Баға – аспанда, жалақы – жерде

Баға – аспанда, жалақы – жерде

Баға – аспанда, жалақы – жерде
ашық дереккөзі

Соңғы екі ай ішінде азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлардың бағасы күрт өсті. Басқасын былай қойғанда сәбіз, картоп, күнбағыс майы, жұмыртқа секілді өнімдердің бағасы аспандап кетті. Аспандап кетті дегеніміз де ешқандай әсірелеу емес. Бұрын баға тұрақты болды деп те айта алмаймыз, десек те, бұл жолғы қымбатшылық індеттен ес жия қоймаған халықты тіпті қыспаққа алды.

Бұрын жалақы тек азық-түлікке ғана жетеді дейтін едік, енді мүлдем жетпеуге айналды. Азық-түлік бағасының шарықтауына не себеп? Үкімет қандай шара қолданып отыр? Тауарлардың қайта арзандауы мүмкін бе? Шекті баға белгілеуге не кедергі?

Қыспаққа алған қымбатшылық

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері сәбіз 45 пайызға, картоп 38,5 пайызға, күнбағыс майы 16,7 пайызға, пияз 10,9 пайызға, қант 9,2 пайызға, қарақұмық жармасы 7,5 пайыз­ға қымбаттаған. Сонымен қатар жанармай, құрылыс материалдары, электр энергиясы, ком­муналдық қызметтер, дәрі-дәрмек, тұр­ғын үй құны қымбаттады. Тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Не қымбаттады емес, не қымбаттамады деген сұраққа жауап табу қиынырақ. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қым­бат­тауы жағынан Түркістан облысы көш ба­сында. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы және Ал­маты қаласы тұр. Ал Солтүстік Қазақстанда картоп ба­ғасы шарықтап тұр. Бұған дейін кар­топ өңірде ең көп өсірілетін әрі қол­же­тім­ді, арзан өнім саналғандықтан, бір келі­сі­нің 500 теңгеден асып кетуі қоғамдық ре­­­­зонанс тудырды. Дегенмен, басқа аймақ­тар­да да жағдай тура осындай. Өзімізде шы­ғатын көкөністер мен жемістердің ба­ға­сы тропикалық я болмаса экзотикалық же­містердің бағасынан кем түспей тұр. Сауда және интеграция министрлігі кар­топ бағасының өсуі қордың азаюы­нан болып отыр деп түсіндірді. Жыл­дың басындағы 903 мың тоннадан қазір 329 мың тонна қор қалған.
«Сонымен қатар нарықта тек им­порт­тал­ған картоп бар, оның импорттық бағасы өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 47 пайызға өскен. Ел нарығына картопты негізінен Пәкістан (58,5 пайыз үлесі бар) және Иран (36,4 пайыз үлесі бар) жеткізеді», – деді министрлік.
Ал сәбіздің қымбаттауының негізгі факторы – Өзбекстандағы бағаның 55 пайызға өсуі екен, ол маусымаралық ке­зеңде елімізге сәбіз жеткізетін бірден-бір ел (ҚР импортындағы ТҚ үлесі – 99,6 пайыз). Ал өз сәбізіміздің қоры жыл басынан бері 81 пайызға – 211 мың тоннадан 40 мың тон­­­наға дейін қысқарған. Бірақ өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығы еліміздің эко­номикасының маңызды салаларының біріне айналып, мол өнім алдық. Ста­тис­ти­калық мәліметтер бойынша, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының нақты­лан­ған егістік алқабы жалпы республика бойын­ша 22 582,3 мың гектарға жеткен, бұл 2019 жылға қарағанда 2 пайызға артық. Алай­да, өзіміз мол өнім алған болсақ, басқа ел­ден неге импорттап отырмыз деген сұрақ та­ғы да мазалайды. Өз өнімдеріміз қайда?

