30 жылдық әдебиет − өрлеудің дәлелі

30 жылдық әдебиет − өрлеудің дәлелі

30 жылдық әдебиет − өрлеудің дәлелі
ашық дереккөзі

Әдебиет ұлттың рухани әлемін қалыптастыратын күшке ие. Дегенмен онда әрдайым уақыт пен заманның әсері көрініп тұрады. Сон­дықтан дәуірлер алмасып, қоғам өзгергенде әдебиет те түлеп, жаңа кеңіс­тікке құлаш сермеп, жаңа қоғамның қалауына сай туындылар өмірге келеді.

Әрине, әдебиеттің мәңгілік қағидасы – көркемдік құдіретімен ақиқатты жеткізу. Әділдікті жақтап, шындыққа қамқор болу. Сондықтан ол жұрттың көкейіндегісін тап баса отырып, қоғамдағы өзгерістердің сырына үңіледі және бір қарағанда оқырманмен тең дәрежеде диалог орнатқандай көрінгенімен заманнан озыңқырап, әдебиетсүйер қауымның талғамын көтеруге қызмет етеді. Көркемсөздің осы бір қасиеті біздің ұлттық әдебиетімізге де тән. Таза ұлттық тұрғыдан қарасақ, бас­тауын қазақи ұғым-түсінік қалып­тас­қ­ан ХV ғасырдағы Қазақ хандығы тұ­сын­да өмір сүрген жыраулар поэзиясынан ала­тын (одан арғысы «Түркілік ортақ дәуір әде­биеті» делінеді) қазақ әдебиеті талай қи­лы кезеңдерді бастан кешіп, ХХ ғасырдың ба­сында жазба қалыпқа көшті. Сол тұста фо­льклорлық стильден оншалық ірге ажы­рата қоймаса да Абай шығармашылығынан кейін мүлде жаңа бағытқа бет алған қазақ көркемсөзі аз ғана уақыттың ішінде әлемдік әдебиет шыққан биікке қол созып, ерен же­тістіктерге жетті. Өткен ғасырда 30 жыл ішін­де романдарымыздың сапасының дү­ниежүзілік деңгейге жетуі (алғашқы қазақ ро­маны – Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» 1912 жылы жарық көрсе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірін­ші кітабы 1942 жылы басылып шықты) әлем тарихындағы сенсациялық құбы­лыс­тар­дың бірі деуге болады. Сол сияқты ІІ дү­­­ниежүзілік соғыстан бұрынғы қазақ поэ­зиясында лирикалық шығармаларды былай қой­ғанда Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы», Ілияс Жан­сүгіров­тің «Күй», «Күйші», «Құлагер» секілді поэ­маларының өз жанрында жоғары та­бысқа жетуі ұлттық әдебиетіміздің қысқа уа­қыттың ішінде сұрапыл жылдамдықпен өр­легенін танытады. Драматургия саласы да қа­рыштап дамыды. Соның айқын айға­ғы­ның бірі − қазақтың кемеңгер қаламгері Әбді­жәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының сахналық қойылымы үшін оның авторына 1973 жылы КСРО Мем­ле­кеттік сыйлығының берілуі. Кезінде Ж.Ша­нин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов секілді алып­тар негізін салып дамытқан қазақ драматур­гия­сын одан кейінгі кезеңде Тахауи Ахтанов се­кілді қуатты қаламгерлер биік­тетіп әкет­се, өткен ғасырдың ортасынан бері қа­рай Қ.Мұхамеджанов, Қ.Шаңғытбаев, А.Сүлей­ме­нов, Д.Исабеков, О.Бөкей, С.