Обама Марсқа америкалық экспедицияны ұшыру жоспарын айтты
Обама Марсқа америкалық экспедицияны ұшыру жоспарын айтты
АҚШ президенті Барак Обама "Ғарышты игерудің келесі кезеңіндегі мақсат - адамды Марс ғаламшарына ұшыру және одан аман Жерге оралу, ал келешекте адамды Марста ұзақ мерзімде қалдыру" деп атады. Бұл туралы Обама CNN телеарнасының сайтында жарияланған таяу келешектегі ғарыштық зерттеулер туралы мақаласында айтқан.
Обама адамның Марсқа ұшуы туралы жоспарын президент қызметіне кірісетін кезде-ақ білдірген. Президенттік қызметі аяқталатын тұста ол құрлықаралық экспедицияны ұйымдастыруға мемлекет пен жеке компаниялар бірдей күш жұмсауы керек дейді. Алдағы екі жылда коммерциялық компаниялар бірінші рет астронавтарды Халықаралық ғарыш станциясына ұшыра бастайды.
Президенттің жоспары бойынша, бұдан кейін "мемлекет пен коммерциялық компаниялар адамның ғарыш кеңістігінің тұңғиығында ұзақ уақыт болуы үшін жасанды кеңістік жасауы тиіс". Жасанды кеңістікте адам Жерден қашықтықтағы өмірге үйреніп, Марсқа аттанатын ұзақ сапарға дайындала алады.
Ғарышты коммерциялық тұрғыдан зерттеумен SpaceX, Blue Origin сияқты компаниялар айналысады. Илон Масктың SpaceX компаниясы 2025 жылы Марсқа адам ұшыруды жоспарлап отыр. Boeing корпорациясының бас менеджері Деннис Мюленберг "Марсқа аттанатын алғашқы адамды біздің компания жасаған зымыран алып ұшатынына сенімдімін" деп мәлімдеді.