Карантин бұзғандарға қатысты жаңа ереже күшіне енді

Бүгіннен бастап коронавируспен ауырғандар және науқастармен байланыста болғандар карантин режимін бұзса 87 мың теңге айыппұл төлейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар мен олармен байланыста болған адамдар үшін оқшауланудың міндетті режимін көздейтін санитарлық ережелерді бекітті. Аталған талаптарды орындамағаны үшін ҚР ӘҚбК 425-бабы 1-тармағына сәйкес, құқық бұзушылыққа жол берген тұлғалар 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл ереже бүгін күшіне енді», – деді Сархат Бейсенова.

Оның дерегінше, «Ashyq» қосымшасы іске қосылған сәттен бастап үй каратинін бұзған 3 140 адам анықталды. Олардың 1 436-сы коронавируспен ауырса, 1 704-і науқастармен байланыста болған.

«Қызыл» немесе «сары» мәртебесі бар тұрғындар қаланың қоғамдық орындарында жүру арқылы COVID-19 тасымалдаушысы болады әрі иммунитеті төмен, қарт адамдар мен балалар және тәуекел тообына кіретін өзге де қала тұрғындарына жұқтырады.

Back to top button