Өзіміздікін экспорттап, өзгенікін импорттаймыз

Ауыл шаруашылығы министрі Са­пархан Омаров өзімізде өсірілген кар­топтың бар екенін айтады. Бағасы да арзан көрінеді.
– Қазір картоп жоқ емес, бар. Астана ба­­­зарларының өзінде былтырғы картоп 200 тең­геден сатылып жатыр. Бірақ адамдар жаңа піскен картопты алғысы келеді. Ал жаңа шығып жатқан картоп Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан келіп жатыр. Әри­не, оның бағасы жоғары. Ал өзіміздің шаруа­лар былтырдан қалған картопты са­тып жатыр. Оны да көп ұстауға болмайды. Өйт­кені жаңа картоп келген сайын был­тырғы картопты ешкім алмайды. Бағасы да төмендеп кетеді, – деді Омаров Сенатта өт­кен Үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, қазір сауда министрлігімен бірлесіп, азық-түлік өндірушілермен келіссөз жүргізіліп жа­тыр. Оларға субсидия бойынша тиісті та­лап қою жоспарланып отыр.
– Егер олар субсидия алса, соның ішінен 30 пайызын ішкі нарыққа ұстап отыруы керек. Мысалы, былтыр бидай мен ұн сыртқа шығып кеткенде тапшылық туындау қаупі болған. Сол кезде біз өнім өндіру­ші­лер­мен келістік. Тауардың 70 пайызын экс­портқа шығарса, ішкі нарыққа 30 пайы­зын төменгі бағамен сатуға міндетті болған. Осы­ны ары қарай жалғастырамыз деп ой­лай­мын, – деп атап көрсетті Омаров.
Сауда және интеграция министрі Ба­қыт Сұлтановтың сөзінше, өзіміздің картоп экспортқа көп кетіп қалады. Содан жыл сайын тапшылық туындайды.
– Осы мәселені шешу үшін Ауыл шаруа­шылығы министрлігі де, жергілікті ат­қарушы органдар да тиісті шаралар қа­был­дамай отыр. Өткен жылы баға картоп экс­портына тыйым салу арқылы ғана тұрақ­тандырылды, – дейді Сұлтанов.
Министрдің мәліметіне сәйкес, биыл картопты төмен бағамен экспорт­таудың салдарынан отандық өнімнің қоры 3 есе қысқарған (903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін). Сол себепті Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна қымбат картоп сатып алыныпты. Оның бағасы отандық кар­топқа қарағанда үш есе жоғары.
Жалпы, 4 айда картоп импорты өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 67 есе өсті, ал жыл басынан бері импорт бағасы 47 пайызға жоғарылады. Бұл ретте әкімдіктер барлық қажетті шара­ны қолданса да, халықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықтағы картоп бағасын ұстай алмады, – деді министр.
Не десек те, қазіргі нарықтағы ахуал – осы. Жалпы, қымбатшылықтың бір қы­лаң берсе тамырланып кететінін ескер­сек, тек азық-түлік қана емес, барлық тауар­дың, балабақша бағасы мен коммуналдық тө­лемдердің өсетіні анық. Өсіп те жатыр. Ал жалақы бәз баяғы қалпында. Аз қам­тылған отбасылардың жағдайы не болмақ?

Мемлекет қандай шара қолданып жатыр?

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Серік Шапкенов Орта­лық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік жағынан аз қам­тыл­ған отбасыларға арнайы көмек бар екенін айтқан болатын.
– Табысы аз, күн көрісі төмен отбасы­лар­ға арнайы атаулы көмек бар. Қазірдің өзін­де 500-ден астам азамат осы көмекті ал­ды. Сонымен қатар былтыр 900-ден астам аза­мат алған болса, оның 600-і – бала. Ар­найы әлеуметтік көмегімізде осы азық-түлік себеттері бар. Оны атаулы әлеуметтік көмек алған жанұяларға үлестіріп жатырмыз, – деді Серік Шапкенов.
Министрдің айтуынша, аталған шара материалдық жағдайы қиын, атау­лы әлеуметтік көмек алушы отбасы­лар­ға аз да болса көмегін тигізеді. Ал елорда әкімдігі жүйелі түрде әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік өнім­дері­нің бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.  width= Бірақ, бұл игіліктен ауыл тұрғындары тыс қалғанын да естен шығармау керек. Қазір ауылдағы баға мен қаладағы бағаның арасында айтарлықтай айырма­шылық байқалмайды. Оған қоса, мұның бар­лығы тек уақытша нәтиже беруі мүмкін, ал шатқаяқтаған экономиканы қалай тұрақ­тандырамыз?

Сарапшылар не дейді?

   width= Мақсат ХАЛЫҚ, экономист-сарапшы:

