El úmiti жобасы сенімді ақтады

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры Әнуар Жанғозин El Úmiti жобасы аясында жүзеге асқан бағдарламаларды қорытындылады.  Бұл  жобаны екі жыл бұрын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Жобаның мақсаты – дарынды балалар мен жігерлі жастарды қолдау.

«Мың бала» олимпиадасының мықтылары

«Мың бала» олимпиадасы ауылдық жерлердегі дарынды оқушылардың қабілетін дамытуға және қолдауға бағытталған. Олимпиада екі жыл ішінде ауыл мектептерінің 5-6 сыныптағы 400 мыңнан астам оқушысын қамтыды. Мақсаты – ауылдық және қалалық мектеп оқушыларының академиялық білімі мен қабілетінің арасындағы алшақтықты азайту. – Республика бойынша олимпиадаға 5-6 сыныптың 150 мыңға жуық оқушысы тіркелді. I кезеңге 96 мыңнан астам оқушы қатысты. Алғашқы кезеңнің нәтижесінде 5000 финалист іріктелді. Олардың орташа балы 400 бал мен 343 балдың арасы. Бұл ауыл оқушыларының дағды деңгейін көрсетеді, – дейді  «Елбасы Академиясы» КҚ басқарушы директоры Әнуар Жанғозин.

II кезеңге 5 мың финалист өткен. Ауылдың ең қабілетті 1 000 оқушысы жеңімпаз атанды. Олар еліміздегі ең мықты, атап айтсақ, Республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейлері және «Дарын» мамандандырылған мектептері, Елбасы Академиясы  Birge Oqý онлайн мектебінде оқитын болады. Павлодар облысының 39 оқушысы үздіктер қатарынан көрінді. Олар білім деңгейі бойынша үздік үштікке енді. Өңірдегі ең жоғары ұпай – 573, бірінші және екінші орында Алматы (670) және Маңғыстау (596) облысының оқушылары тұр.

Birge oqý онлайн мектебі алғашқы түлектерін ұшырды

Ауыл мектептерінің 1000-нан астам оқушысы Birge Oqý- онлайн мектебінде білім алып жатыр. Алғашқы онлайн мектеп – эксперт жоба. Сабақтар синхронды және асинхронды форматта жүреді. Оқушылар екі ауысымда оқиды. 2020-2021 оқу жылында 9 мыңнан астам онлайн сабақ өткен. Аптасына бес сағат оқиды. Сабақ ұзақтығы: бір сағат. Қазір онлайн мектепте 42 мұғалім сабақ береді. Келесі оқу жылында Birge oqý онлайн мектебінде 10-11 сынып ашылады.  Birge Oqý онлайн мектебі өзінің алғашқы оқу жылын аяқтады. Жыл қорытындысы бойынша 48 топта 1500-ге жуық оқушы білім алған.

 

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА  

Back to top button