Бал­ғабаев се­кіл­ді драматургтер бұл жанрды за­манға сай түрлендіріп, кең тыныс берді. Әдебиетіміздің толысып кемел­денуі­мен оның сыны да күшейе түсті. Кеңестік кезеңде Мұхамеджан Қаратаев, Зей­нолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Қал­жан Нұрмаханов, Айқын Нұрқатов, Рах­менқұл Бердібаев, секілді ірі сыншы-теоре­тиктерден соңғы дәуірде Тәкен Әлімқұлов, Зей­нолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшібаев, Бақыт Сарбалаевтардың шы­ғармашылығы қазақ әдебиетінің көр­кем­дігіне деген талапты күшейтіп, қазақ сы­ны әдебиетсүйгіш қауымның талғамын қалып­тастырды. Тағы бір айта кететін нәрсе, өткен ға­­­сырда шығармаларын орыс тілін­де жазып танылған қазақтар − ақын Олжас Сүлейменов пен жазушы Әнуәр Әлімжанов, Роллан Сейсенбаевтар еліміздің аз да болса шетелге танылуына белгілі дәрежеде ықпал жасады. Қалай десек те, кеңестік кезеңде қа­зақ әдебиеті көркемдік деңгейі ж­а­ғы­нан сол тұстағы одақтас әдебиеттер ара­­­сында жан-жақты жетілген әдебиет­тер­дің қатарында тұрды. Дегенмен ХХ ғасырда 74 жыл бойы билік құрып, қоластында өмір сүрген халықтардың бәрінің жан-дүниесіне мемлекеттік саясат тұрғысынан әсер еткен КСРО дәуірінде әдебиет пен өнердің барлық саласында партиялық көзқарас үстем еді. Соның себебінен әдебиетімізде жабық та­қырып көп болды. Мәселен, ұлттық салт-дәс­түрді кең насихаттауға, тарихты жаз­ған­да хандар мен би-батырларды дәріптеуге тыйым салынды. Жазыла қалған жағдайда ол кеңестік саясатқа қайшы келмеуі қада­ғаланды. Сөйтіп, қаншама талантты ақын-жазушыларымыз болса да олар белгіленген шең­берден шықпауға тиіс болды. Ал 1991 жыл­дың соңында еліміз бір жарым ғасыр­дан аса уақыт жоғалтқан тәуелсіздігіне қай­та қол жеткізгенде әдебиетімізде бұрын рұқ­сат етілмейтін тақырыптардың бәрі же­дел игеріле бастады. Бұрын аттарын атау­ға тыйым салынған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді алашшыл қайраткер-қаламгерлер саяси жағынан ақталып, шығармалары басылып шығып ел арасына тарай бастады. Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Ерімбет Көл­дейбекұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Ал­бан Асанұлы секілді ақындардың кітап­тары шығып, өмірі мен шығармашылығы кең түрде насихаттала бастады. Бұл − қазақ ұлт­тық көркемсөзінің азат дәуірінің бас­талуы болатын. Қоғамдық формациялар ауысқан тұс­та саяси-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жақтан да үлкен күй­зе­лістер болды. Яғни, түсініктер өзгеріп, ұғым­дар шайқалғанда қалыпты жазу бағы­ты да бұзылуға мәжбүр болады. Авторлары қанша азаттық аңса­ға­ны­мен, айтар ойын қанша астарлы бер­се де қалыбы социалистік реализм тәсі­лі­мен жасалатын кеңестік дәуірдегі әдебиет жаңа заманда қалай өзгеріп, қай бағытқа бұрылуды білмей дағдарды. Шын мәнінде заманның әдебиетке қойған талабының өзі түсініксіз бір кезең еді. Әйтеуір «шындықты ай­ту керек» деген бір ұстаным бар. Бірақ әде­биетте оны қалай айту керек, қалай көр­сету керек? Проблеманың үлкені осы еді. Иә, 70 жылдан аса тұншыққан қо­ғам­ның ашылар ақиқаты, шертілер шын­дығы көп еді. ХХ ғасырда қазақ басы­нан