Көлеңкелі сектордағы ақшаны жарыққа шығару арқылы барлығын реттеуге болады

– Жалпы қымбатшылық өткен жылдан бас­тап сезілді. Өткен жылғы қымбатшы­лық­тың негізгі себебі деп пандемияны айту­ға болады. Карантин кезінде халықтың азық-түлікке деген сұранысы артып, содан баға қатты шарықтап кетті. Өткен жылы инфляция деңгейі 7,5 пайызға дейін жетсе, азық-түлік инфляциясы 11 пайыздан асып жығылды. Ал енді биыл азық-түліктің бағасы тіп­тен шарықтап отыр. Азық-түліктен бөлек бас­пананың, басқа да тауарлардың бағасы қатты өсіп кеткенін байқап отырмыз. Мұ­ның барлығына Ұлттық Банктің ақшаны эмиссиялауы, теңгені басып шығаруы себеп болып отыр. Экономикада қарапайым заңдылық бар: айналымдағы ақша массасы мен айналымдағы тауарлардың арасында белгілі бір дәрежеде тепе-теңдік болуы ке­рек. Егер тауар көп өндірілмей, сол күйінде қал­са, ал ақша массасы ұлғайып кететін бол­са, бұл түптің-түбінде тауар бағасының қым­баттауына әкеледі. Бізде экономикалық өсім байқалмайды, қосымша өндіріс жоқ, қым­батшылықтың ең негізгі себебі осы болып отыр. Ақша неліктен басып шығарылып жатыр? Себебі мемлекеттік бюд­жет­те тап­шы­лық бар. Мемлекеттік бюджеттің жал­пы шы­ғыны – 15 триллион теңге. Ал са­лықтан түсе­тін кіріс 8 триллионға да жет­пейді. Сол тап­шылықты жабамыз деп Ұлт­тық қордан тран­светтік аударымдар ау­дарылып отыр. Өт­кен жылы пандемия салдарынан Ұлттық қордан 4,7 триллион теңге, ал осы жылы 3 триллион теңге аударылып отыр. Оған қоса былтыр Азия даму банкінен 1,5 миллиард еуро көлемінде қарыз алынды. Қалған жет­пеген ақшаны Ұлттық банк басып шығарып отыр. Нақты статистикалық деректерді келтірер болсақ, өткен 2020 жылғы қазанда басып шығарылған ақша массасы 24 триллион 180 миллиард теңге болған. Ал Ұлттық банктің сайтындағы статистика бөліміндегі мәліметтерге қарайтын болсақ, қазір 26 триллион 800 миллиард теңге болып тұр. Сонда айналдырған жарты жыл­дың ішінде 2,5 триллион теңге басып шығарылған. Мұндай жағдайда Үкімет қан­шалықты реттеймін десе де, одан еш­теңе шықпайды. Өйткені ақша масса­сының көп болуынан тауарлардың бағасы қымбаттай беретін болады. Сондықтан ақша басып шығарудың қажеті жоқ, Ұлттық қордан да ақша ау­дара беруге болмайды. Өткен аптада Есеп комитеті жариялаған деректерге қарасақ, Ұлттық қордан аударылған ақшаның көп­тігі соншалық, өзінің шегіне жетіп қалған. Негізі қорда жалпы ішкі өнімнің 30 пайы­зына дейінгі қаражат сақталуы керек. Ал қа­зір біз сол деңгейге жетіп қалдық. Одан азайып кетсе, онда Ұлттық қордың түбі көрі­неді деп айтуға толық негіз бар. Негі­зінен сырттан қарыз алмай-ақ, басып шы­ғар­май-ақ, Ұлттық қордан аудармай-ақ кө­леңкелі сектордағы ақшаны жарыққа шы­ғару арқылы барлығын реттеуге болады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, көлеңкелі сектордағы ақша жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына жеткен. Ал 2020 жыл­дың қорытындысы бойынша 23 пайызға дейін азайған деп көрсетіліпті. Менің ойымша, бұған Үкіметтің қосқан үлесі аз. Оған онлайн банкингтің, онлайн ақша ау­дарудың ықпалы зор болып отыр. Біздің жал­пы ішкі өнім 70 триллион теңге болса, оның 30 пайызы – 21 триллион тең­ге­ден аса­тын қаражат. Ақша айналымын­да таза­лық сақталса, ешқандай бюджет тап­шы­лығы болмас еді. Сосын, әрине халықтың жалақысын арттыру керек. Қазір біз жалақысы ең төменгі дәрежедегі елдердің қатарын­дамыз. Шенділер есеп берген кезде көбінесе орташа жалақыны алады. Ал орташа жалақының көлемі 223 мың теңге болып тұр. Бұл көрсеткішпен бағамдар болсақ, әри­не, ең соңғы орындарда емеспіз. Бірақ, Еуропа елдерінде орташа жалақы ретінде ме­дианалық орташа жалақы, модалық ор­таша жалақы есептеледі. Ал бізде ол ари­ф­метикалық түрде ең көп жалақы алатындар мен ең аз жалақы алатындардың арасын­дағы жалақыны есептеп шығара салады. Бұл – дұрыс емес. Биылғы шығарылған ме­диа­на­лық жалақы 147 мың теңге деп көр­сетіліпті. Бұл аз да болса шындыққа жа­насады, себебі бізде азаматтардың көбінің ала­тын жалақысы осы деңгейде. Енді бірден айту керек, тауарларға шек­ті баға қойып, қадағалаған бел­гілі бір дәрежеде дұрыс-ақ. Сонымен қатар қа­зір әлеуметтік маңызы бар 19 тауар анық­талды. Бірақ, экономика заңдары бойынша мем­лекет бағаны реттемеуі керек. Егер қол­дан реттер болса, онда нарық заңдары бұ­зылады. Сондықтан алдағы уақытта 3 жыл­дай қадағалап, сосын еркіне жіберу ке­рек. Ал одан бұрын азаматтардың жала­қы­сын арттырып алуымыз қажет. Экономикада Энгельдің заңы деген заңдылық бар. Халықтың жалақысы неғұрлым төмендеген сайын, азық-түлік шы­ғындары артады, ал көбейген сайын де­малыс шығындары артады. Халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығыны 50 пайыз­дан жоғары болса, демек, азамат­тар­дың табысы кедейлік деңгейіне жақын деген сөз. Дамыған елдерде халық бүкіл та­­­бысының 12 пайызын ғана азық-түлікке жұм­сайды, ал қалғанын өзін-өзі дамытуға, ба­ла-шағасын оқытуға, әлемді шарлап, сая­хаттауға арнайды. Оған қоса бізде халық жалақысын қа­рыз өтеуге жұмсайды. Сосын ке­лесі жалақыға дейін тағы қарыз алады. Мі­не, халқымыз осындай жағдайда өмір сүріп жатыр.
 width= Мақсат СЕРӘЛІ, экономист-сарапшы:

