Жаңалықтар

Кәрімовтың жолын кім жалғастырады?

ашық дереккөзі

Кәрімовтың жолын кім жалғастырады?

Өзбекстанның келесі президенті кім болатыны әлемді алаңдатып отыр

  Талайдың көкейіндегі сұрақ осы. Ташкенттің іштей аңдысқан кландары үшін де, ертеңін уайымдаған қарапайым халық үшін де, алыс-жақын көршілері үшін де маңызы зор сұрақ. Құрлықтар мен мұхиттар, таулар мен теңіздер бөліп жатқан шалғай елдердің өзі қазір тың тыңдап, әр дүбірге құлақ түріп, сергек отыр. Себеп: жағрафия саясатқа кедергі емес, керісінше, төрткүл дүниенің бір бұрышында көбелек қанат қақса, екінші бір түкпірінде дауыл тұратыны жайлы пәлсапалық тұжырым ендігі өмірлік тәжірибеге айналды. Дүние тарылып, Жер кішірейіп барады. Дүниенің тарылғанының белгісі сол, 1989 жылдан бері 27 жыл бойы Өзбекстанның жеке-дара басшысы болған Ислам Кәрімовтің 78 жаста қайтыс болғаны жайлы хабар сол заматта жер шарын түгел шарлады. Әлемнің түрлі тілдеріндегі некрологтардың соңы «Келесі президент кім?» мазмұндас сараптамаларға ұласты. Азуын айға білеген алпауыт елдердің өзі Өзбекстандағы саяси өзгерістердің аймақ тыныштығын бұзбауын тілеуде. Себебі Орталық Азиядан тыныштық пен тұрақтылық кетсе, оның салдары жер-жиһанға таралары хақ. Мұны қазіргі Еуропа Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы соғыс салдарынан көріп те отыр. Батыстық басылымдар жергілікті халықтың Кәрімовті «подишах», «ұлт көсемі», «халықтың атасы» (кейде әкесі) деп атайтынын тамсана жазады. Енді билік басына келер тұлға Кәрімовтің кезіндегідей тәртіп пен тыныштықты сақтай ала ма деген мәселеге алаңдайды. Президенттің міндетін уақытша атқарушы қызметіне премьер-министр Шавкат Мирзияев бекітіліп, 4 желтоқсанда кезектен тыс сайлау өтетіні жарияланғанда, яғни өзбек елі алмағайып кезеңнен аймақ тыныштығына сызат түсірмей аман шығуына үміт бар екені анық болғанда, алыс-жақын елдердің бәрі тынысын кең алып, бойы жеңілдеп қалғандай болды. Шынында, Өзбекстандағы алдағы сайлаудың маңызы неде? Біріншіден, желтоқсан айында сайлауда кім жеңеді деген мәселеден маңыздырақ жайт бар. Ол – соңғы ширек ғасырдан аса уақыт, яғни, тәуелсіздік жылнамасында бір ғана авторитарлы тұлғаның ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында болып келген елде тыныштық пен тұрақтылықты сақтап қалу. Авторитаризмнен демократияға бір күнде, тіпті, бір жылда өте салу мүмкін еместігі түсінікті. Кәрімовтің орнын кім басса да, ел ішінде шұғыл өзгеріс орната қоюы екіталай. Себебі бір буын ұрпақ өсіп шыққан уақытта қалыптасқан менталитетті басқа арнаға бұру үшін біраз жылдар керек. Бірден «Жиделі-Байсын» орнамайды, «қой үстіне бозторғай жұмыртқаламайды». Бірақ Кәрімовтің билігі тұсында қалыптасқан, ұлттық байлықты иеленген ішкі кландарды тақ таласына түсірмей, халықты арандатпай, билік тізгінін бір қолдан екінші қолға ауыстыруды «демократиялық сайлау» жолымен жүзеге асыра алса, мемлекеттің болашағы үшін ең үлкен олжа сол болар, бәлкім. Оның үстіне, Өзбекстандағы соңғы 27 жылдағы сайлауларда бірінші рет Кәрімовтен басқа тұлға президент болып сайланғалы тұр. Тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш рет мемлекет басшысы ауысады. КСРО ыдырағалы бұл елде алғаш рет Компартияның номенклатурасынан тыс адам президент болады. Мұның бәрі Өзбекстанның жаңа жолға түскенінен хабар береді. Ал болжалсыз-бағдарсыз тың сүрлеуге қадам басқанда, елдің тұтастығы мен халықтың амандығын сақтаған жөн. Осы жолы Өзбек­стан­дағы жаңа басшының