алғаш рет табан тіреп тұр­мын. Негізі, мен – Моңғолияның Баян-Өл­гей өлкесінің тумасымын. Жастайымнан есеп-қисапқа жүйрік болдым, математикадан көп­теген олимпиадаға қатыстым. Моңғол ұлт­тық университетінде халықаралық биз­нес мамандығы бойынша білім алдым. Онда бір жыл жұмыс істеген соң, білімімді одан әрі жетілдіру керек екенін түсіндім. Сол уақытта ту­ған ағам Жандос АҚШ-тың Денвер қала­сын­да кәсіпкерлікпен айналысатын. Сөйтіп, сол қаладағы Ұлттық Америка универси­теті­нің магистратурасында ақылы бөлімде оқы­дым. Алдын ала айта кетейін, мен қарапайым отба­сында тәрбиеленіп өстім, сол себепті оқу, же­тілу, даму үшін тынбай жұмыс істедім. Әу бас­та оқудың жарты жылының ақшасын ағам төлеп берді. Сосын мектептің кампу­сын­да жарты күн жұмыс істеп жүріп, одан бө­лек ағамның онлайн бизнесіне көмектесіп, қа­ражат тауып, оқу ақысын өзім төлеп отыр­дым. Магистратураны бітірген соң, жергілікті ком­панияда ассистент-сарапшы болып жұ­мыс істедім. Мұндағы міндетім – шетелден ке­летін әртүрлі заттарға сараптама жасау. Сөй­тіп жүріп биржа нарығына қызыға бас­тадым. Негізі, бұл нарықты түсіну оңай бол­ған жоқ, бастапқыда көп қателік жібердім. Оңайға соқпады. Биржа саласында табыс табу – Америкада қалыпты жағдай. Құрама штаттарға келгенге дейін биржадағы сауда­ның қалай жүргізілетінін, акцияның қалай сатылатынын тек кинодан көретін едік қой. Биржада сауда-саттық жасап ақша табу тек америкалықтың ғана емес, қазақ баласының қолынан келетінін дәлелдегім келді. Бұл на­рықты әбден зерттеген соң, мұны біз де іске асыруға қабілетті екенімізді түсіндім. Осы саланың білгірі болу үшін Нью-Йоркте қар­жы мен инвестицияның орталығы сана­ла­тын әйгілі Уолл-стрит ауданында орналасқан SMB Capital трэйдинг компаниясында білім алдым. Жалпы айтқанда, биржа нарығының қыр-сырын білу үшін көп қаражат пен уақыт жұмсадым. Сосын бар білгенімді қандас­тар­мен бөлісейін, олар да мұның не екенін біл­сін, табыс тапсын деп оқыған-тоқығанымды ағыл­шын тілінен қазақ тіліне аударып, қа­зақ­тарға үйрете бастадым. Қанша дегенмен қа­ным қазақ болған соң, шетелде жүрсем де, қа­зақтың киелі топырағына табаным тимесе де, Қазақстанды, қазақ халқын ойламай жүре ал­майсың. Сөйтіп, осы мақсаттың жетегінде көп ойланып, толғанып, DK Bull Trader ака­демиясын құрдым.

– Академияда білім алып жатқан сту­денттердің дені қазақтар ма, әлде басқа ұлт өкілдері де бар ма?

– Қазір академияда екі мыңнан астам сту­дент білім алып жатыр. Олардың тоқсан пайы­зы қазақтар, ал қалғаны әлемнің он төрт елінен хабарласып, қызығушылық та­ныт­қан өзге ұлт өкілдері. Сабақ онлайн фор­матта өтеді, бірақ оффлайн түрде жүргізу мә­селесін де қарастырып жатырмыз, себебі Ал­матыға келген соң бетпе-бет отырып сабақ ал­ғысы келетіндердің қарасы көбейіп, көбісі са­бақтың форматын өзгертуді қолқалап жа­тыр. Студенттерден бөлек, жанымда қолдау білдіретін үлкен командам бар. Негізі, биржа нарығында жалғыз жұмыс істеу қиын. Неге де­сеңіз, биржада күн сайын көп өзгеріс бо­лады, ал мұның барлығын бақылап отыру жал­ғыз адамға оңай емес. «Екі көзден мың құлақ ар­тық» демекші, командамызбен күн сайын пайда болатын мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алмай, жіті бақылау арқылы көпшілікті пай­далы ақпаратпен қамтамасыз етіп отырмыз.  width=

– Биржада сауда-саттықпен айна­лысу­дың неліктен тиімді екенін түсі­нік­ті тілмен айтып беріңізші.