өткен ақтар мен қызылдар жасаған қыр­ғын, кәмпеске, аштық, репрессия, ІІ дү­ниежүзілік соғыс, соғыстан соңғы қу­да­лау секілді сандаған нәубет жайында ай­тылуы, жазылуы тиіс еді. Сондықтан әлі еліміз толық тәуелсіздікке қол жеткізбеген шақта, КСРО-ның соңғы президенті М. Гор­бачевтің тұсында басталған қоғамдағы жариялылық пен демократия кезінде-ақ қазақ қаламгерлері кеңес дәуірінде ұлтының басынан өткен қасіреттер жайында ашық айтуға көшті. Мәселен, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы тәуелсіздіктен бұрын жа­рық көрсе де өткен ғасырдың 30-жыл­дарындағы аштықты ашық суреттеп, оның қасіретін жасырмай көрсетті. Қадыр Мыр­залиев (кейін Қадыр Мырза Әли) қазақ ба­сынан өткен түрлі нәубеттің ащы шын­дығын жырласа, Мұхтар Мағауин кеңестік дәуірдің келтірген кесапаттары жайында көптеген мақала жазды. Бұл сияқты өзгеріс­тердің бәрі жаңа дәуірдегі ұлттық әдебиеттің болмысының жаңаша қалыптасуына зор әсерін тигізді. Шынын айту керек, тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында тарихшы­лар мен публицистер әдебиеттің алдына түсіп кетті. Өйткені ұзақ уақыт бойы жал­ған мәліметтермен жазылған тарихтың өзгеруі, тарихи шындықтардың қалпына келуі уақыт, заман талабы болды, ал жур­на­листика ұшқыр жанр ретінде қоғам талап еткен ақиқатты айтып, елдің көкірек көзі ашылып, санасының оянуына қызмет етті. Бұл тұста әдебиетте тек поэзия ғана алда жүрді деп айтуға болады. Дегенмен қазақ про­засы бұрынғы дәуірдегі инерциясынан айыра қойған жоқ. Қазақтың жанына жақын тарихи шығармалар жарық көріп жат­ты. Мәселен бұрын Қытай қазақтары өмі­рінен «Соңғы көш» дилогиясын, «Тағдыр» ро­манын жазған Қабдеш Жұмаділов Абы­лайхан дәуіріндегі қазақтың белгілі батыры «Дарабоз» романын жазып жариялады. (1-кітап 1994 ж. 2-кітап 1996 ж). Жазушы Мұ­хадес Есламғалиұлы қазақтың атақты төбе биінің бірі туралы «Әйтеке би» (1998) атты кітабын шығарды (кейін ол роман-дилогияға айналды: «Әйтеке би» романы, 2003 жыл). Сол сияқты 2001 жылы белгілі жазушы Молдахмет Қаназ Сыр бойында орыс пен Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы ұлт азаттық көтерілісін басқарған батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы туралы тарихи шындықты паш еткен «Жанқожа» атты кітабын шығарды. Сондай-ақ, жазушы Жа­нат Ахмадидің «Дүрбелең» (1990), «Шыр­ғалаң» (1997), Ұзақбай Доспамбетовтың «Қы­зыл жолбарыс» (2000), «Абылайдың ақ туы» (2004) дилогиялары, Софы Сматаевтың атақты «Елім-ай» трилогиясының 3-кітабы (2003), Қалмұқан Исабайдың «Шоң би» (2005) тарихи романдары сол тұстағы оқыр­манның рухани қажетін өтеген шы­ғармалар болды. Ал Әбіш Кекілбайдың Махамбет Өтемісұлы туралы жазған «Шандоз» атты кітабы ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы қозғалысты бас­таушы батыр-ақын Махамбет туралы жаңаша көзқараста жазылған тарихи баян болды. Мұхтар Шахановтың үш кітаптан тұратын «Желтоқсан