Әбілхан Қастеевтің немересі: Атамның туындыларымен менде тылсым паралель бар

Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, қылқалам шебері Әбілхан Қастеевті бүгін ұрпағы ерекше сағынышпен еске алды.Шығармашылық қадамын су бояуымен бастаған суретшінің әр картинасынан ұлттың үні, болмысы сезіледі. Өйткені Қастеев суреттерінде дархан даланың нәрі бар.  Суретшінің ұл-қыздарынан тараған немерелері Сауран мен Дәурен Қастеевтер ата жолын қуып, сурет әлемінде талай жетістіктерге жетіп жүр. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

«Ешкім бізді сурет салыңдар деп мәжбүрлеген емес. Кішкентай күнімізден шимайлай бастадық. Алдымен табиғатты  салғанды ұнататынмын. Кейін әкем,  салған кескіндерімізді көріп «…Иә, бірдеңе шығатын сияқты»-дейтін. Сурет салам дегенде ата-анамыз қажетті қағаз, қалам, бояуларды толтырып әкеп беретін» – деді Сауран Қастеев.

Тек пен талант, бірегейлік атадан балаға қанмен берілетін қасиет екенін ескерсек, Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеевтің туындыларында атасының қол таңбасын анық байқауға болады.

Дәурен Қастеев: «Атамның Абай әлеміне деген қызығушылығын түсінемін. Өйткені мен де бұл тақырыпты айналып өте алмадым. Менің де «Абайдың жастық шағы» деген туындым бар. Жақында «Абайдың өсиеттері» атты кітапта менің туындым бейнеленді.  Байқағаным атамның туындыларымен менде бір тылсым  паралель бар. Әсіресе акварельмен салған суреттерімде атамның стилін көремін. Қатты ұқсастық бар. Оны байқағандар маған жиі «…Қанында бар ғой, тегіне тартқан, это – гены!» деп жатады. Ол мен үшін үлкен абырой. Атамдай ұлы суретші болуға тер төгіп жүрмін!»

Тау тұлғаның ұрпағымен тілдесу барысында тарих беттеріндегі ресми деректерден бөлек, тек отбасына ғана мәлім жылы естеліктерге куә болдық. Ерекше мейірімді, жуас мінезді суретшінің қыздары бала күндерін былай деп еске алды:

«Ата-анам 3 балалы болғанға  дейін өз үйлері  болған жоқ. Жалдамалы үйлерде көп көшіп жүрдік. 1948 жылы Мұхтар Әуезовке өкімет жаңа үй беріп, ол тұрған 2 бөлмелі пәтер босайды. Сол 2 бөлмеге біз көшіп барғанбыз.  1958 жылы Қонаевтың қаулысымен бізге  жер үй салынып берілді де сонда көштік.  Қазір бұл үй бізге тиесілі емес. Өкіметтің меншігінде.  Мұражай болып тұр. Егер өзімізде болғанда реставрация жасап қояр едік. Папамның көзі фотоаппарат сияқты еді. Ұсақ детальдарға қатты мән беретін. Аспандағы ұшып өткен ұшақтың ізін, алыстан келе жатқан көліктер, қойлар…  Арасында бізді де көрсетіп қоятын. Мысалы мынау әкем, мынау мен және Гүлдария. Папамның салған суреттерінде тіпті ауаның өзін көруге, сезуге болады. Сол ерекшелік қазір Дәурен мен Сауранның салған суреттерінен байқалады»-деді  Гүлназия Қастеева.

Мәңгілік естелікке айналған қыл қалам шеберінің музейінде бүгінде 400-ден аса туындысы сақталған.  Әбілхан Қастеев көзінің тірісінде 200-ден аса көрмеге қатысқан екен. Әсіресе АҚШ, Канада,  Франция, Бразилия, Польша сияқты еуропа елдерінде ұлы суретшінің қолтаңбасы бар. Қай көрмедегі шығармаларынан да ұлтының ұғымына тән бояуы анық көрінеді. Қылқалам тілімен халқының шежіре сырын шерткен суреткердің шынайылығы  тамаша туындылармен өрнектеледі. Ал ең кереметі осы бекзат өнердің  болмысымен ұрпақтың бойында бар болуы. Атадан балаға аманат болған өлмес, өшпес мұра.

Back to top button