– Мысалы, Айбек есімді жігіт бар делік. Tesla компаниясының негізін қалаушы, әлем­дегі ең бай адамдардың тізімінде көш бастап тұрған Илон Маскты алып қарастырайық. Айбек Қазақстанда мейрамхана ашқалы жа­тыр делік. Егер біреу сізге келіп «Сенде Айбек­тің кәсібіне, әрі Tesla-ға да ақша құятын мүм­кіндік бар. Қайсын таңдайсың?» десе, не іс­тейсіз? Ақылы бар адам екінші нұсқаның әл­деқайда оңтайлы екенін түсінеді деп ой­лаймын. Себебі салымды теңгемен салу еш­қандай да тиімді емес, одан да доллар баға­мымен есептескен дұрыс. Біз осыны түсінбей, ақшамызды қайда құярымызды білмей, бас қатып, ақырында дүкен я мейрамхана биз­несін қолдай жөнелеміз. Түсінемін, тың есті­летін биржадағы сауданың жүріп кетуіне көп­шілігі сенбеуі мүмкін. Бірақ әлемнің ірі ком­панияларына қаражат құю аспандағы Ай секілді қол жетпейтін дүние емес. Біздің ат­қа­рып жатқан жұмысымыз базардан бір зат­ты алып, орталықтағы сауда орта­лық­тары­на апарып сатқанмен бірдей. Трейдер де­ген сөздің қазақша мағынасы – саудагер. Бі­рақ трейдер ұғымының біздің түсіні­гіміз­дегі саудагерден де мағынасы терең. Қазіргі за­манның саудасы осылай, яғни биржа на­рығындағы акциялардың саудасы болып кет­кен. Доллар бағамы бойынша қаражат құю арқылы ірі компаниялардың тауып жат­қан табысынан үлес алып, пайда көре ала­мыз.

Бүгінде заманның ағымына қарай Қа­зақ­станның кез келген қаласында отырып-ақ, алпауыт компанияларға инвестиция салу­ға мүмкіндік бар. Тек қолыңызда ком­пью­тер болса, интернет желісіне қосулы бол­саңыз болғаны. Осыны қарапайым ха­лық­қа түсіндіргіміз келеді. Қазір Амери­ка­ның экономикасы биржа нарығы арқылы же­дел қарқынмен дамып жатыр, өйткені заң бойынша белгілі бір компанияда жұмыс істейтін адам кез келген компанияға ақша салуға тиісті. Осылайша, Америкадағы биржа нарығы әлемді басқарып отыр. Мұны біз білуге тиіспіз. Білгіміз келмесе де, біраз уа­қыттан соң бұл алдымыздан шығады.

Сон­дықтан қазақ жастарын әлемдік деңгейдегі бир­жаның сауда-саттық үдерісіне ілестіру міндетім деп санап, осы бағытта жұмыс істеп жат­қан жайым бар. Айта кетерлік жайт, ел­дегі көпшілік акция саудасымен айналысуды қысқа мерзімде байып кетудің оңай әдісі ре­тінде қарастырады. Мұнда бүгін ақша сал­саң, күні ертең-ақ көп пайда табасың деген түсінік болмауы керек. Тіпті, Америкада да қыруар ақша салған бойда көп ұзамай екі есе ақша табасың деген ұғым жоқ. Осыны тү­сінуі­міз керек. Көп адам ақшаны жеңіл жол­мен тапқысы келетінін түсінемін, бірақ оңай олжа тапқысы келетіндер түбі бір бәлеге ұры­нып, ақырында ақшасы «күйіп» кететіні бел­гілі жайт. Биржадағы сауда-саттықтан пай­да көру біраз уақытты қажет етеді. Тағы бір айта кетерлігі, көбісі америкалық ки­нолардан көргендей, биржамен жұмыс істеу, ак­цияларды басқару тек ауқатты я болмаса костюм киіп, галстук тағып алған адамдар­дың қолынан ғана келеді деп ойласа керек. Бұл – ағат пікір. Қарапайым адам қолында аз ақ­шасы болса да осы салаға бас сұға алады. Маңыз­дысы, мұның қыр-сырын жете түсініп, тиім­ді компанияға қаражат салу.  width=

– Командаңыздың ұйымдастыруы­мен Алматыда өткен Qazaqsha Wallstreet ке­шінде елдегі көпшіліктің қаржылық сауа­ты төмен екенін айтып қалдыңыз...

