Хайп қуған қыз: зират басында TikTok түсіргені үшін ауруханаға түскен бе?

Бейіт басында TikTok түсіріп, елдің ашуын туғызған тараздық бойжеткен танымал болу үшін енді ойдан оқиға құрастырған, – деп хабарлайды «Информбюро».

Ол мазарлардың жанында түсірілген бейнежазбасы үшін «Қарағандыда тұратын әпкемді біреулер ұрып кетті» деп видео жазып, елдің назарын аударғысы келген.

18 жастағы Тараздың тұрғыны зиратта видео түсіріп, оны TikTok-қа салған. Жазба жарияланғаннан кейін бойжеткенге ашуланғандар, жағымсыз пікірлер жаудырған. Бұл видеодан кейін, көп ұзамай бойжеткен екінші бейнежазба жариялайды. Онда ол Қарағандыда тұратын әпкесін зиратта түсірілген видео үшін белгісіз біреулер ұрып-соққанын айтып, суреттерін жариялаған.

Полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды. TikTok құмар қыздың Қарағандыдағы 20 жастағы туысы Әсемай Абылай расында медициналық мекемеде болған. Бірақ ол ауруханада тараздық сіңілісінің кесірінен емес, тұрмыстық жағдайда жарақат алғандықтан жатқан болып шықты.

«Бұл азаматша әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланбай  тұрып, отбасында дене жарақатын алғаны белгілі болды», – деді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Back to top button