билік­ке келу үлгісі тағдырлас көршілеріне «өнеге» болуы әбден мүмкін. Бұл дегеніңіз, қазір Өзбекстан өзінің ғана емес, аймақтың болашақ бағдарын сызып жатыр деген сөз. Екіншіден, Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең халқы көп мемлекет. Қазірдің өзінде халықтың саны 31 миллионнан асады, оның жартысына жуығының жасы 25-ке толмаған деген дерек бар. Яғни, болашақ потенциалы мықты, адами ресурқа бай ел. Кәрімовтің тұсында АҚШ пен Ресейдің әрқайсысы Өзбекстанды стратегиялық әріптес ретінде өзіне жақын ұстауға тырысып бақты. Аймақтағы болашақ ықпалын ескерген Қытай да ентелеп тұр. Бірақ Кәрімов халықаралық саясатта көбіне бейтарап саясат қолданып, халықаралық ұйымдар мен жиындардан бойын аулақ ұстады. Алпауыттардың арасында өзінше ойын жүргізіп, бірін-біріне қарсы қоюға тырысты. Ендігі жерде жаңа президенттің сыртқы саясаттағы бағыты қандай болады – аймақтағы алпауыттардың ықпал ету күші соған орай өзгеруі мүмкін. Сондықтан «Келесі президент кім?» деген сұрақ «Жаңа басшы өзгеше саясат жүргізіп, тыңнан түрен сала ма?» деген шетін мәселені меңзесе керек. Егер басшымен бірге елдің ішкі және сыртқы саясаты өзгерер болса, онда Өзбекстан ғана емес, Орталық Азияны үлкен өзгерістер күтіп тұр деуге болады. Шетелдегі оппозиция, елдің ішінде бұғып отырған исламдық топтар, ұлттық байлықты өзара бөліске салған кландық-олигархтық топтар, халықтың жаппай кедейлігі – адами ресурсқа бай, болашағы зор елдің дамуын қолдан тежеп отырғаны шындық. Әсіресе, исламдық радикалды топтардың белең алу қаупі жоғары. Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің дерегіне сенсек, бұл елден ДАИШ ұйымына қосылуға 1500-ден аса адам аттанған екен. Болашақ президент осындай қауіп-қатер мен түйткілдерге толы Өзбекстанды басқаруы, дамудың даңғыл жолына салуы тиіс. Бірақ Кәрімовтің жақсы «мұрасы» да бар: ұлттық өнеркәсіпті жолға қоюы, халық тұтынатын тауарларды отандық өндіріспен қамтамасыз етуі. 2015 жылғы деректер бойынша, Өзбекстан әлем бойынша мақта экспорты бойынша 3-ші орында және мақта өндірісі бойынша 6-орында, ал табиғи газ өндіру жөнінен 11-орында тұр. Кәрімов өзбек экономикасын мақтаға тәуелділіктен арылтты: мақта өндірісінің экономикадағы үлесі 60 пайыздан 8 пайызға дейін төмендеді. Былтырғы экспорттық көрсеткішке сәйкес, энергетика мен мұнай өнімдері – 25,9 пайыз, азық-түлік – 10,2 пайыз, қара және түсті металлдар – 6,4 пайыз, ал мақта 5,7 пайыз шамасында экспортталған. Дегенмен Кәрімов ең әуелі Өзбек елін Тәуелсіздікке жеткізген әрі оны ширек ғасыр бойы іргесін шайқалтпай, өзгеге кеудесін бастыртпай билеген Тұңғыш президент ретінде тарихта қалды. Кәрімовті жоқтаған Өзбекстан үш күн бойы қара жамылып, тайлы-таяғы қалмай, марқұм президентті ақтық сапарға шығарып салысымен, келесі басшыны билікке әкелу қамына кірісіп кетті. Осы орайда, Өзбекстанда соңғы президент сайлауы осыдан бір жарым жыл бұрын өткені еске түседі. Ол сайлауға төрт үміткер тіркеліп, Ислам Кәрімов 90,39 пайызбен жеңіске жеткен еді. Өзбек оппозициясының өкілдері «Шынайы бәсекелестік болған жоқ» деп мәлімдеме жасады, ал Батыстық сайлауды бақылау институттары сайлау барысын сынға алды. Шындығында, үш бірдей қарсыласы жиылып, 10 пайыз дауыс жинай алмағанда, оларды бәсекелес болуға татиды деп айтуға тұра ма? Алдағы 4 желтоқсанда өтетін кезектен тыс сайлауға ресми тіркелген төрт саяси партия өз үміткерлерін ұсынды. «Адолат» социал-демократиялық партиясынан – Нариман