Бағы жанған Бьернсон

Бағы жанған Бьернсон

Бағы жанған Бьернсон
ашық дереккөзі
Әрине, бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысынан қарап Нобель сыйлығының үшінші лауреаты норвегтердің ұлттық мақтанышына айналған суреткері Бьернстано Бьернсонның шығармашылығына түрлі баға беруге қақымыз бар. Иә, ол қазір жұрттың көбіне бейтаныс, шығармалары да аса қатты сұранысқа ие емес ақын һәм жазушы-драматургтердің бірі. Нобель сыйлығының тұңғыш лауреаты Сюлли Прюдом сияқты ол да жазған дүниелері уақыт сынының сүзгісінен өтпеген, шығармашылығы ұмытыла бастаған қаламгерлердің біріне айналды. Дегенмен, осы жерде тақырыбымызға қатысты бір шындықтың бетін ашып, шамамыз жеткенше атақты сыйлықтың Бьернсонға бұйыруының себебін түсіндіріп беруге тырысып көргенді парызым санаймын. Жалпы Нобельді ғана емес, қандай да болсын атақты сый­лықты әдебиеттің нағыз өлшемі ре­тінде қабылдау – түбегейлі қате пі­кір. Кейде оны нағыз та­лант­тар­дан гөрі, түрлі себептермен айтуға тұ­рарлықтай шығармалары жоқ ақын-жазушылар еншілеп кетіп жа­тады. Көп жағдайда мұндай жо­ғары марапаттарды, сол кездері кө­терген тақырыбы оқырмандарды қат­ты қызықтырғанымен, уақыт өте келе ескіріп, өзекті болмай қа­ла­­тын шығармаларды жазған қа­лам­герлер де иеленіп қалады. Со­ны­м­ен бірге, кейде ақын немесе жазу­шы­ның саясаттағы беделі мен қо­ғам­дық белсенділігінің де зор қыз­мет атқарып кететін кездерінің бо­­­­латыны жасырын емес. Біздің бұл ай­тып отырған сөзіміздің белгілі бір дәрежеде Нобель сыйлығын ал­ған Норвегия мемлекетінің қа­лам­гері Бьернстано Бьернсонға тікелей қа­тысы бар. Енді осы айтылған жа­ғ­дайлардың негізгі себептерін тал­дап, жан-жақты тоқталайық. ХІХ ғасырда норвег халқы шы­ға­рып, ел арасында мәтел болып кет­кен «Бьернсонның есімін айту – ұлт­тық туымызды көтергенмен пара-пар» деген сөздер бар. «Жазу­шы­ны ұлтының туына теңеу» өз заманы үшін Бьернсонның қандай ірі мемлекетшіл тұлға болғанын ай­қын аңғарта түскендей. Белгілі қа­ламгер тек шығармашылықпен ай­налысқан суреткер ғана емес, со­нымен бірге Норвегияның тәуел­сіз­дігі, Скандинавияның ынтымағы үшін жанын салып күрескен ірі сая­си қайраткер де болды. Алғаш­қы­­­лардың бірі болып бүкіл Еуро­па­да бейбітшілік орнату үшін елеулі ең­бек сіңірді. Ақын дауысының жаң­ғырығы Норвегия жұртына ға­на емес, Батыс халықтарының бә­рі­не жетті. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой оған зор құрметпен қа­рап, одан бейбітшілік пен ізгілік, тұл­ғаның кемелденуі үшін күрескен өз жақтасын көрді. Суреткердің аты-жөнінде аю деген ұғымды білдіретін «Бьерн» деген сөз қайталанады. Сол­түс­тіктің ауа райы дін қызметш­і­сі­нің ұлын шынықтыра түсті, бала кү­нінен ол жұрттың тұрмыс-тір­шілігін бақылап, қарапайым ха­лыққа жақын болды. Шы­ғар­ма­шы­лығы арқылы отандастарын тәр­биелеуге, жүректерінде ізгіліктің шы­­рағын жағуға ұмтылды. Шын­дық деген сөзді айтқанды ақынның жаны сүйетін. Ол замандастарын