Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: Орта Азиядағы үздік университет
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: Орта Азиядағы үздік университет
Биыл мемлекетіміз үшін маңызды мереке – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бұл – өткенге есеп беріп, келешекке нақты жоспар жасайтын үлкен белес. Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында болған ел үшін осы жылдардың әрбір сәті маңызға ие.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Тәуелсіздіктің туын қолда берік ұстау – әрбір қазақтың, Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр адамның басты борышы, биік мақсаты» болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлары азаттықтың ақ таңында өздеріне артылған осы міндетті айқын түсініп, сенім үдесінен шығуға жұмыла кірісті. Мемлекет міндеттеген білім беру жүйесін сапалық жағынан жақсартуға, ғылымды басқару мен қаржыландырудың құқықтық-заңнамалық базасын қалыптастыруға күш салды. Уақыт көшінен қалмай, жаңа заманның талаптарына сай даму кезеңінен өтті, жаңа ізденістерге жол ашты.
Егемен ел болып, елдің рухы көтерілген шақта университетке ұлы энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің аты берілді.
Жылдар бойы іргелі оқу орнында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаздар ғылыми мектебін қалыптастырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Ұлы бабамыз әл-Фараби есімімен аталатын бұл университет – еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы. Осы жылдарда тамаша ұстаздар шоғырының бірнеше буыны жемісті еңбек еткен бұл университетті мыңдаған білікті мамандар бітіріп шықты» десе, енді бірде: «Сіздер университет қабырғасында тек білікті маман ғана емес, уақыт талабына жауап беретін тұлға дайындауларыңыз қажет» деп, оқу орнына зор жауапкершілік жүктеген болатын.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдік «топ-200» үздік университеттердің қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз университет. Стратегиялық мемлекеттік және халықаралық міндеттерді шешуде айтарлықтай әлеуетке ие. Жақында ғана QS жаһандық рейтингі бойынша университет 175-орынға шықты. Бұл оқу орнының Тәуелсіздік тойына қосқан өзіндік үлесі және алдағы жетістіктердің барлығы айтулы мерекеге арналады.
Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағында бүгінде 2 000-нан астам оқытушы жұмыс істейді, олардың ғылыми дәрежелігі – 81 пайыз. 500-ден астам, оның ішінде, алыс және жақын шет елдердің жетекші университеттерімен бірлесіп әзірленген білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.
Университет ғаламдық өзгерістерді ескере отырып, нейроғылым, Креативті индустрия, Цифрлық экономика, Экологиялық инжиниринг, Медиакоммуникациялар, Деректер туралы ғылым, Цифрлық мұрағаттану және құжаттану, Басқарудың интеллектуалды жүйелері, Наноматериалдар және нанохимия саласында жаңа бағдарламалар енгізіп жатыр.
Мұнда еліміздің басқа университеттерінде кездеспейтін бірегей ғылыми-техникалық парк құрылған. Онда Қазақстанда атқарылып жатқан ғылыми-зерттеу жобаларының басым бөлігін жүзеге асырып отырған 30-дан астам ғылыми-зерттеу институты мен орталығы жұмыс істейді. Нewlett Packard компаниясының заманауи оқу-ғылыми орталығы ашылып, Konіca Mіnoltа компаниясы университетте озық технологиялар лабораториясын құрды.
Әлемнің ең ірі 400 университетімен әріптестік орнатылған, Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеті мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы университетіне магистратураға қабылдау жүргізіледі. Студенттердің академиялық ұтқырлығы белсенді дамып келеді.
25 мыңнан астам студент, магистрант және докторанттар білім алып жатыр, олардың 10 пайызы әлемнің 50 елінен келген шетелдік азаматтар. 2025 жылы шетелдік студенттердің үлесін 25 пайызға дейін арттыру міндетін қойып отырмыз. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркия елінде 3 филиал ашу жоспарланған.
Жыл сайын еліміздің ғылыми-техникалық дамуының маңызды басымдықтары бойынша 500-ден астам ғылыми жоба орындалады.
