Бас санитар қазақстандықтарға үндеу жасады

Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігері – Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Ерлан Қиясов азаматтарды коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға шақырды.

«Вакциналау деңгейі өте төмен елдерде вирус жұқтыру көрсеткіші күрт артты. Жер жүзінде 176 миллионнан астам адам вирус жұқтырды, күн сайын 290 мыңнан аса жаңа науқас тіркелуде. 3,8 миллионнан аса адам қайтыс болды. Қазақстанмен шекаралас аймақтарда қалыптасқан қауіпті жағдай бізді алаңдатып отыр», – деді Бас санитар.

Қиясовтың айтуынша, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанмен, көршілес Ресей мен Қырғызстанда індетке шалдыққандардың рекордтық өсімі тіркелуде. Бас санитар жаз айларында алыс-жақын шет мемлекеттерге барып демалалатын қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.

«Вакцина ағзаңыздың вирусқа қарсы қорғанышын қамтамасыз етіп, қауіпсіз саяхат жасауға мүмкіндік береді. Жазғы демалысты алаңдамай, ойдағыдай өткізу үшін COVID-19-ға қарсы екпе алыңыз. Вакцина сізге еш қиындықсыз елге оралуға, өзіңіз бен жақындарыңызды қорғауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Еске салайық, Қазақстанда вакцинация паспорты коронавирусқа қарсы екпенің ІІ компонентін алғандарға ғана беріледі. Қазақстанның вакцина паспорты әзірге үш елге турист ретінде кіруге жарамды: Моңғолия, Тайланд және Венгрия.

Back to top button