Думан Ерқанат, АҚШ-тағы трейдер: Илон Масктан исі қазақтың несі кем, несі артық...
Думан Ерқанат, АҚШ-тағы трейдер: Илон Масктан исі қазақтың несі кем, несі артық...
Думан Ерқанат – биржа нарығы арқылы әлемнің кез келген жерінде отырып табыс табудың жолын үйретіп жүрген қазақ. Ол әлемдегі ең ірі әрі көне биржалық сауда алаңы – Нью-Йорк қор биржасы, қаржы орталықтары мен халықаралық корпорациялардың штаб-пәтері орналасқан әйгілі Уолл-стрит ауданындағы компаниялардың бірінде білімін жетілдірген. Соңғы сегіз жылда АҚШ-тың Колорадо штаты Денвер қаласында тұрып жатқан ол жуырда тұңғыш рет Қазақстанға келіп, Qazaqsha Wallstreet кешін ұйымдастырды. Тарихи Отанына қазақ жастарының қаржылық сауатын арттыруды көздеп келген Думанға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Қазақстанға қош келдіңіз! Осы аптада көпшілік «Алпауыт компаниялардың акциясын алып-сатуды үйрететін жалғыз қазақ», «АҚШ еліндегі трейдер қазақ» деп сізді аузынан тастамай айтып жүр. Алматыда ұйымдастырған конференцияңызға қатысқандардың айтқанына сенсек, сіз атажұртқа бірінші рет келіп тұр екенсіз. Сол рас па?– Иә, қазақ жеріне алғаш рет табан тіреп тұрмын. Негізі, мен – Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесінің тумасымын. Жастайымнан есеп-қисапқа жүйрік болдым, математикадан көптеген олимпиадаға қатыстым. Моңғол ұлттық университетінде халықаралық бизнес мамандығы бойынша білім алдым. Онда бір жыл жұмыс істеген соң, білімімді одан әрі жетілдіру керек екенін түсіндім. Сол уақытта туған ағам Жандос АҚШ-тың Денвер қаласында кәсіпкерлікпен айналысатын. Сөйтіп, сол қаладағы Ұлттық Америка университетінің магистратурасында ақылы бөлімде оқыдым. Алдын ала айта кетейін, мен қарапайым отбасында тәрбиеленіп өстім, сол себепті оқу, жетілу, даму үшін тынбай жұмыс істедім. Әу баста оқудың жарты жылының ақшасын ағам төлеп берді. Сосын мектептің кампусында жарты күн жұмыс істеп жүріп, одан бөлек ағамның онлайн бизнесіне көмектесіп, қаражат тауып, оқу ақысын өзім төлеп отырдым. Магистратураны бітірген соң, жергілікті компанияда ассистент-сарапшы болып жұмыс істедім. Мұндағы міндетім – шетелден келетін әртүрлі заттарға сараптама жасау. Сөйтіп жүріп биржа нарығына қызыға бастадым. Негізі, бұл нарықты түсіну оңай болған жоқ, бастапқыда көп қателік жібердім. Оңайға соқпады. Биржа саласында табыс табу – Америкада қалыпты жағдай. Құрама штаттарға келгенге дейін биржадағы сауданың қалай жүргізілетінін, акцияның қалай сатылатынын тек кинодан көретін едік қой. Биржада сауда-саттық жасап ақша табу тек америкалықтың ғана емес, қазақ баласының қолынан келетінін дәлелдегім келді. Бұл нарықты әбден зерттеген соң, мұны біз де іске асыруға қабілетті екенімізді түсіндім. Осы саланың білгірі болу үшін Нью-Йоркте қаржы мен инвестицияның орталығы саналатын әйгілі Уолл-стрит ауданында орналасқан SMB Capital трэйдинг компаниясында білім алдым. Жалпы айтқанда, биржа нарығының қыр-сырын білу үшін көп қаражат пен уақыт жұмсадым. Сосын бар білгенімді қандастармен бөлісейін, олар да мұның не екенін білсін, табыс тапсын деп оқыған-тоқығанымды ағылшын тілінен қазақ тіліне аударып, қазақтарға үйрете бастадым. Қанша дегенмен қаным қазақ болған соң, шетелде жүрсем де, қазақтың киелі топырағына табаным тимесе де, Қазақстанды, қазақ халқын ойламай жүре алмайсың. Сөйтіп, осы мақсаттың жетегінде көп ойланып, толғанып, DK Bull Trader академиясын құрдым.
