Министр боксшыларға: Қазақ бокс мектебі әлем мойындаған мықтылар ордасы екенін тағы да паш еттіңіздер

Министр боксшыларға: Қазақ бокс мектебі әлем мойындаған мықтылар ордасы екенін тағы да паш еттіңіздер

Министр боксшыларға: Қазақ бокс мектебі әлем мойындаған мықтылар ордасы екенін тағы да паш еттіңіздер
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 21-31 мамыр аралығында Біріккен Араб Əмірлігінің Дубай қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында жеңіске жеткен жəне жүлдегер атанған спортшыларды қабылдады. Жүздесуге құрлық бəсекесінде қарсылас шақ келтірмеген Валентина Хальзова, Лəззат Күнгейбаева, Римма Волосенко мен күміс жүлдегер Василий Левит, қола жүлдеге ие болған Марина Вольнова, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Марат Мықтыбеков, федерация өкілі Асқар Сембиев қатысты. Ақтоты Райымқұлова былғары қолғап шеберлері мен федерация өкілдерін Азия чемпионатындағы жетістігімен құттықтай келе, алда келе жатқан Токио Олимпиадасына дайындық жұмысымен танысып, боксшыларға сəттілік тіледі. «Сіздер сары құрлықтың мықтылары бас қосқан дүбірлі додада шынайы шеберліктеріңіз бен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігерлеріңізді ұштастырып, чемпион атанған дарынды былғары қолғап шеберісіздер. Байрақты бəсекеде тарихы терең, өзіндік дәстүрі қалыптасқан қазақ бокс мектебі әлем мойындаған мықтылар ордасы екенін тағы бір мəрте паш еттіңіздер. Сіздердің Азия чемпионатының жаңа үздік нəтижесін тіркегендеріңіз байтақ отанымыздың түкпір-түкпіріндегі өрендердің спортқа, оның ішінде боксқа деген құштарлығын арттырып, тың серпін беруіне тілектеспін. Алдағы уақытта да шаршы алаң төрінде ысылған спортшы ретінде талай сында тұғырлы көк байрағымызды биікте желбіретіп, айбарлы əнұранымызды шырқата беретіндеріңізге сенемін»,-деді министр. Өз кезегінде федерация басшылығы олимпия ойындарына дайындық жұмысы кестеге сай өтіп жатқанын, боксшылар қауіпсіздігін басты назарда ұстайтынын, ал спортшылар Олимпиадаға сақадай сай екенін жеткізді. Айта кетейік, Азия чемпионатында 20 салмақта (10 – ер, 11 – әйел) бақ сынаған Қазақстан құрамасы 8 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Ал Қазақстан əйелдер құрамасы 10 салмақтың 8-інде алтын алып, Азия рекордын жаңартты. Жалпы жүлдегерлер: Алуа Балқыбекова (48 кг), Назым Қызайбай (51 кг), Дина Жоламан (54 кг), Римма Волосенко (60 кг), Милана Сафронова (64 кг), Валентина Хальзова (69 кг), Фариза Шолтай (81 кг), Лəззат Күнгейбаева (+81 кг) - алтын; Владислава Кухта (57 кг), Даниял Сəбит (49 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Əбілхан Аманқұл (75 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг), Левит Василий (91 кг) - күміс; Марина Вольнова (75 кг) мен Сəкен Бибосынов (52 кг) - қола;