ақи­қатты сүюге үйреткісі келді. Бі­рақ, ол үшін өзің де ақиқатпен өмір сү­руге тиіссің. Ақын үнемі қара­пайым адамдардың мұң-мұқтажын көріп, оларды шын бақытты етудің жолдарын іздеді. Жаңару айы деп есептеп сәуірді жақсы көрді. Бьёрнсон 1832 жылдың 8 жел­тоқсанында дүниеге кел­ді. 1837 жылы Квикнедегі дін қызмет­шісі болған әкесі Молда қаласының жанындағы махаллаға қоныс ау­да­ра­ды. Жазушының балалық өмірі та­биғаты тамылжыған осы аймақта өт­ті. Гимназияны тәмамдаған соң Бьернсон астанаға көшіп кетіп, уни­­­­верситетке түсуге дайындалды. Ел астанасында ол атақты жазушы Ген­рик Ибсенмен танысты. Әсіресе, жас жігітті саясат пен театр мәсе­ле­сі қатты қызықтырды. Газет бетінде жа­саған шолулары елдің құлағын бірден елең еткізді. 1854 жылы ол кө­лемді мақала жазып, онда бүгінгі за­ман өнеріне қатысты ойын ашық біл­дірді. Ол жылдары Норвегияда «ұлттық романтика» деп аталатын бас­ты бағыт үстемдік етіп тұрды. Бұл ағымның жақтастары ел өмі­рі­нен алған өз шығармаларында ха­лық­тың әндерін, аңыздарын, дас­тан­дарын кеңінен пайдаланып, ұлт­тың өткеніне баса назар аудар­ды. Бьернсон болса, өнердің халық­тық рухы ескі қиссаларды баяндау немесе түрлі хикаялары бар шы­тыр­ман оқиғаларды сипаттап беру­де ғана емес, өз жұртыңның ұлттық мі­незін, қарапайым адамның өмі­рін көрсете білуде деп есептеді. Да­нияның қаламгері Андерсеннің ер­тегілері мен норвегтердің фо­льк­лоры мен әндерін жинаушы Ась­берн­­­сонның жазу стилін ол жазған шығармаларына үлгі етіп алды. Оның ұлттық романтикасы шы­найы өмірдің көрінісін суреттеумен тіке­лей байланысты. Қаламгердің шы­ғармашылық жолының алтын бас­тауы ретінде 1857 жылы Нор­ве­гия­ның тарихынан алып жазылған ал­ғашқы драмасын айтуға болады. Сол жылдың қыркүйегінде оның нор­­вег шаруаларының өмірін су­рет­­теген «Сюнневе Сульбак кен» ат­ты үлкен туындысы жарық көрді. Әрине, проза жанры қарыш­тап дамып кеткен қазіргі за­манда бұл шығарма бүгінгі күн­нің оқырманын аса қатты қызық­тыр­мауы да ықтимал. Алайда, өз за­манында бұл туынды норвег әң­гіме­сінің үлгісі ретінде қабылданып, жазушы өз еліндегі әдебиеттің жаңа бағытын қалыптастырушысы бол­ды. Бір мақаланың барысында Бьер­нсонның бүкіл шығармаларына шолу жасаудың мүмкін емес екенін ескере келіп, біз «Сюннева Сульбак­кен» туындысының ерекшелігіне қыс­­­­қаша тоқтала кеткенді жөн са­на­дық. Бұл әңгіменің оқиғасы Нор­вегия тауларында өтеді. Кейіпкер­лері – қарапайым шаруалар. Автор­дың назары негізінен екі түрлі от­ба­сының әдет-ғұрпын, мінезін си­пат­тауға ауған. Бір ауылда өте қатал, нағыз діндар отбасы тұрады. Олардың үйлерінде Сульбаккен есімді жалғыз қыздары өсіп келеді. Тағы бір Гранлиендердің отбасында Тор­борн есімді жігіт бар. Ол бала кү­нінен Сульбаккенді жақсы көреді. Екі жастың махаббатын сүгіреттеу арқылы жазушы күрделі мінез бен күр­делі тұлғалардың қалыптасуын си­паттайды. Қаламгер өз туындысы арқылы адам рухының қайсар­лы­ғын, махаббат пен