Шымкент кәсіпорындары «Еңбек» бағдарламасының шарапатын көреді
Шымкент кәсіпорындары «Еңбек» бағдарламасының шарапатын көреді
Шымкент қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы қала аумағында орналасқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ және аталған аймақтың резиденті AZALA Textile ЖШС-мен жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында өзара бірлескен меморандумға қол қойды.
Қазір «Оңтүстік» АЭА-да 25 жоба іске қосылып, жалпы 2 293 жұмыс орны құрылған. Ал 2021-2023 жылдарға дейін 2 000-нан аса жұмыс орны мен тағы 23 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Осы орайда, орталық өкілдері қаладағы ең үлкен кәсіпорындардың біріне айналған тоқыма AZALA Textile фабрикасының басшылығымен кездесті.
AZALA Textile серіктестігі сырттан шикізат сатып алмайды. Серіктестік өзін-өзі өніммен толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Қазір мақта зауыты мен жіп, мата дайындау цехы толық қуаттылықпен жұмыс істеп жатыр.
Кездесуде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі түсіндіріліп, атап айтқанда «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс» бағыттарына мемлекет есебінен ақылы жұмыстарға жұмыссыздарды тарту мақсатында келісім жүргізілді.
– Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуі үшін саланың қыр-сырын білетін кәсіби кадрлар керек. Бүгінде мамандар аз, шеберлеріміз бар жұмысшылар келсе үйретеміз. Өндіріс орнына тоқымашылар, тігіншілер, операторлар және дизайнерлер жетіспейді, – дейді кәсіпорын директоры Жанар Көшерова.
Техникалық мамандық иелерін кәсіпорынға тартуды көздеген тоқыма фабрикасының өкілдері мемлекеттік бағдарламаның тиімділігіне қызығушылық танытып, алдағы уақытта керек мамандарды жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастыруды жүзеге асырмақ.
Айта кетсек, тоқыма фабрикасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажет бұйымдар шығарады. Сонымен қатар, еліміздегі тігін цехтарынан медициналық бетперде жасау үшін фабриканың сапалы маталарына, бөздеріне сұраныс артқан. Атап айтқанда, кәсіпорын Шымкент қаласымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларынан тапсырыс алып жатыр.
Назгүл НАЗАРБЕКОВА, Шымкент қаласы