Мемлекет басшысы: Қазақстан өз вакцинасын гуманитарлық көмек ретінде ұсынуға дайын
Мемлекет басшысы: Қазақстан өз вакцинасын гуманитарлық көмек ретінде ұсынуға дайын
Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технология жөніндегі екінші саммитінің ашылу рәсіміне бейне байланыс арқылы қатысты. «Ғылым, технология және инновация: жаңа белестерге жол ашу» атты тақырып бойынша өткен жиынға Біріккен Араб Әмірліктері төрағалық етті, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан Президенті ИЫҰ-ның ғылым және технология жөніндегі алғашқы саммитінің төрағасы ретінде сөз сөйлеп, Біріккен Араб Әмірліктеріне және ИЫҰ Бас хатшысына виртуалды саммитті ұйымдастырғаны үшін барлық делегацияның атынан алғыс білдірді.
Президент Қазақстанның коронавирус індетіне қарсы QazVac вакцинасын әзірлегені және оның қазіргі уақытта ДДСҰ-да мақұлдау рәсімінен өтіп жатқаны жөнінде мәлімдеді.
– Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсынуға дайын болады. Сонымен қатар біз QazVac вакцинасын Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше өзге де елдерде өндіру мүмкіндігін қарастыра аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер бойынша кешенді әрі заманауи инфрақұрылымның бар екенін атап өтіп, ғылыми жетістіктер мен технологияларды кең түрде бөлісуге дайын екенін жеткізді.
– Біздің академиялық және ғылыми-зерттеу институттарымыздың флагманы саналатын Назарбаев Университеті, сондай-ақ, Astana IT орталығы жасанды интеллект, Big Data және кибер қауіпсіздік салаларындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жобалар үшін база қалыптастыра алады, – деді Президент.