– Академияда білім алып жатқан студенттердің дені қазақтар ма, әлде басқа ұлт өкілдері де бар ма?– Қазір академияда екі мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың тоқсан пайызы қазақтар, ал қалғаны әлемнің он төрт елінен хабарласып, қызығушылық танытқан өзге ұлт өкілдері. Сабақ онлайн форматта өтеді, бірақ оффлайн түрде жүргізу мәселесін де қарастырып жатырмыз, себебі Алматыға келген соң бетпе-бет отырып сабақ алғысы келетіндердің қарасы көбейіп, көбісі сабақтың форматын өзгертуді қолқалап жатыр. Студенттерден бөлек, жанымда қолдау білдіретін үлкен командам бар. Негізі, биржа нарығында жалғыз жұмыс істеу қиын. Неге десеңіз, биржада күн сайын көп өзгеріс болады, ал мұның барлығын бақылап отыру жалғыз адамға оңай емес. «Екі көзден мың құлақ артық» демекші, командамызбен күн сайын пайда болатын мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алмай, жіті бақылау арқылы көпшілікті пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етіп отырмыз.
– Биржада сауда-саттықпен айналысудың неліктен тиімді екенін түсінікті тілмен айтып беріңізші.– Мысалы, Айбек есімді жігіт бар делік. Tesla компаниясының негізін қалаушы, әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде көш бастап тұрған Илон Маскты алып қарастырайық. Айбек Қазақстанда мейрамхана ашқалы жатыр делік. Егер біреу сізге келіп «Сенде Айбектің кәсібіне, әрі Tesla-ға да ақша құятын мүмкіндік бар. Қайсын таңдайсың?» десе, не істейсіз? Ақылы бар адам екінші нұсқаның әлдеқайда оңтайлы екенін түсінеді деп ойлаймын. Себебі салымды теңгемен салу ешқандай да тиімді емес, одан да доллар бағамымен есептескен дұрыс. Біз осыны түсінбей, ақшамызды қайда құярымызды білмей, бас қатып, ақырында дүкен я мейрамхана бизнесін қолдай жөнелеміз. Түсінемін, тың естілетін биржадағы сауданың жүріп кетуіне көпшілігі сенбеуі мүмкін. Бірақ әлемнің ірі компанияларына қаражат құю аспандағы Ай секілді қол жетпейтін дүние емес. Біздің атқарып жатқан жұмысымыз базардан бір затты алып, орталықтағы сауда орталықтарына апарып сатқанмен бірдей. Трейдер деген сөздің қазақша мағынасы – саудагер. Бірақ трейдер ұғымының біздің түсінігіміздегі саудагерден де мағынасы терең. Қазіргі заманның саудасы осылай, яғни биржа нарығындағы акциялардың саудасы болып кеткен. Доллар бағамы бойынша қаражат құю арқылы ірі компаниялардың тауып жатқан табысынан үлес алып, пайда көре аламыз.
Бүгінде заманның ағымына қарай Қазақстанның кез келген қаласында отырып-ақ, алпауыт компанияларға инвестиция салуға мүмкіндік бар. Тек қолыңызда компьютер болса, интернет желісіне қосулы болсаңыз болғаны. Осыны қарапайым халыққа түсіндіргіміз келеді. Қазір Американың экономикасы биржа нарығы арқылы жедел қарқынмен дамып жатыр, өйткені заң бойынша белгілі бір компанияда жұмыс істейтін адам кез келген компанияға ақша салуға тиісті. Осылайша, Америкадағы биржа нарығы әлемді басқарып отыр. Мұны біз білуге тиіспіз. Білгіміз келмесе де, біраз уақыттан соң бұл алдымыздан шығады.Сондықтан қазақ жастарын әлемдік деңгейдегі биржаның сауда-саттық үдерісіне ілестіру міндетім деп санап, осы бағытта жұмыс істеп жатқан жайым бар. Айта кетерлік жайт, елдегі көпшілік акция саудасымен айналысуды қысқа мерзімде байып кетудің оңай әдісі ретінде қарастырады. Мұнда бүгін ақша салсаң, күні ертең-ақ көп пайда табасың деген түсінік болмауы керек. Тіпті, Америкада да қыруар ақша салған бойда көп ұзамай екі есе ақша табасың деген ұғым жоқ. Осыны түсінуіміз керек. Көп адам ақшаны жеңіл жолмен тапқысы келетінін түсінемін, бірақ оңай олжа тапқысы келетіндер түбі бір бәлеге ұрынып, ақырында ақшасы «күйіп» кететіні белгілі жайт. Биржадағы сауда-саттықтан пайда көру біраз уақытты қажет етеді. Тағы бір айта кетерлігі, көбісі америкалық кинолардан көргендей, биржамен жұмыс істеу, акцияларды басқару тек ауқатты я болмаса костюм киіп, галстук тағып алған адамдардың қолынан ғана келеді деп ойласа керек. Бұл – ағат пікір. Қарапайым адам қолында аз ақшасы болса да осы салаға бас сұға алады. Маңыздысы, мұның қыр-сырын жете түсініп, тиімді компанияға қаражат салу.
