Маймыл үшін оқ атқан: Түркістан облысында маймыл иесі жауапқа тартылмақ

Түркістан облысында көлігіне маймыл салып алып жүрген азамат жауапқа тартылуы мүмкін.

Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде, «Instagram» парақшаларының бірінде жол жиегіндегі электр бағанасының (столба) үстіне маймылдың шығып кетіп, түсе алмай тұрғаны түсірілген бейнежазбаны анықтады.

Бұл бейнежазба бойынша Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері істің мән-жайын анықтауға кіріскен. Оқиғаның Сарыағаш қаласындағы көшелердің бірінде болғаны анықталды.

Маймылдың иесі Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, ол жануарды тасымалдап бара жатқанда, ол абайсызда тордан шығып кетіп, жақын маңдағы электр бағанына мініп алған. Ал оны бағаннан түсіру үшін иесі пневматикалық қарумен бірнеше рет ауаға оқ атқан. Содан соң маймылды ұстап, қайта торына салып, алып кеткен.

«Макака» тұқымды маймылды жергілікті тұрғын Өзбекстан Республикасынан сатып алған, одан кейін Сарыағаш ауданында қайта сату үшін алып кетіп бара жатқаны анықталды.

Қазіргі таңда Сарыағаш АПБ қызметкерлері маймылдың иесінің жасаған іс-әрекеті бойынша жағдайды зерделеп, тиісті құжаттарын тексеріп, әкімшілік жауапкершілігін қарау үстінде.

Back to top button