адамға деген се­нім­нің күштілігін көрсетуге тыры­сады. 1870 жылдан бастап Бьернсон бү­гінгі заман тақырыбына арналған дра­малар жазуды қолға алды. Міне, осы жерде норвегтердің реалистік дра­масының дүниеге келіп, қалып­тасуына Генрик Ибсен мен Бьернс­тано Бьернсон туындыларының қат­­ты ықпалы болғанын айта кет­кен ләзім. Сол уақыттағы өз еге­мен­ді­гін алған елдегі қайнаған қоғам­дық өмір өнер саласында драманың бас­ты орынға шығуына жол салып бер­ді. Бұл бір жағынан заңдылық та еді. Өйткені, драманың табиғаты уа­қыт талабы туғызған түрлі сұрақ­тар­ды қойып, оны шешудің жол­да­рын қарастыруға мол мүмкіндік бере­тін. Бьернсонның бүкіл драма­лары­­ның негізінде ізгілікті мә­­селелер жатты. Автор бұл тақы­рып­ты түрлі жағдайда зерттейді. «Банкортқа ұшырау» драмасында ол – банкирлер мен іскерлердің әлемі. Ав­тор бұл пьесасында жалған және на­ғыз мораль, шын және өтірік ар-ұят­қа қатысты ұстара сауалдарды қойып, адамдық абырой туралы те­рең толғанды. Драманың сюжеті аса күрделі де емес. Оқиға банкир Тьельд­­­­тің бар­лық байлығынан айы­ры­лып қал­ғаны туралы хабар­лама­дан бас­талады да, банкир мен оның от­­­­­ба­­сының ізгілікті тұрғыда жаңаруы­­мен аяқталады. Сол заманның әйгілі сыншысы, әрі қаламгердің пікірлесі Георг Брандес бір сөзінде Бьерн­сон­ның творчествосын педагогикалық шы­ғармашылық ретінде бағалады. Шындығында да ол шығармалары арқылы замандастарын тәрбиелеуге ұмтылды. Ол тәрбиелеу қолынан кел­месе де, жазушы еш уақытта да үн­демеуі тиіс деп есептеді. Оның өнері барлық уақытта да ізгілікке үн­деген күресімен, адамға деген ма­хаббатымен ерекшеленеді. Еу­ропа­дағы қатты белең алған на­турализмге ол қарсы шықты. Ырық­сыз сезімге берілген, тұлғаның ру­хани мәнін жоятын өнерді ол қа­был­дай алмады. Дарвинге сілтеме жа­сағандарды ол қатты сынады. «Адам­ның бәрі де – аң» деген тезис­тен ол ұғымның шатасуын көрді. Дарвин расында да адамның бойы­нан аңдық мінездерді көрді, бірақ адамдық тұлғаның нағыз табиға­тын ол мінездер анықтамайды. Әсі­ре­се, ХІХ ғасырдың аяғында үлкен сұранысқа ие болған Эмиль Золяның романдары мен Август Стриндбергтің туындылары оның қатты ашу-ызасын туғызды. «Ко­роль» атты драмасында Бьернсон қоғамдық жүйенің бәріне қарсы шығып, жоғары лауазымынан бас тартып, өзін қарапайым азамат ре­тін­де ұстап, демократиялық өзгеріс­тер­ді жасауға ұмтылған нағыз ко­роль­дің бет-бейнесін жасайды. Реалистік бағыттағы дра­ма­лары Бьернсоның атағын ас­пан­дата түсті. Алайда оның ең ал­дымен әдебиетте ақын ретінде мойын­далған тұлға екенін ұмыт­па­ған абзал. Шайырдың табиғатты су­реттеу мен халықтың өмірін жыр­­­лаудағы тың ізденістері поэ­зия­дағы жаңа сөз болды. Ол Нор­вегия­ның әнұранын жазып, өткен күннің ұлылығын солтүстік өңір табиғатының сұлулығымен әдемі үйлестіре білді. 