Жалпы, бағдарламалық-мақсатты және гранттық қаржыландыру бойынша 3 жылда жүзеге асырылып жатқан жобалардың бюджеті 7,7 млрд теңгеден асады.
ҚазҰУ дәстүрлі түрде ғылыми мақалалар бойынша көшбасшы болып, рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланым ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. 2020 жылы университет беделді Web of Science деректер қорының «Ғылым көшбасшысы» сыйлығының үш номинациясына ие болды. Университеттің 5 ғылыми журналы халықаралық деректер қорына енгізілген. Біздің ғалымдардың жиынтық Хирш индексі 2 700-ден асты.
Жас ғалымдарды қолдау жүйесі жұмыс істейді, «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» байқауы және «Фараби әлемі» студенттер конференциясы өткізіледі. Жыл сайын 15-ке жуық қызметкер жас дарынды ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанады.
«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы аясында студенттік бизнес-инкубаторлардың үздік студенттік инновациялық жобаларының байқауына студенттердің 60-тан астам инновациялық жобасы ұсынылды. Байқау қорытындысы бойынша 9 жоба іріктеліп, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапат-талды.
Инновациялық жобалар табысты іске асырылып жатыр және шағын сериялы өнімдер шығару бойынша 10-нан астам ғылыми ауқымды өндірісқұрылды. Біздің ғалымдар COVID-19-дың алдын алуға да белсенді қатысып, жергілікті өсімдік шикізаты негізінде дәрілік препараттардың шағын тонналық өндірісі және дезинфекциялық жуу құралдарын шығару өндірісі ұйымдастырылды.
Британдық AVEVA Group plc компаниясымен бірлесіп Инженерлік жобалау орталығы құрылды. Бұл – компанияның Орталық Азия өңіріндегі алғашқы өкілі.
Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Коммерциялық емес акционерлік қоғамға өтті. Білім және ғылым министрі бастаған Директорлар кеңесі құрылды. Оның құрамына экономика, ғылым, саясаттану, әлеуметтану және медиа саласындағы танымал мамандар кірді. Корпоративтік басқарудың ең озық технологиялары енгізіліп жатыр. Корпоративтік басқарудың перспективалық моделі құрылуда, сондай-ақ оларды кейіннен цифрландыру үшін бизнес процестерді оңтайландыру басталды. Бұл үдерістер – академиялық қауымдастық пен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жұмысының заңды нәтижесі.
Тұтастай алғанда, елімізде жоғары оқу орны академиялық еркіндігі дәйекті түрде кеңейіп келеді, бұл академиялық саясатты дербес айқындауға, білім беру сапасын және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін инновациялық білім беру технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.
Биылдан бастап еліміздің барлық жоғары оқу орындары өз үлгісіндегі дипломдарды беретін болады. Әрине, бұл әр университеттің жауапкершілігін талап етеді және дипломдарымыздың танымалдығын арттырады.
Оқытушылардың мәртебесі және олардың университеттің дамуына қосқан үлесі арта бастайды. Ол үшін әріптестерімізді алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын пайдалануға, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге және қала мен мемлекет деңгейінде қоғамдық маңызы бар іс-шараларға қатысуға бағыттаймыз.
Біздің оқытушылардың халықаралық қауымдастыққа бірігуіне де үлкен көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Білім және ғылым министрлігі тарапынан жыл сайын 500 қазақстандық ғалым шетелдік тағылымдамадан өтетін болады. Бұл біздің оқытушылар үшін де бірегей мүмкіндік, сондықтан университет белсенді қатысатын болады.
АҚШ-тың Уейн университетінің профессоры, математик ғалым Уалбай Өмірбаев пен Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің профессоры, нейробиолог Базбек Дәулетов сияқты профессорлар шақырылып, олар өз дәрістерін бере бастады.
Университеттің 400-ден астам оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегері, бұл елдегі гранттардың жалпы санының 20 пайызы. Бұл өз кезегінде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында – Гарвард, Йель, Стэнфорд, Берклиде ғылыми тағылымдамадан өтуге, халықаралық конференцияларға қатысуға, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізуге және монографиялар мен оқулықтар жариялауға мүмкіндік берді.