Омаров, Халық-демократиялық партиясынан – Хотамжан Кетмонов суырылып шықты. Ал Сарвар Отамурадов өзі басқаратын «Ұлттық қайта өрлеу» партиясынан сайлауға түседі. Бұған дейін Ислам Кәрімовпен талай жеңістерінде бірге болған Либералды-демократиялық партия Шавкат Мирзияевті өз үміткері ретінде таңдады. Бір ғажабы, алдыңғы екі үміткер осыдан бір жарым жыл бұрын өткен президент сайлауында Ислам Кәрімовке бәсекелестер рөлін атқарған. Сайлауалды бағдарламаларында билік саясатына еш сын айтпаған, ал сайлау өте салысымен, Кәрімовті жеңісімен құттықтаған үміткерлер – биліктің қолбалалары сияқты. Алдағы сайлауда бұл екі үміткердің тағы бәсекелестер рөлін атқаруға таңдалуы – алдын-ала ойластырылған сценарийдің бар екенінен хабар беретін сынды. Сөзсіз, Н.Омаров пен Х.Кетмонов та, тіпті С.Отамурадов та Ш.Мирзияевтің жеңіске жетуіне неғұрлым оңтайлы жағдай туғызады, себебі әрқайсысы көп дегенде, екі-үш пайыз ғана дауыс жинайды. Оған қоса, олар сайлаудың «демократия талаптарына сай әрі тартысты» өткенін дәлелдеуге қажетті әсер тудыруы тиіс. Үміткерлердің ішінде шоқтығы биік тұрғаны, әлбетте, қазір президенттің міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияев. 59 жастағы Мирзияев ауылшаруашылық маманы саналады. Ташкенттің бір ауданының әкімі болған, одан соң Жизақ пен Самарқанд облыстарын басқарған. 2003 жылдан бері Өзбекстан үкіметін басқарып келеді. Тіпті, британдық «Financial Times» газетінің өзі Альбионнан «Шавкат Мирзияев сөзсіз жеңіске жетеді» деп болжам жариялап жатыр. Осы тақырыпқа арналған мақала «Жаңа (әрі қатал) өзбек басшысын қарсы алыңыз: Шавкат Мирзияев» деп аталыпты. Өзбекстан Конституциясының 96-бабына сәйкес, Сенат төрағасы Ниғматулла Юлдашев уақытша президенттің міндетін атқаруы тиіс болса да, оның «өз еркімен» мұндай құзыреттен бас тартуы тегін емес. Оның орнына Шавкат Мирзияевтің бекітілуін Парламенттің екі палатасының депутаттарының бірауыздан қолдауы да кездейсоқтық емес, сірә. Расында, Шавкат Мирзияевтің Кәрімовтің «мұрагері» екеніне күмәнданушылар аз. Себебі, біріншіден, ол 2003 жылдан бері үкіметті басқарып келеді, бұрынғы президенттің оң қолы болды. Екіншіден, марқұм президентті жерлеу комиссиясын басқаруы және атқарып шығуы, яғни, ел әлі есін жимаған сәтте тізгінді өз қолына алуы оның президенттік құзыретке ие болуға бұрыннан тас-түйін дайын екенін көрсетсе керек. Үшіншіден, Ресей президенті В.Путин И.Кәрімовтің жаназасы өткен соң оның қабіріне гүл қою үшін бірнеше күн кешігіп келгенде, оны күтіп алған тұлға – Шавкат Мирзияев болатын. Қаралы комиссияны басқарған адамның көңіл айта келген мейманды күтіп алғанында тұрған ештеңе жоқтай көрінуі мүмкін, бірақ одан кейінгі оқиғалар бұл кездесудің кездейсоқтық емес екенін аңғартты. Шавкат Мирзияевтің Мәскеуге бүйрегі бұратын саясаткер екені айтылып қалады. Ендеше, Кремль де оның Кәрімовтің «клоны» болуына қарсы болмаса керек. Путин сол жолы «Ислам Кәрімов бастап кеткен істің бәрі одан әрі жалғасын табады деп үміттенемін» деп қалды. Тағы бір дерек, жергілікті саясаттанушылар Мирзияевті «Кәрімовтің клоны» деп те атайды. Себебі ол билікке келер болса, Кәрімов қалыптастырған жолдан ауытқи қоюы екіталай. Керісінше, темірдей тәртіп бұрынғыдан қатая түсіп, қысым бұдан да күшеюі мүмкін. Мирзияевті жақсы танитындар оның мінезі Кәрімовтен де қатты әрі қатал деседі. Оның үстіне, жақында жасаған мәлімдемесінде Мирзияев «бұған дейінгі саясатты одан әрі жалғастыратынын» ашық