Халық жалақының 90-95 пайызын азық-түлікке жұмсап отыр

– Негізінен біздегі қымбатшылық ме­талл, құрылыс тауарларының қым­бат­тауы­нан басталды. Металл биржамен белгілене­тін­діктен, бірден 68 пайызға өсті. Одан кейін жанармай бағасы қымбаттады. Сосын коммуналдық қызметтердің бағасы өсті. Осының барлығы тізбектелген реакция ре­тінде бір-біріне әсер етті де, жаппай қым­батшылыққа ұласты. 3 жыл қатарынан қым­батшылық динамикасы байқалып ке­леді, яғни баға өкінішке қарай, төмен­де­мей­ді, бұдан әрі көтеріле береді. Оны мемлекет те қадағалай алмайды. Өйткені бұл – на­рық­тық экономиканың талаптары, оған тек көнуіміз керек. Ал тауарлардың қымбаттауына әсер етіп отырған негізгі фактор – Ұлттық банк­тің 5 триллион ақшаны айналымға шы­ғар­ғаны. Айналымға артық ақша шыққаннан кейін, әрине ақша құнсызданады. Оған қоса биыл бізде көктем кеш шықты. Ауыл шаруа­шылығы өнімдері нарыққа шығып үлгерген жоқ. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнім­дерін шетелдерден алып жатырмыз, мұндай жағдайда баға өсетіні онсыз да белгілі. Осындай фактордың барлығы қымбат­шы­лыққа алып келді. Қазір кейбір өнімдерге шек­ті баға қойды, дегенмен, тауар дүкенге қым­бат бағада келеді. Мысалы, тауар 450 тең­геге келетін болса, Үкімет оны 300 тең­геге сат деп айта алмайды. Мемлекет қазір бағаны екі тәсілмен қадағалауға тырысып жатыр, бірақ нәтиже беріп отырған жоқ. Біріншісі – 6 пайыз­бен несие беру. Бірақ оған кәсіпкерлер аса мұқтаж емес. Екіншісі – төмендетілген әлеуметтік дүкендер. Біріншіден, оның са­ны аз, екіншіден, ішкі нарықты қамтамасыз ете алмайды, үшіншіден ауылдарда, елді ме­кендерде мүлде жоқ деуге болады. Сон­дықтан да нарықтағы бағаға әсерін тигізе алмай, нәтижесіз болып отыр. Қымбатшылық деңгейінің өскені сонша – қазір халық жалақының 90-95 пайызын азық-түлікке жұмсайтын бол­ған. Бұл – жақсы құбылыс емес. Бұлай кете берсе, кедейшілік кең етек алып, Үкі­мет­ке, билікке деген халықтың наразы­лы­ғына ұласады. Сондықтан да Үкімет тиімді құралдарды қолдануы керек. Отандық өндіріс орындарының санын көбейткен жөн. Оларға тікелей көмек берілуі керек. Жал­пы айтқанда, жалпы ішкі өнімдегі отан­дық өнімдердің үлесін көбейтіп, кем дегенде 50 пайыздан асыруымыз керек. Сонда ғана экономикалық қауіпсіздік орнайды. Олай болмаса, ақшалай болсын, басқа бір реттік көмек болсын – бәрі уақытша құбылыс.

Жалпы, азық-түлік бағасының өсуі бүкіл әлем елдерінде байқалып отыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының мәліметтері бойынша, биылғы мамыр айындағы бағалар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,7 пайызға жоғары. Осылайша, бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. Қымбатшылықтың негізгі себебі – коронадағдарыстың салдары болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Десек те, өзіміз өндіретін негізгі азық-түлік тауарларының 2-3 есе қымбаттауы ақылға қонымсыз. Ал сарапшылар баға одан әрі жоғарыламаса, түспейтінін айтады.