Материалдық-техникалық базаны жаңғырту – университет қызметінің басты бағыттарының бірі. Университетте 6 мың орындық 17 студенттік жатақхана және 18 оқу-зертханалық корпус бар. Көптеген ғимарат жаңартуды қажет етеді. Оқытушылар мен студенттердің қазіргі заманғы әрі қолайлы жағдайларда жұмыс істеп, оқу керек екенін түсінеміз. Сондықтан тек бюджеттік қаражатқа ғана бағдарланбай, оқу корпустарын, жатақханаларды (800-1000 орын) және қызметкерлерге арналған тұрғын үйлерді салу жоспарланып отыр.
Қаңтардың алғашқы аптасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын» жариялап, «Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт» деп атап өткен болатын.
Осыған сәйкес, қоғамдық және әлеуметтік-мәдени белсенділікті арттыру мақсатында және карантин шараларын ескере отырып, шетелдік және отандық жетекші ғалымдардың қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған 20-ға жуық республикалық және халықаралық іс-шара өткізілді.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына арналған
«О.Сүлейменов – ақын және азамат», «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі қалыптасуының саяси-құқықтық және экономикалық мәселелері: тарихы және қазіргі кезеңі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды.
Тәуелсіздік жылдарындағы ҚазҰУ ұжымының ауыз толтырып айтатын жетістіктері жетерлік. Мұның бәрі оңайлықпен, өзімен-өзі келген жоқ. Бұл тек бір ұрпақтың ғана емес, бұл сонау өткен ғасырдың 30-жылдары осы университеттің іргетасын қалап, жоғары оқу орны ретінде тұсауын кескен тұлғалардың еңбегі. Содан бері – 87 жыл бойы осы ұжымда аянбай қызмет еткен мыңдаған ғұлама ғалымның ізденісінің нәтижесі. Сол ұстаздардың қазіргі толқынының мәртебесін арттырып, «ҚазҰУ оқытушысы», «ҚазҰУ профессоры» деген ардақты аттың статусын көтеру қолға алынды. Бұл орайда ұстаз ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оқытушы мамандығының беделін арттыруға көңіл бөлу қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын арттыруды тапсырды. Осыған сәйкес, наурыз айында оқу ордасындағы жалақысы 20 пайызға өсті. Бұл қолдау алда да жалғасын таба береді.
Университет ғалымдары Тәуелсіздік кезіндегі құқық, түркология, шығыстану, тарих және басқа салалардың дамуына арналған кітаптар дайындауда. Тәуелсіздікке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерімен «Отыз жылдыққа отыз апталық» жобасы жоспарланып, танымал тұлғалардың лекциялары өтіп жатыр.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстанның Тұңғыш Президентінің құрметіне «Елбасы саябағы» ашылып, 300-ге жуық алма, шие, өрік ағашы отырғызылды.
Бұдан бөлек, қалашықта «Ағаштар аллеясы» бой көтерді. Онда ұжыммен бірге жалпы саны 300-ден астам қырым қарағайы мен алтай шыршасы студенттер игілігіне тарту етілді. Ғылым қызметкерлері күнінде Сиверс алмасының 100-ге жуық көшеті егіліп, ол «Ғалымдар бағы» деп аталды.
Қазір оқу ғимараттарында, жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұйыртса, оқу жылы басталған сәтте оқытушыларымыз бен білім алушыларды заманауи аудиторияларда қарсы алуды көздеп отырмыз.
Ұжымның бұрынғы тамаша дәстүрін сақтай отырып, оларды жаңа ұстанымдармен, озық талаптармен ұштастырып, университеттің жақсы атын алыс-жақын шет елге таныту – басты мақсаттарымыздың бірі. Сондықтан Елбасы, Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттерді өз дәрежесінде атқарып, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне лайықты тарту жасаймыз деген ойдамыз.