Токио Олимпиадасы: Қазақстан қоржынында 63 жолдама бар

Көркем гимнастикадан Ташкентте өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатында қазақстандық Алина Әділханов чемпион атанып, Токио Олимпиадасына жолдама алды.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, Алина Әділханова көпсайыс қорытындысы бойынша 95.15 ұпай жинап, жеңіске жетті. Екінші және үшінші орынды өзбекстандықтар Тахмина Икромова (92.90) мен Екатерина Фетисова (90.85) иеленген. Қазақстан атынан сынға түскен тағы бір спортшымыз Адиля Тілекенова жетінші орынға табан тіреді.

Халықаралық гимнастика федерациясы лицензиялық Азия біріншілігін өткізуді соңғы сәтте шешіп, турнир 6 маусымда басталған болатын. Жарыс ережесі бойынша, тек жеңімпаз атанған спортшыға Олимпиада жолдамасы табысталады.

Осылайша, сары құрлықтан Токио ойындарына берілетін жалғыз лицензияны Алина Әділханова еншілеп отыр. Бұған дейін Алина жекелей сында өнер көрсетіп, доп және шығыршық жаттығуында күміс, ұршықпен жаттығуда алтын жүлде жеңіп алды.

Айта кетейік, бүгінге дейін Қазақстан спорттың 25 түрінен Олимпиадаға 63 жолдама жеңіп алды.

Back to top button