эпопеясы» романы болса, өзінің жазылу ерекшелігімен және ұлттық тарихындағы үлкен бетбұрысқа бас­таған оқиға туралы шындықты жеткізуі­мен құнды. Сонымен бірге «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты өлең­мен жазылған романдары ЮНЕСКО деңгейінде танылып, әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Смағұл Елубайдың ертеректе жазған «Ақ боз үй» романының жалғасы іс­петті «Мінәжат», «Жалған дүние», Рамазан Тоқтаровтың «Бақытты құлдықтың ақыры», Ораз­бек Сәрсенбайдың «Шамшырақ», «Шең­бер», Баққожа Мұқайдың «Өмірзая», Тоқ­тар Бейісқұловтардың «Қаза мен аза», Адам Мекебайдың «Құпия қойма» роман­дары ашаршылық, кіші қазан зардаптарын суреттеді. Бұлардың бәрі, әрине белгілі бір ке­зеңде қазақтың бастан кешкен қасірет­терін баяндап, тарихи шындықты ұғын­дыру­ға қызмет етті. Кеңестік дәуірде жарық көрген С.Сей­фуллин­нің «Тар жол тайғақ кешу». С.Мұқановтың «Өмір мектебі» секілді бірен-саран шығармалар болмаса, бізде мемуар­лық әдебиет өте аз еді. Ал осы олқылықтың орнын тәуелсіздік дәуірінде М.Мағауиннің «Мен», Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», Қ.Ысқақтың «Келмес күндер елесі», Қ.Мырза Әлидің «Иірім» секілді кітаптары толтырды деуге болады. Бұлардан қаламгерлердің өмірі туралы біле отырып, олардың қоғамға де­ген көзқарасынан да хабардар бола­мыз. ХХІ ғасырда роман оқылмайды, өйткені қа­зіргі заман тездікті, ықшамдықты, қыс­қа­лықты қалайды деген түсінік бар. Бірақ ол көзқарастың әдебиет әлеміне жүрмейтіні дәлелденіп жатыр. Күллі әлем бойынша мың­даған романдар жазылып жатыр, олар және оқылып, бағасын алып жатыр. Демек, тәуел­сіздік дәуіріндегі қазақ әдебиетінде ро­мандардың көптеп жазылуында да заң­дылық бар. Сондықтан кейінгі дәуірде туған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Ә.Сараевтың «Еділ-Жайық», Рамазан Тоқ­таров­тың «Абайдың жұмбағы», Шерхан Мұр­тазаның «Ай мен Айша», Мұхтар Ма­ғауин­нің «Сары қазақ», «Қыпшақ аруы», «Жар­мақ» «Кесік бас тірі тұлұп хикаяты», Талас­бек Әсемқұловтың «Талтүс», Жұмабай Шаш­тайұлының «Жаңғырық», Әкім Тара­зидың «Мұстафа Шоқай», Қажығали Мұ­хан­бетқалиұлының «Тар кезең», Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» (трилогия), Қуаныш Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұт­қыны», «Жер үстінде де жұмақ бар», «Ән салу­ға әлі ерте», Рахымжан Отарбаевтың «Бас», Жүсіпбек Қорғасбектің «Үлпілдек», Бек­сұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай», Тұрыс­бек Сәукетаевтың «Айқараңғысы», «Мен – жындымын», Тынымбай Нұрма­ғам­бетов­тің «Періштелердің өлімі» секілді ро­ман­дары, сөз жоқ, қазақ көркемсөзінің же­­­тіс­тігі саналады. Дегенмен бір айта кететін нәрсе, кейін­гі дәуірде, яғни тәуелсіздіктен бер­гі жерде әдебиетке келген қазақ қалам­герлерінің арасында проза саласында еңбек етіп жүргендері аз көрінеді. Дегенмен Думан Рамазан, Әділбек Ыбырайымов, Дидар Аман­тай, Бегабат Ұзақов, Нұржан Қуан­тай­ұлы, Дәурен Қуат, Айгүл Кемелбай, Мақсат Мәлік, Мәдина Омарова, Қанағат Әбілқайыр т.