1870 жылдардың аяғында ол сая­си қайраткер ретінде де таны­лып, норвег демократиялық қоға­мы­ның идеялық жетекшілерінің бірі болды. Ол өзін рухы азат ақын­дар­дың қатарына жатқызып, мейі­рім­ділікті, ізгілікті, адамгершілікті уағыз­дады. Жан-тәнімен қоғамның әлеу­меттік дамуын, түбегейлі өз­геруін аңсады. «Құдірет» атты жаңа драмасында осы ойларының бәрі көрініс тапты. Бұл туындысында ол фи­лософиялық және діни мәсе­ле­лерді ізгілік тақырыбымен сабақ­тас­­­тыруға ұмтылды. Көрермендер мен оқырмандар арасында бұл шы­ғарманың қаншалықты табысты болғанын, алғашқы басылымынан кейін оның автордың бүкіл шы­ғар­малар жинағына ғана еніп қоймай, төрт рет өз елінде, бес рет Ресейде ба­сы­лып шығып, ХІХ ғасырдың ая­ғында неміс, ағылшын, француз, ита­лиян және испан тілдеріне ау­дарылғанынан-ақ көреміз. Бұл пье­са Швецияда зор табыспен қойы­лып, Кристианин ұлттық теат­ры­ның репертуарына енгізілді. 1920 жыл­дары Ресей театрларында ғана атақ­ты пьеса 300 рет қойылды. Бьернсон норвег театрының өркендеуіне зор үлес қосты. Осло­дағы норвегтердің ұлттық теат­рының кіреберісінде Ибсенмен бі­р­ге оның да ескерткіші орна­тыл­ған. Орта ғасырдағы норвегтердің жыл­намасы мен аңыздарына сүйе­не отырып, ол көптеген пьеса жаз­ды. Орыстың ұлы суреткері Лев Толс­той оның шығармашылығын жо­ғары бағалап «Бұл менің бүгінгі за­манғы авторларының ішіндегі ең жо­ғары бағалайтын қаламгерім, оның жаңа еңбектерін оқу маған ләззат сыйлап қана қоймай, жаңа көк­жиектерді ашты» деген болатын. 1870-1880 жылдары ол жаны күй­зеліп, қатты діни дағдарысты ба­сы­нан кешірді. Діни қыз­мет­кер­дің баласы бола тұра, ол ресми шір­кеу­дің догмаларына қарсы шықты. Сол кездердегі Скандинавияда кеңінен тараған Грундтвигтің іліміне жазу­шы­ның бүйрегі бұра бастады. Бұл ілім­нің жақтаушылары христиан­шыл­дық адамға қуаныш сыйлап, Құдайға деген махаббат жердегі ба­қыттан бас тартуға әкелмеуі тиіс. Ұлы Жаратушы бәріне патшалық еткенімен, адамның бостандық еркі болып, ол өз тағдырын өзі таңдауы қажет деп есептеді. 1880 жылдары жазылған шағын романдарында жазу­шының діни көзқарасы айқын көрініс тапты. Жұбайы Каролина Раймерс қа­ламгердің алаңсыз жұ­мыс істеуі үшін барлық жағдай жа­сап, тіпті, театрдағы мансабынан да бас тартты. Ұзақ жыл бақытты өмір сүрген жұбайлар алтын той­ла­рын мерекелеген күні Бьернсон атақ-дәреженің бәріне де әйелінің арқасында қол жеткізгенін ерекше ілти­патпен атап өтті. Норвег ұлты­ның ұлы қаламгері бар жан-тәнімен өмірге құштар жан еді. Жеңе бас­та­ған кәрілік пен сырқатқа мойын­сұну оған қиын болды. Өлерінің ал­дында да ол өмірді мадақтаған жыр жазды. Көзі жұмылып бара жа­тып, соңғы демі таусыларының ал­дын­да Дагне есімді қызын жа­ны­на шақырып, мұндай туындыны өліп бара жатқан адамның шы­ғаруы мүмкін бе деп сұрады. Оның соңғы өлеңі «Әлемді ізгілік құт­қара­ды» деп аталады. Бұл жолдарды жазу­шы Бьернстано Бьернсонның соң­ғы ақындық өсиеті ретінде қа­был­дасақ та қателеспейміз. Ұлы қаламгер 1910 жылы 78 жасында қайтыс болды. Оның сүйегі Норвегия астана­сын­да­ғы кафедралдық собордың аума­ғын­да жерленді.