– Командаңыздың ұйымдастыруымен Алматыда өткен Qazaqsha Wallstreet кешінде елдегі көпшіліктің қаржылық сауаты төмен екенін айтып қалдыңыз...– Иә, елдегі ересектердің қаржылық сауаты расымен төмен екенін байқадым. Шындығын айту керек, Қазақстан тұрғындары бизнес әлемінде болып жатқан жаңалықтарды орыс тілінде оқиды. Әлемдегі ірі өзгерістер Америкада болып жатыр, ал елдегілер мұны дер кезінде білмей қалып жатады. Оның үстіне, қазақ тілінде ақпарат жоқтың қасы. Бәлкім, көп қандасымыздың қаржысын сауатты басқаруды білмеуіне осы себеп шығар деген ойға келдім. Бірақ, осы олқылықтың орнын толтыру үшін командамызбен көп жұмыс істеп жатырмыз. Біз жүргізген сабақ, семинар, конференциялар арқылы көп ұзамай көпшілік жиған-тергенін тек пайдалы іске жұмсайды деп үміттеніп отырмын. Негізі, қаржы басқаруды онлайн болсын, оффлайн болсын, үйренгісі келетін қазақтар саны өте көп. Жоғарыда сіз айтып өткен кешті тек жүз адамға лайықтап ұйымдастырған едік, алайда бұл кешке мен күткеннен де көп адам келіп, ақыр соңында қосымша орындықтар әкеліп, аудиторияны кеңейтуге мәжбүр болдық.
– Алматыға көп уақытқа тұрақтауға келдіңіз бе әлде Америкаға кері қайтасыз ба?– Өзіңіз білесіз, Америкада өмір сүру сапасы мүлде басқаша. Ол жақтағы жайлы өмірімді тастап, тарихи Отаным Қазақстанға келдім. Әуежайдан алғаш түскен кездегі әсерімді сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Ерекше сезімде болдым. Негізі, жұмысымды Америкада немесе Дубайда жүріп-ақ істей берсем болатын еді, бірақ біріншіден тарихи Отанның топырағына табанымды тигізіп, жұпар ауасын көкірек толтыра тыныстағым келді, екіншіден, көпшілікке таңсық биржа нарығына бас сұғуды қазақ тілінде үйреткім келді. Неліктен біз әркез орыстардың соңында жүруіміз керек? Неге біз тек орыстардан білім алуымыз керек? Ағылшын тілін жетік білетін, шетелде осы саланы жатпай-тұрмай зерттеген біреуіміз ортаға шығып, қаржысын сауатты басқарғысы келетін аға-бауырларымызға неге үйретпеске? Америка қоғамына қыруар пайда әкеліп жүрген жүйені неге Қазақстанда қолданбасқа? Атажұртқа келгендегі мақсатым – осы мәселелердің барлығын іске асыру. Оның үстіне, елге келген аз уақыттың ішінде «әттеген-ай» дегізетін тұстарды көп байқадым. Жоғарыда айтып өткенімдей, америкалықтарға қарағанда қазақ жастарының қаржыны басқару туралы түсінігі көңіл көншітпейді. Осы орайда қазақ жастарына көмектескім келеді. Қазіргідей дамыған заманда жастарға әлемде не болып жатқанын білмеу ұят. Ал білген-түйгенімді мұқтаж жандарға үйретпеу тіптен ұят. Құдайға шүкір, қазір әлем тамсанатын табыс көзіне жетуді қазақ тілінде үйрететін деңгейге жеттік. Қазір мендегі мақсат – Алматыда биржа әлемінің қыр-сырын меңгеремін деген қазақ жастарына жол сілтеп, жөн көрсету. Сосын, әлбетте, Қазақстанның басқа қалаларын аралағым келеді.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда «Қазақстанда барлығы мен ойлағаннан да асып түсті» дегеніңізді оқып қалдым. Елге келгенге дейін Қазақстан туралы қандай ойда болып едіңіз?– Елге келмес бұрын адамдардың көбі ол жақта жұмыс істеу үшін орыс тілін білуім керек екенін айтып, қиындық туындау ықтималдығын ескерткен болатын. Алайда, елге келгелі байқап жүрмін – қазақ тілінің мәртебесі жоғарылап, қолданыс аясы кеңейіп келеді екен. Сосын мені ерекше таңғалдырған тағы бір жайт – Алматының тамылжыған табиғаты. Сөздің шыны керек, Алматы туралы есту бір бөлек, ал оның көрікті жерлері мен көркем келбетін көзбен көргендегі әсер мүлде басқаша екен. Тағы бір айта кетерлігі, елге келгелі қазақтардың бауырмал, ағайыншыл екенін жете сезіндім. Қайда барсам да, құшақ жая қарсы алып, арқамнан қағып, ыстық қошеметін білдіріп жатқанына риза болдым.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