Жаңалықтар

Қазақтан шыққан тұңғыш сумошы – Сүйініш Казафузан

ашық дереккөзі

Қазақтан шыққан тұңғыш сумошы – Сүйініш Казафузан

Әлемде 50-ден астам күрес түрі бар. Соның бі­рі – жапонның сумо күресі. Тарихы терең саму­рай­лық күрес – қазір әлемге кең танылған дәс­түрлі спорттың бірі. Бұл күресте әуелі жа­пондар, одан кейін моңғол, грузин және орыс балуандары алғы шепте келеді. Осы ретте «біздің қазақта неге сумошы шықпайды?» деген сөз жиі айтылып жа­тады. Негізінде бізден де сумошы шыққан еді. Әйт­кенмен оны көбіміз біле бермейміз. Ол – қа­зақтың апайтөс ұлы Сүйініш Құдибаев. Сумо кү­ре­сінің тәртібі бойынша жапон жаттық­тыру­шы­ларының қойған лақап аты – Казафузан Тай­га. Сүйініш – тек қазақтан емес, Орта Азиядан алғаш шыққан кәсіпқой сумошы. Казафузан 11 жыл Жапонияда тұрып, сумо күресімен ай­на­лысып, «макусита» деңгейіне дейін жетті. Макусита – 80 балуанды жыққан әрі 3 дивизион­ның мықты­ла­рына берілетін атақ. Алып денелі қан­дасымызбен бізге таныс та бейтаныс сумо күре­сі жайлы әңгі­ме өрбіткен едік. – Мен Түрікменстанда туып, Қа­зақстанда өстім. Егемендік алған тұс­та отбасым Отанға оралып, Ақ­тауға қоныс тепті. Ол кезде мен 12-де едім. Кішкентай кезімнен спорт­ты жаныма серік етіп, Алматы об­лысының олимпиадалық резерв­те­гі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің жекпе-жек түр­лері бойынша мектебіне оқуға қабылданып, 4 жыл білім алдым. Маған және бірнеше балаға Жа­по­нияда сумо спортынан өтетін Азия чемпионатына қатысуға ұсы­ныс жасалды. Қуана келістік. Сол алғашқы жарысымда қола медальге қол жеткіздім. Бағлан Ыдырысов де­ген бапкер ағамыз маған «кәсіп­қой сумомен айналысқаның жөн» деп кеңес берді. Осылайша, мен Жа­пониядан бір-ақ шықтым. Ме­нен өзге де балалар бірге барған бо­латын. Бірақ олардың арасынан соңына дейін қалған мен ғана бол­дым. Нәтижем жаман емес. Жа­по­нияда маған Казафузан Тайга атын бер­ді. Сөйтіп, еркін күресті сумоға алмастырып, Жапонияда қалу­ға шешім қабылдадым. Осы­лай­ша, 11 жыл Жапонияда тұрдым. Алға­шын­да бір аптадай жаттығып, бірден дохёға (сумо күресінің алаңы) шы­ғып кеттім. Жапонияға келіп бір ап­таның ішінде сайысқа түс­тім де­сем, көпшілік сенбейді. – Жапонияда сумо­шы­лар­дың тәртібі өте қатал деседі. Се­бебі олар ата-дәстүрді жал­ғас­тырушы ретінде саналады. Егер ол көшеде төбелес шыға­рып жатса, дереу үйіне қай­тары­лып, жат­тықтырушысы жа­заға тар­тады екен. Басқа қан­дай ырым-тыйымдары бар? – Кез келген сумошы шаш өсі­ріп, қоғамдық орында кимо­но­мен жүруге міндетті. Мұның бәрін алға­шында ерсі қылық көрсек те, кейін үйреніп кеттік. Жапонияда қазір самурай­лар жоқ, сондықтан шаш қойып жүретін сумошылар ғана. Басыңа айдар қою міндет. Әйтпесе, бұл спортқа деген құрметсіздік бо­лып саналады. Сөйтіп, менің де шаш қоюыма тура келді. Ал бел­десу­ге шық­қанда маваши (белдік) шы­ғады. Мұның бәрі менің түсінігімде тұр­­пайы көрінсе де, уақыт өте үй­ре­ніп кет­тім. Олардың жалғыз ғана киімі – қар­нын айналдыра ораған ұзын­дығы тоғыз метрлік маваши (бел­дік). Белбеуді ораудың өзі аса ше­бер­лікті қажет ететін болғандықтан, оның да нағыз мамандары болады. Шаш сәндеудің де қатаң талабы бар. Сондықтан оған Бүкілжапондық сумо ассоциациясы іріктеп, 15 жас­тан бастап 10 жыл бойы оқы­тып, арнайы жоғары класты шаштараз мамандар даярлайды. Сумошы оякатасының (бапкер­дің) рұқсатынсыз отбасын құра ал­майды. Ең қызығы, автокөлік жүр­гізуге де тиым салынған. Олар­дың жеке жүргізушісі болуы қатаң қадағаланады. Ояката – үлкен әке, яғни бапкер деген мағына береді. Ол сен үшін жауапты тұлға санала­ды. Сондықтан олар спортшысының қателігін көтеруге тиіс. Әлгінде айт­қанымдай, тойға не кездесуге, ке­рек десеңіз туған күн кешіне бар­саңыз да арнайы киіммен жүру мін­деттеледі. Бұл – жазылмаған заң­дылық. Мұны да сақтамау жат­тықтырушыны жазалауға дейін апа­рады. – Өткен айда жаздың ал­ғаш­қы башёсы аяқталды. Сумо күре­сіне қызығатын қауым «кім жеңім­паз болады?» деп қызу тал­қылап жатты. Бұл жол­ғы ба­шёда моңғол балуаны Тэруно­фудзи озэки айтойлап алға шықты. Сіз башёны көр­діңіз бе? – Иә, көрдім. Негізі бір жылда 6 башё (жарыс) ұйымдастырылады. Со­ның бірінші башёсы қаңтар айын­да өтеді. Оған императордың өзі барады. Тэрунофудзиді де біле­мін. Бірақ жарыста кездесіп көрген жоқпыз. Тэру­но­фудзи – қа­зіргі мық­­тылардың бірі. Кешікпей ёку­зона атағына ие бола­ты­нына се­не­мін. Қазір екі ёкузона бар: Какурю жә­не Хакухо. Какурю сумомен қош­тасты. Хакухо жарақа­тына бай­ланысты сайыстарға қатыса алмай жүр. Одан бөлек, Асанояма, Та­ка­кей­шо деген озэки сумошылар бар. Олардың да ёкузона болуына мүм­кіндіктері зор.