– Иә, елдегі ересектердің қаржылық сауа­ты расымен төмен екенін байқадым. Шын­ды­ғын айту керек, Қазақстан тұрғындары биз­нес әлемінде болып жатқан жаңалық­тар­ды орыс тілінде оқиды. Әлемдегі ірі өзге­ріс­тер Америкада болып жатыр, ал елдегілер мұ­ны дер кезінде білмей қалып жатады. Оның үстіне, қазақ тілінде ақпарат жоқтың қасы. Бәлкім, көп қандасымыздың қаржысын сауатты басқаруды білмеуіне осы себеп шығар деген ойға келдім. Бірақ, осы ол­қы­лық­тың орнын толтыру үшін командамызбен көп жұмыс істеп жатырмыз. Біз жүргізген са­­бақ, семинар, конференциялар арқылы көп ұзамай көпшілік жиған-тергенін тек пайдалы іске жұмсайды деп үміттеніп отырмын. Не­гізі, қаржы басқаруды онлайн болсын, оффлайн болсын, үйренгісі келетін қазақтар саны өте көп. Жоғарыда сіз айтып өткен кеш­ті тек жүз адамға лайықтап ұйым­да­с­тыр­ған едік, алайда бұл кешке мен күткеннен де көп адам келіп, ақыр соңында қосымша орын­дықтар әкеліп, аудиторияны кеңейтуге мәж­бүр болдық.  width=

– Алматыға көп уақытқа тұрақтауға кел­діңіз бе әлде Америкаға кері қайта­сыз ба?

– Өзіңіз білесіз, Америкада өмір сүру с­а­п­а­сы мүлде басқаша. Ол жақтағы жайлы өмірім­ді тастап, тарихи Отаным Қазақстанға кел­дім. Әуежайдан алғаш түскен кездегі әсе­рім­ді сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Ерек­ше сезімде болдым. Негізі, жұмысымды Аме­рикада немесе Дубайда жүріп-ақ істей бер­сем болатын еді, бірақ біріншіден тарихи Отан­ның топырағына табанымды тигізіп, жұ­пар ауасын көкірек толтыра тыныстағым келді, екіншіден, көпшілікке таңсық биржа на­рығына бас сұғуды қазақ тілінде үйреткім кел­ді. Неліктен біз әркез орыстардың соңын­да жүруіміз керек? Неге біз тек орыстардан білім алуымыз керек? Ағылшын тілін жетік білетін, шетелде осы саланы жатпай-тұрмай зерттеген біреуіміз ортаға шығып, қаржысын сауат­ты басқарғысы келетін аға-бауыр­лары­мыз­ға неге үйретпеске? Америка қоғамына қыруар пайда әкеліп жүрген жүйені неге Қа­зақстанда қолданбасқа? Атажұртқа кел­ген­дегі мақсатым – осы мәселелердің бар­лы­ғын іске асыру. Оның үстіне, елге келген аз уақыттың ішінде «әттеген-ай» дегізетін тұс­тарды көп байқадым. Жоғарыда айтып өт­кенім­дей, америкалықтарға қарағанда қазақ жас­тарының қаржыны басқару туралы түсінігі көңіл көншітпейді. Осы орайда қазақ жастарына көмектескім келеді. Қазіргідей да­мыған заманда жастарға әлемде не болып жат­қанын білмеу ұят. Ал білген-түйгенімді мұқ­таж жандарға үйретпеу тіптен ұят. Құдайға шүкір, қазір әлем тамсанатын табыс кө­зіне жетуді қазақ тілінде үйрететін дең­гейге жеттік. Қазір мендегі мақсат – Ал­ма­тыда биржа әлемінің қыр-сырын меңгеремін де­ген қазақ жастарына жол сілтеп, жөн көр­сету. Сосын, әлбетте, Қазақстанның басқа қа­лаларын аралағым келеді.  width=

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда «Қа­зақстанда барлығы мен ойлағаннан да асып түсті» дегеніңізді оқып қалдым. Елге келгенге дейін Қазақстан туралы қан­дай ойда болып едіңіз?

– Елге келмес бұрын адамдардың көбі ол жақ­та жұмыс істеу үшін орыс тілін білуім ке­рек екенін айтып, қиындық туындау ықти­мал­дығын ескерткен болатын. Алайда, елге кел­гелі байқап жүрмін – қазақ тілінің мәр­те­бесі жоғарылап, қолданыс аясы кеңейіп ке­ле­ді екен. Сосын мені ерекше таңғалдырған та­ғы бір жайт – Алматының тамылжыған та­биғаты. Сөздің шыны керек, Алматы ту­ра­лы есту бір бөлек, ал оның көрікті жерлері мен көркем келбетін көзбен көргендегі әсер мүл­де басқаша екен. Тағы бір айта кетерлігі, елге келгелі қазақтардың бауырмал, ағайын­шыл екенін жете сезіндім. Қайда барсам да, құ­шақ жая қарсы алып, арқамнан қағып, ыс­тық қошеметін білдіріп жатқанына риза бол­дым.

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