Жаңалықтар

ВИЧ: Кеше, бүгін, ертең конференциясы басталды

ашық дереккөзі

ВИЧ: Кеше, бүгін, ертең конференциясы басталды

Бүгін Алматыда «ВИЧ: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында екі күндік ұлттық конференция басталды. Конференция 6 сессия бойынша өтеді. Онда Қазақстанда ВИЧ індетіне қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігі, саладағы проблемалар мен оларды шешу жолдары тақырыбында жиырмадан астам баяндама жасалады. Конферецния соңында, яғни, 13-қазанда ВИЧ-ке қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыруға және профилактикалық шаралардың алдағы уақытта да тұрақты қаржыландырылуын қамтамасыз етуге бағытталған қарар қабылданады. Қазақстанда ВИЧ індетінің алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар мемлекет пен Ғаламдық қор қаржысына іске асырылып келді. 2016 жылы Ғаламдық қор ВИЧ дертіне қарсы күрес жөніндегі бағдарламаларды қаржылай қолдауды тоқтатады (Ғаламдық қор – СПИД, туберкулез бен безгекке қарсы күрес жөніндегі бағдарламаларға қаржы тартатын және инвестиция салатын қаржылық ұйым). Қазіргі таңда мемлекет бөлінетін қаражат көлемін арттыру міндетін кезең-кезеңмен өз мойнына алып жатыр. Мемлекет жылдар бойы профилактикалық шаралардың тұрақты қаржыландырылуын қамтамасыз ету мақсатында бөлінетін қаржы көлемін арттыру міндетін біртіндеп өз мойнына алды. 2015 жылы ВИЧ індетін тестілеу, халықтың әлсіз тобы арасында алдын алу жұмыстары, ВИЧ-ке шалдыққандарды емдеу, диспансерлеу сынды бағдарламаларға бөлінетін қаржының 80 пайызға жуығы үкімет тарапынан бөлінді. 2015 жылы ВИЧ пен СПИД-тің алдын алу және қарсы күрес шараларына бөлінген қаржы көлемі 7 млрд теңгеден асып жығылды. Қазіргі таңда әлемде 78 млн астам адам ВИЧ жұқтырған. 35 млн адам СПИД-тен туындайтын сырқаттардан көз жұмған. Қазақстан республикасында ВИЧ-тің таралу көрсеткіші 15 пен 49 жас аралығында 0,2 пайыздан, жалпы халық арасында 0,1 пайыздан аспайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2016-2017 жылдарға арналған Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша, Қазақстан ВИЧ індетінің таралу деңгейі төмен елдер тізімінде бірінші орында тұр. ВИЧ індетінің таралу қарқынын бір қалыпта ұстап тұруға жалпы халық арасында, сондай-ақ, әлсіз топтар арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар ықпал етіп отыр. Бұл іс-шаралар БҰҰ ВИЧ/СПИД жөніндегі бірлескен бағдарламасы (ЮНЭЙДС) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) кеңестеріне сай іске асырылып келеді.