Жамбыл облысында 400-ге жуық шетелдік жауапқа тартылды
Жамбыл облысында 400-ге жуық шетелдік жауапқа тартылды
Жамбыл облысында «Мигрант» іс-шарасы барысында 400-ге жуық шетелдік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жамбылда «Мигрант» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Ол ұзақ уақыт облыс аумағында заңсыз жүрген және жол жүру билеттерін сатып алуда қаржылық қиындықтарға тап болған шетел азаматтарын анықтау мақсатына негізделген.
Рейд өткізілген жеті күн ішінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 384 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Сонымен қатар, халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді қабылдаған Қазақстан Республикасының 164 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстанның 15 азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабының талаптарын бұзып, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тартқаны үшін хаттамалар толтырылды»,-делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан 62 шетелдік азамат шығарылды.