б. прозашылардың шығармашылығы бү­гін­гі қазақ прозасының сан түрлі бағыттағы ізденісінен хабар береді. Поэзия − қай заманда да біздің әде­биетіміздің фавориті. Қай дәуірде де қазақ ақындары ұлтына танымал және сүйікті болып келді. Өйткені ел басына күн туғанда немесе қоғам шындықты талап ет­кенде ақындарымыз үндемей қалған кезі жоқ. Қазақ жырында әрқайсысы өз дәуірінде шындықты қорғаған Махамбет, Абай, Мағ­жан, Қуандық Шаңғытбаев, Қасым Аман­жо­лов, Жұбан Молдағалиев, Мұхтар Шаханов секілді ақындардың үлгісі тәуелсіздік дәуірі келгенде қайта жаңғырғаны шындық. Тәуелсіздік қазақ жырына да кең ты­ныс, шалқар шабыт сыйлады. Кеңес­тік дәуірде шығармашылығын бастаған аға ақындар жаңа бағытқа бет бұрса, әдебие­ті­міз­г­е өткен ғасырдың 70-жылдарының ор­та­сы мен 80-жылдардың басында және 90-жылдарда келген ақындар азат ойдың жел­кенін көтеріп, бостан елдің бағын жыр­лады. Сондықтан соңғы 30 жыл қазақ жы­ры­на ерекше серпін берген дәуір деуге бо­лады. Жаңа ғасырда қазақ жырының клас­сиктері Қадыр Мырза Әли мен Тұман­бай Молдағалиевтің көптеген жаңа кі­таптары және алдын 12, кейін 18 томдық­тары, Фариза Оңғарсынованың 10 томдығы басылып шықты. Бұл бұрын-соңды қазақ ақындары үшін қол жете қоймаған арман еді. Ал Жұмекен Нәжімеденовтің 7 томдық, Мұқағали Мақатаевтың 5 томдық, Төлеген Айбергеновтің 4 томдық шығармаларының, Өмірзақ Қожамұратовтың «Күн астында − құдірет», «Сезім сәттері» кітаптарының жа­рық көруі де жаңа ғасырдағы қазақ поэ­зия­сының мерейі. Жаңа дәуірдегі қазақ поэзиясы Жа­рас­қан Әбдірашевтің «Құлпытас», Байбота Қошым-Ноғайдың «Тәңір тара­зысы», «Жұмақ нұры», Есенғали Раушанов­тың «Ғайша бибі», «Періштелер мен құстар», Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сары­ны», Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітап», Аман­хан Әлімнің «Атақоныс», Мейірхан Ақ­дәулетұлының «Дәруішнама», «Бейуақ­тағы мінәжат», Шаһизада Әбдікәрімовтің «Гладиатор», «Сүлейдария», Тыныштықбек Әбдікәкімовтің «Ырауан», Светқали Нұр­жан­ның «Таң қауызын жарғанда» (3 том­дық), «Ай таранған түн», Сабыр Адайдың «Әр қазақ − менің жалғызым», «Қазақстан жал­ғыз ұлы қазақтың», «Серттесу», Есенқұл Жа­­­қыпбековтің «Жанқисса», «Біздің елдің жі­гіттері», «Тазқара құстың тағдыры», Гүл­нәр Салықбайдың «Аспандағы аңсарым», «Ке­шіріңдер, келгенімді өмірге» секілді жаңа­ша ізденістен туған жыр кітаптарымен байы­ды.
30 жылдық кезеңде, жоғарыда көрсетке­ні­міз­дей, проза мен поэзияда көзге көрі­не­тін­дей елеулі жетістіктерге ие болдық, олар­дың деңгейіне жете қоймаса да дра­матургиямызда даму бар, соңғы жылдарда ба­лалар әдебиетіне де қамқорлық көрсетіліп жатыр. Тек бізде тұралап қалған сын жанры болды. Әдебиетіміздің жетістігі дерлік шы­ғармаларды талдап түсіндіретін әділ сын жоқ­тың қасы...