айтты. Бәлкім, қазір биліктің айналасына шоғырланған кландар үшін ештеңе өзгермегені тиімді. Ендеше, олар да Мирзияевтің билік төріне шығуын құптары сөзсіз. «Аңдысқан жау атыспаққа жақсы» деген емес пе. Алдынан не күтері белгісіз жаңа тұлға келгенше, билікпен бұрыннан ауызданған таныс кадр абзалырақ. Мұның өзі, Мирзияевтің Кәрімовтің әдісін пайдаланып, президенттікке сайланып, Кәрімовтің орнына отырып, Кәрімовтің жолымен жүруге дайын екенін білдірсе керек. Осыдан соң оны «клон» демей көріңіз? Ширек ғасыр бір адамның билеп-төстеуіне үйренген қоғам басқаша таңдау жасайды деп күту қиын. Кәрімовтің кезінен қалыптасқан жүйе әзірге сыр берген жоқ. Ал президенттің міндетін уақытша атқарушы қызметіне кіріскен Шавкат Мирзияв сайлауға дейін қол қусырып қарап отырмайды. Ол бірінші басшы ретінде мемлекеттік құрылымдарда кадрлық ауыс-түйіс жүргізіп, өз командасын жасақтап жатыр. Түрлі сыбыстарға қарамастан, Мирзияев премьер-министрдің орынбасары Рустам Азимовты орнынан алмақ түгілі оған қосымша құзырет берді. Қаржы, макроэкономикалық даму, құрылымдық реформалар, шетелдік инвестициялар тарту мәселелеріне қоса Азимов енді білім мен ғылым мәселелерімен де айналысады. Сондай-ақ, Мирзияев Кәрімовтің кезінде қызметтен қуылған кейбір шенеуніктерді қайтадан қатарға қосты. Мысалы, 2002-2012 жылдары вице-премьер болып, кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылған Абдолла Арипов осы қызметке қайта тағайындалды. 2004-2008 жылдары жоғарғы және орта білім беру министрі болған Рустам Қасымов та бұрынғы қызметіне қайта оралды. Тағы бір вице-премьер Адхам Икрамовқа денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау істерімен бірге дене тәрбиесі мен спорт саласын қадағалау тапсырылды. Ш.Мирзияев бұдан соң кезінде өзі басқарған Жизақ облысының әкімін қызметінен босатып, оның орнына Ташкенттің бұрынғы әкімі Абдукаххор Тухтаевты тағайындады. Тухтаевты да кезінде Кәрімов қала шаруашылығын дұрыс жүргізбегені үшін қызметтен қуған еді. Осы және басқа тағайындауларға қарағанда, Шавкат Мирзияев дәл қазір Кәрімовтің саяси жолын ұстанатынын айтса да, өз билігін нығайту үшін өзіне жақын адамдарды көтермелеп жатқаны байқалады. Мирзияев осылайша өз «командасын» қалыптастырып, Кәрімовтің ықпал-беделінен кем түспейтін жеке-дара билігін орнатпақ. Бұған қоса Мирзияев өзінің сыртқы саясаттағы ұстанымын білдіруге асық. Жақында ғана Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп: «Өзбекстан сыртқы саясатта бұрынғы бағытын сақтайды. Өзбекстан кез келген әскери-саяси одақтарға қосылмау, сондай-ақ өз жерінде басқа мемлекеттердің әскери базалары мен нысандарын орналастырмауға бекінген өз жолымен жүреді», – деді. Бұған қоса, Мирзияев Камоловты Душанбеге аттандырып, Тәжікстанмен ара-қатынасты жақсартуға бейіл екенін жеткізді. Кәрімовтің кезінде Өзбекстанның көршілес Қырғызстанмен және Тәжік­станмен қарым-қатынасында шекара, су қорлары, көші-қон, сауда-саттық салаларында едәуір салқындық болғаны белгілі. Шамасы, Мирзияев көршімен тату тұрудың тиімділігін түсінетін секілді. Мирзияевтің әр қадамын жіті бақылап отырған Кремльден бөлек, Қытай мен АҚШ және Еуропа одағының елдері Өзбекстанның бұдан кейінгі даму бағытына алаңдаулы. Сонымен, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке сәйкес, алдағы желтоқсандағы сайлауда 21,5 миллион адам өз таңдауын жасайды. Бірақ қазірдің өзінде бүкілхалықтық таңдаудың кімге түсері аян секілді.   Гүлбиғаш ОМАР   Ұлыбритания