«Жұлдызбен бір сахнада» жобасының жаңа концерті өтті

«Жұлдызбен бір сахнада» атты жаңа жобаның үшінші концертін «Qazaq Quintet» өнер ұжымы ұсынды. Қазақконцерттің 60-шы мерейтойлық маусымына арналған бұл концерт көрермен қауымның зор ықыласына бөленді, деп хабарлайды Қазақконцерт сарайының баспасөз қызметі.

«Qazaq Quintet» – флейта, гобой, фагот, валторна, кларнет сияқты үрмелі аспаптарда ойнайтын музыканттардан құрылған ансамбль. Бұл ұжымның құрамында Жанар Жылтыркөзова, Лилия Абдрахманова, Қалқаман Дүсембаев, Дәулет Сейдахметов, Шернияз Назаров сынды жас таланттар өнер көрсетеді. «Qazaq quintet» ансамблінің көркемдік жетекшісі– «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Дүсембаев.

Бұл кеште үрмелі аспаптардың өзіне тән сазды үні өнер сүйер қауымға атақты классикалық шығармаларды жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Концерттің басты ерекшелігі – көрермендер концерттік бағдарламаны әртістермен бірге сахнада отырып тамашалап, өздерін концерттің тікелей қатысушысы ретінде сезіне алды.

Музыканттар Эдвард Григ, Клод Дебюсси, Людвиг Тюйе, Жорж Бизе сынды белгілі еуропалық композиторлардың шығармаларын орындады. «Qazaq quintet» ансамблінің көркемдік жетекшісі Қалқаман Дүсембаев атап өткендей, концерттік бағдарламаның өзіндік ерекшеліктері бар.

– Концерттік бағдарламаға Қазақстанда сирек орындалатын Людвиг Тюйенің «Фортепиано мен үрмелі квинтетке арналған си-бемоль мажор» туындысы енген. Бұл шығарма – концерттің премьерасы болып табылады,- деп жеткізді Қалқаман Дүсембаев.

Концертте «Qazaq Quintet» ұжымының жас таланттарымен бірге белгілі пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев  өнер көрсетті.  Көрермендерді таңғалдырған тағы бір перформанс – кәсіби суретші Айжан Жаркешова ұсынған құм анимациясы. Интерактивті құм перформансы классикалық үрмелі музыкамен керемет үйлесім тапты.

Ұйымдастырушылар мәлімдегендей, «Жұлдызбен бір сахнада» жобасы әлі де өзінің жалғасын таппақ. Концерттердің барлығы «Қазақстан» орталық концерт залында өткізіледі. Көрермендер концерттік залға «Ashyq» қосымшасы арқылы кіре алады.

Back to top button