Түркістан қаласының жаңа әкімі тағайындалды
Түркістан облысы Ордабасы ауданының бұрынғы әкімі Нұрбол Тұрашбеков Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
"Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Түркістан қаласының мәслихат депутаттарының келісімімен Түркістан қаласы әкімі қызметіне Нұрбол Тұрашбеков тағайындалды", - делінген әкімдік хабарламасында.
Жаңа әкімді қала активіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді. Түркістан қаласының жаңа әкіміне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді "Түркістан қаласының дамуының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі басталды. Өздеріңізге белгілі, жақында ғана өңірдің кешенді жоспары бекітілді. Онда алдағы 5 жылда атқарылар жұмыстар нақтыланған. Соның аясында жүйелі жұмыс істеу керек. Түркістанның климатын өзгерту жолында мамандар өте көп еңбек етуде. Осыны жалғастыру керек. Екі жылда 400 гектар жер саябаққа айналды. Бірнеше су айдындары пайда болды. Түркістан - туған қаламыз. Бүкіл әлем көз тігіп отырған түркі әлемінің рухани астанасы. Осындай киелі мекенді басқару бұйырған жаңа әкімнің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз", - деді облыс әкімі. Түркістан қаласына тура екі жыл әкім болған Рашид Аюпов осы уақыт ішінде өзіне қолдау білдірген барша азаматтарға қала активі алдында алғысын айтып, қоштасты.