16 мамыр: тарихи сәттер, елеулі оқиғалар
16 мамыр: тарихи сәттер, елеулі оқиғалар
1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының делегациясын қабылдады. Келіссөздер барысында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігін ашу туралы уағдаластық жасалды.
1993 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты құрылды. Аталған институтқа Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылық етеді.
1993 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Үндістан Республикасында Қазақстан Республикасының Елшілігін ашу туралы және Қазақстан Республикасы Мүгедектерінің күнін бекіту туралы Жарлықтары жарық көрді.
Мемлекеттің мүгедектерге қамқорлығын көрсету мен проблемаларына көңіл бөлу мақсатында, сондай-ақ, БҰҰ Бас ассамблеясының ұсынымдары есепке алына отырып, Қазақстан Республикасының Мүгедектер күні белгіленді. Аталмыш шара әр жылдың қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтеді.
1993 жылы Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформалардың тиімділігін арттыру шаралары туралы ҚР Президентінің Жарлығы қабылданды.
1995 жылы Мәскеу және Бүкіл Русь патриархы II Алексий (1929-2008) Елбасы Н.Назарбаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына сапармен келді.
2000 жылы Астанаға Қалалар - бейбітшілік үшін ЮНЕСКО сыйлығының сертификаты табыс етілді.
2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы резиденциясында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті қабылдады.
Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейһан жүйесі бойынша Каспий теңізі мен Әзербайжан арқылы халықаралық рынокқа тасымалдауға көмектесу және қолдау туралы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы келісімге қол қойды.
Келісуші екі жақ та қол қойылған мемлекетаралық келісімнің бұл елдер арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынастың дәлелі екендігін атап өтті.
2006 жылы Алматыдағы Рух-дария баспасынан Мұхтар Шахановтың Тілсіздендіру анатомиясы атты жаңа кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа ақынның поэмалары, өлеңдері, балладалары мен әндері енген. Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны аталған, ондаған халықаралық сыйлықтардың иегері, бірнеше шетел академиясының мүшесі, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстанның халық ақыны, белгілі қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың бұл кітабында соңғы жылдары дүниеге әкелген шоқтығы биік шығармалары көрініс тапқан, ғаламдық маңызға ие жырлар топтастырылған. Сонымен бірге кітапта ақын Мұхтар Шахановтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, 1996 жылы Қытай Халық Республикасының төрағасы Цзян Цземинмен және заманымыздың ұлы қаламгерлері Ғабит Мүсіреповпен, Шыңғыс Айтматовпен, Расұл Ғамзатовпен, басқа да шетелдік қоғам қайраткерлерімен бірге түскен фотосуреттері берілген. Жинақтың соңғы бөлігінде халқымызға кеңінен таралып кеткен ақынның әндері жарияланған. Кітап 5 мың данамен жарық көрді.
2009 жылы Қазақстанның танымал жазушысы, публицист және аудармашы Герольд Бельгердің қазіргі қоғамның көкейтесті мәселелерін көтеретін Қазақ сөзі: таңдаулы (Казахское слово: избранное) атты жаңа кітабы жарық көрді.
Герольд Белгер көптеген мақалалар және 30-дан астам кітап жазған. Жазушы қазақ, неміс және орыс мәдениеттерінің саласында қызмет атқарып, қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлейді. Президенттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, Парасат орденімен марапатталған. Автор өзінің шығармаларында қазiргi Қазақстан өмiрiнiң көкейкестi сұрақтарын көтерген.
Кiтапқа Тұйық су, Разлад деген екi романы және Вольные строки деген үш эссесі енген.
Г.Бельгер 1934 жылы 28 қазанда дүниеге келіп, 2015 жылдың 7 ақпанында дүниеден озды.
2010 жылы Жамбыл облысының энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындарына электр энергиясын тұтынуды есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді.
2010 жылы Астанада Президент және жастар фотокөрмесі өтті.
2010 жылы Қазақстанда тұңғыш технологиялық әдебиеттер баспасы ашылды. Аталған баспа - елімізге кеңінен танымал Арыс баспасымен бірігіп жасалған жоба.
2011 жылы Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Назарбаев Университетінің Жоғары қамқорлық кеңесі өтті.
2011 жылы Ұлттық медициналық холдинг Назарбаев университетінің құрамына кірді.
2011 жылы Алматыда Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қорының бірінші отырысы өтті.
2011 жылы Беларусь ұлттық кітапханасында беларусь тілінде шыққан қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың Кең дала атты кітабы таныстырылды.
Абай өлеңдерін беларусь тіліне аударған автор - БР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Полымя журналының бас редакторы Микола Метлицкий.
2011 жылы Қазақстан Microsoft компаниясы өз өнімі - Internet Explorer 9 браузерінің қазақша нұсқасы шыққанын ресми жариялады.
2011 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында алғаш рет жаппай қырып-жою қаруы қолданылған Бельгияның Ипр қаласында ядролық сынақ құрбандарына арналған қазақстандық ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2016 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XX халықаралық экономикалық форумға қатысу үшін Санкт-Петербургке келді. Оның аясында Гвинея Республикасының Президенті Альфа Кондемен кездесті.
2017 жылы ҚР ұлттық музейінде Бейбарыс сұлтан және оның дәуірі көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу тарихын баяндайтын Ислам өнері музейі (Каир қ., Мысыр) жинағынан 22 жәдігер қойылды.
2017 жылы Астанада Халықаралық түркі академиясы белгілі түрколог, көне және заманауи түркі тілдерінің зерттеушісі Эмир Наджиптің XIV ғасырдағы түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі атты көптомдық еңбегін таныстырды. Ол Құтбтың Хұсрау мен Шырын шығармасының негізінде жазылған. Аталмыш еңбек - әлемдік түркология үшін маңызы зор алғашқы толық басылым.