1903 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына үміткер болғандар: 1. Иван Жилькен (1858-1924) – француз тілінде жазған бельгиялық символист-ақын. «Жас Бельгия» журналының редакторы болды. 2. Мори́с Полидо́р Мари́ Берна́р Метерли́нк (1862-1949) – бельгиялық жазушы, драматург және философ. 1911 жылы Нобель сыйлығын иеленді. 3. Роберт Лэнгтон Дуглас (1864-1951) – ағылшын жазушысы, Ирландия ұлттық галереясының дирек­торы болған. 4. Джозеф Редьярд Киплинг (1865-1936) – ағыл­шын жазушысы, ақын және новвелист. 1907 жылы Но­бель сыйлығын иеленді. 5. Джордж Мередит (1828-1909) – Викториан дәуі­рін­дегі көрнекті ағылшын жазушысы. Көпшілікке кеңі­нен танымал «Өзімшіл» романының авторы. 6. Льюис Моррис (1833-1907) – аса танымал ағыл­шын ақыны. 7. А́лджернон Чарлз Суи́нберн (1937-1909) – аса көрнекті ағылшын ақыны. 8. Георг Моррис Кохен Брандес (1842-1927) – да­ния­лықтардың танымал әдебиет зерттеушісі, пуб­ли­цист, натурализмнің теоретигі. 9. Марсели́но Менéндес-и-Пелáйо (1856-1912) – испан ғалымы, мәдениет пен әдебиет тарихшысы. 10. Хосé Эчегарáй-и-Эйсаги́рре (1832-1916) – ис­пан драматургі, 1904 жылы әдебиет саласындағы Но­бель сыйлығын иеленді. 11. Джозуэ Карду́ччи (1835-1907) – италиян ақы­ны, 1906 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлы­ғын иеленді. 12. Ге́нрик (Хе́нрик) Ю́хан И́бсен (1828-1906) – әлемге әйгілі норвег драматургі, еуропалық жаңа дра­ма­ның негізін салушы. 13. Ге́нрик Сенке́вич (1846-1916) – аса көрнекті поляк жазушысы. 1905 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 14. Карл Фридрих Глазенап (1847-1915) – орыс қа­лам­гері, неміс композиторы Рихард Вагнердің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші. 15. Толстой Лев Николаевич (1828-1910) – әлем­ге танылған орыс жазушысы. «Казактар», «Соғыс жә­не бейбітшілік», «Анна Каренина» атты атақты ро­мандардың авторы. Адамзатқа танылған талай қа­ламгерлердің шығармашылығына қатты әсерін тигіз­ген. Жазушы шығармашылығы туралы мыңдаған ма­қала, жүздеген зерттеу жазылды. Шығармаларының же­лісімен көптеген фильм түсірілді. 16. Шарль Вагнер (1852-1918) – француз қалам­гері. 17. Франсуа́ Коппе́ (1842-1908) – француз ақыны, дра­матург және прозаик. Парнас мектебінің өкілі. 18. Фредерик (Фредери) Мистраль (1830-1914) – прован­салдық ақын. 1904 жылы Нобель сыйлығын иеленді. 19. Парис, Гастон (1839-1903) – Орта ғасыр әде­бие­тін зерттеген француз ғалымы. 20. Поль Сабатье (1858-1928) – француз жазушы­сы, әрі тарихшы. 21. Альбер Сорель (1842-1906) – француз тарих­шы­сы, Француз академиясының мүшесі. 22. Александр Баумгартнер (1841-1910) – швей­цария­лық ақын және жазушы.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