Тәуел­сіздік дәуірінде қазақ мемлекеті ұлт­тық әдебиетіне зор қамқорлық көрсетті деуге болады. Өтпелі дәуірдің қиын­шылығын еңсергеннен бергі жерде ақын-жазушылардың шығармаларының жарық көруіне, авторларға қаламақы төленуге жағдай жасалып жатыр. 2001 жы­лы ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Отырар кітапханасы» сериясымен 110 кітап жарық көрсе, одан бергі жерде «Сырдария кітапханасымен» 200 том кітап басылып шықты. Сондай-ақ, «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы», «Атырау қаламгерлері», «Алтай-Ертіс кітап­ханасы», «Ақтөбе кітапханасы» серия­лары­мен де көптомдықтар жарық көрді. Бұдан басқа қазақтың 100 романы, 10 томдық қазақ поэзиясының антологиясы, 6 томдық қазақ поэмалары баспадан шықты. Біраз жылдан бері мемлекет тарапынан «Әдебиет­тің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында еліміздегі қа­ламгерлердің кітаптары тегін басып шы­ғарылып, кітапханаларға тегін таратылып, ав­тор­ларға азды-көпті қаламақы тағайын­далып келеді. Қазақ жазушыларын әлемге таныту жолында мемлекет тарапынан көп­те­ген іс-шара атқарылып жатыр. Мәселен, 2019 жылдың 4-6 қыркүйекте Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстан Президенті Әкімшілігінің және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өткізілді. Сондай-ақ, әлемнің 6 тіліне 60 қаламгердің шығармалары аудары­лып басылып, шетелдерге таратылып, наси­хат­талды. Ал 1993 жылы Әбдіжәміл Нұр­пейі­сов­тің басшылығымен құрылған Қазақ ПЕН-клубы да жыл сайын қазақ автор­лары­ның кітаптарын шет тілдерге аударып, әлем оқырмандарына жеткізуге септігі тиді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ екі жыл сайын қазақ қа­лам­гер­лері жазған үздік шығармаларға Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік сый­лығы тағайындалған болатын. Атап айт­сақ: 1992 жылы Дулат Исабековке («Ай-Петри ақиқаты» повестер мен әңгімелер жинағы үшін), Қалихан Ысқаққа («Ақсу – жер жаннаты» романы үшін), Сейіт Қас­қа­басовқа («Ертегіден тыс қазақ прозасы» мо­нографиясы үшін), Әнес Сарайға («Еділ-Жайық» романы үшін); 1996 жылы Асқар Сүлейменовке (қай­тыс болған соң, «Ситуациялар» үштағаны − «Жетінші палата», «Қыздай жесір штат қысқарту», «Төрт тақта жайнамаз» драма-диа­логтары үшін), Дүкенбай Досжановқа («Құм кітабы» романы үшін), Қойшығара Салғаринге («Қазақтар» трилогиясы үшін), авторлар тобына − Зәки Ахметовке, Серік Қирабаевқа, Жұ­мағали Ысмағұловқа, Қайым Мұхамед­хановқа, Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Мекем­тас Мырзахметовке (Абайдың шығарма­шы­лық мұрасын зерттеу және бастырып шы­ғару жөніндегі жұмыстары үшін); 1998 жылы Зейнолла Қабдоловқа («Ме­нің Әуезовым» романы үшін), Шерияздан Елеукеновке («Мағжан» монографиясы үшін); 1999 жылы Мұқағали Мақатаевқа (қай­тыс болған соң, «Аманат» кітабы үшін); 2000 жылы Темірхан Медетбекке («Тағ­дырлы жылдар жырлары» өлеңдер жина­ғы үшін), Баққожа Мұқайға («Өмірзая» романы үшін), Оразбек Сәрсенбаевқа («Шеңбер» ро­маны үшін), Рамазан Тоқтаровқа («Абай­дың жұмбағы» романы үшін), Әшірбек Сығайға («Сахна саңлақтары» еңбегі үшін); 2001 жылы Әлібек Асқаровқа («31 том­дық қазақша-орысша және орысша-қазақша ғы­лыми салалық терминологиялық сөздік­тер сериалы» үшін); 2002 жылы Нұрлан Оразалинге («Ға­сыр­мен қоштасу» өлеңдер жинағы үшін), Ұлықбек Есдәулетке («Киіз кітап» өлеңдер жинағы үшін), Иран-Ғайыпқа («Қорқыттың көрі» өлеңдер жинағы үшін), Марфуға Айтхожинаға («Аңсау» өлеңдер жинағы үшін), Әкім Таразиге («Жаза» романы үшін), Зейнолла Серікқалиға («Алтын жамбы» сыни мақалалар жинағы үшін); 2004 жылы Т.Әбдіковке («Парасат майданы» повесі үшін); 2006 жылы Күләш Ахметоваға («Құт» өлеңдер жинағы үшін), Сайын Мұратбековке («Жусан иісі» шығармалар жинағы үшін), Есенғали Раушановқа («Періштелер мен құс­тар» жинағы үшін), Алдан Смайылға («Та­мұқ­тан келген адам» романы үшін); 2010 жылы Жұмекен Нәжімеденовке (қайтыс болған соң, «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін); 2012 жылы Несіпбек Айтұлына («Арқа­тірек» поэмалар жинағы үшін), Сәбит Досановқа («ХХ ғасыр» трилогиясы үшін); 2014 жылы Қажығали Мұқанбет­қалиұ­лы­на («Тар кезең» романы үшін), Гүлнәр Са­­­лықбаеваға («Кешіріңдер келгенімді өмір­ге» өлеңдер жинағы үшін); 2016 жылы Бексұлтан Нұржекеұлына («Әй, дүние-ай» романы үшін); 2018 жылы Ақұштап Бақтыгерееваға («Ана сыры» өлеңдер жинағы үшін), Өтеген Орал­баевқа («Шуақты шақ» өлеңдер жина­ғы үшін), Тыныштықбек Әбдікәкімовке («Ал­­­қоңыр дүние» өлеңдер жинағы үшін); 2020 жылы Сауытбек Абдрахманұлына («Абыз Әбіш» зерттеуі үшін), Серік Ақсұң­қарұлы­на («Көкейімде Күлтегіннің жазуы» өлең­дер жинағы үшін), Ғарифолла Есімге («Ғұ­лама-наме» трилогиясы үшін), Мыр­за­тай Жолдасбековке («Ұлы Дала әдебиеті» та­рихи-әдеби зерттеулер жинағы үшін), Ба­қытжан Қанапияновқа («Достояние души» өлеңдер жинағы үшін), Роза Мұ­қа­новаға («Сарра» драматургиялық шығарма­лар жинағы үшін), Тынымбай Нұрмаған­бетов­ке («Періштелердің өлімі» прозалық шы­ғармалар жинағы үшін) Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сонымен бірге тәуелсіздіктен бергі жерде Әбіш Кекілбай, Олжас Сүлей­менов, Мұзафар Әлімбаев, Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шай­мер­де­нов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Қуандық Шаң­ғытбаев, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұ­ма­ділов Қазақстанның Халық жазушысы ата­ғына ие болса, Әбіш Кекілбайға, Олжас Сү­лейменовке, Әбдіжәміл Нұрпейісовке мем­лекеттің ең жоғарғы Қазақстанның Ең­бек Ері атағы беріліп, өңірлеріне «Алтын жұ­лдыз» және Отан ордені тағылды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы қа­зақ әдебиеті үшін де жетістіктер ке­зеңі деп айтуға болады. Өйткені бұл дәуір­де жаңа деңгейге көтерілген тәуелсіз қазақ әде­биеті мемлекет тарапынан қолдау тауып, әлем­дік көркемсөзден өз орнын иеленуге бет бұрды.