Норвегиядағы хоккейші әрі бас бапкер қазақ

Норвегиядағы хоккейші әрі бас бапкер қазақ

Норвегиядағы хоккейші әрі бас бапкер қазақ
ашық дереккөзі
Допты хоккейден спорт шебері Ескендір Нұғыманов – Норвегия астанасы Ослодағы Ready командасының белді ойыншысы. 2019-2020 жылғы маусым қорытындысы бойынша Норвегия чем­пио­натында «Жыл ойыншысы» атанған ол қазір өзі ойнайтын клубтың әйелдер командасының бас бапкері қызметін қоса атқарады. Сонымен қатар, Ескендір допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетеді. Құрамамен бірге 2011 жылы Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында жеңіске жетіп, әлем чемпионатында үш мәрте қола жүлде иеленген Ескендір Иркутскіде өтетін әлем біріншілігінде кезекті рет ел намысын қорғамақ. Жауапкершілігі зор екі қызметті қатар алып жүрген Ескендірге хабарласып, әңгімелескен едік.  width= – Спорт жанкүйерлері шай­ба­лы хоккей десе елең етеді, ал доп­ты хоккей туралы көпшілік бі­ле бермейді. Допты хоккейді шай­балы хоккеймен шатас­ты­ра­тындар да жоқ емес. Аса танымал емес допты хоккеймен кәсіби түр­де шұғылдануыңызға не түрткі болды? – Бұл спортты таңдауыма әкем се­бепші болды. Әкем Сәкен Нұ­ғы­ма­нов кезінде допты хоккейден мықты ойыншы болған, қазір бапкерлікпен айналысады. Өзге спорт түрлерін таң­дауыма да болатын еді. Бірақ доп­ты хоккей өзіме қатты ұнады. Сөй­тіп, бес жасымнан бастап спорт мек­­­­те­біне қабылданып, аталған спортпен кәсіби түрде айналыса бас­та­­­дым. 14 жасымда оралдық «Ақ­жайық» клубымен келісімшарт жа­са­сып, команда қатарына қосылдым. Со­­сын 17 жасымда Ресейдің Крас­но­горск қаласында жаттығатын «Зорь­кий» командасына шақыр­ты­лып, онда үш жылдай ойнадым. Кейін Ни­ж­ний Новогород қаласының «Старт» командасының сапында өнер көрсеттім. Сосын «Ақжайық» ко­­­мандасына қайта оралып, осында екі маусым ойнадым. – «Ақжайық» команда­сын­да ой­нап жүрген жеріңіз­ден Нор­ве­гияға қалай шақыртылдыңыз? – Допты хоккейден Қазақстан ұлт­тық құрамасына қабылданған соң, әлем чемпионаттарына көп қа­тыс­тым. Мұндай ірі жарыстарға шет­­­елдік бапкерлер көп келеді. Ке­зек­ті әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткенімізді көрген, сол кез­де Норвегия құрамасы мен «Хёвик» клубының бапкері қызметін атқарған Игорь Прахт маған ха­бар­ла­сып, командасына ойыншылар қа­­­растырып жүргенін айтты. Сөй­ле­се келе ол Осло қаласының маңын­да­ғы қалашықта өзі жаттықтырып жүр­ген клуб сапында ойнауды ұсын­ды. Бұл командада үш жыл ойнаған соң, Осло қаласында жаттығатын Ready командасына ауыстым.  width= – Бұл қадам сіз үшін жемісті бол­ған секілді, себебі бірінші мау­с­ымда «Жыл ойыншысы» ата­ғын иеленіпсіз. – Иә, бірінші маусымда 29 гол са­­лып, 30 пас бердім, осылайша гол+пас жүйесі бойынша 59 ұпай жи­нап, «Жыл ойыншысы» атағын ие­­­лендім. Қазір өзімнен бөлек, өзім жаттықтыратын, жоғары дивизион­да ойнайтын Ready әйелдер коман­да­сындағы ойыншыларды үздіктің үз­дігі етуге барымды салып жатыр­мын. – Бір клубта әрі ойыншы, әрі бас бап­кер қызметін қатар алып жүру қиын емес пе? Қалай үл­ге­ре­­сіз? – Әрине, оңай емес. Бапкерліктен бөлек, екінші жұмысым тағы бар. Таң­ғы жетіден бастап аренаға мұз құя­мын. Сосын өзім жаттығамын, кейін әйелдер командасын жат­тық­тырамын. Негізі, әйелдер коман­да­сының бас бапкері қызметіне кіріс­кен­ге дейін, жасөспірімдер коман­да­сын жаттықтырғанмын. Аталған ко­манда бірнеше турнирде жеңіске же­тіп, чемпионатта үшінші орынды ие­ленді. Жалпы, бапкер болу, білген-түй­генімді өзгелермен бөлісу, жаңа нәр­селерді үйрету маған қатты ұнай­ды. Сол себепті бапкерлік қызметті қа­тар алып жүруді жөн санадым. Оның үстіне, әйелдер командасының бапкері қызметінен босаған соң, бас­шылық бұл қызметті маған ұсынды. «Тырысып көрейін» деп тәуекелге бел будым. Бас бапкер болған соң, маған ар­тылған жауапкершілік зор. Деген­мен, ерлер командасындағы жұмы­сым әркез бірінші орында. Қалай үл­геретінімді сұрасаңыз, маусым ал­дындағы кезең мен маусым бас­тал­ған уақытта мүлде бос уақытым бол­майды. Айта кетерлік жайт, әйел­дер мен ерлер командасының ойын­дары әртүрлі күнде өткізіледі, сол себепті екі жақта да жұмыс істеуге үл­­­геремін.  width= – Канадада сіз секілді ойын­шы әрі бапкер болып жүрген Бұл­бұл Қартаңбаева екі көмек­ші­сі бар екенін айтқан еді. Ал сіз жал­ғыз өзіңіз жаттықтырасыз ба? – Иә, жалғыз жаттықтырамын. Ойын­шы­лар­дың ата-анасы ара-тұра аренаға келіп, доптарды жинап, қақпаны түзетіп беріп кетеді (күліп). Ал бы­лайынша жұмыстың барлығын өзім істеймін. Қыздармен жұмыс істеу анау айтқандай қиын емес, оның үстіне командамда батыл әрі қайсар қыздар ойнайды, олардың діттегін мақсаты бір – жеңіске жету. Тек көп күш салуды қажет ететін жатты­ғу­лар­ды орындаған кезде кейбірінің жы­лап қалатыны бар (күліп). Негізі, ке­лісімшарт бойынша оларды бір жыл ғана жаттықтырамын. Одан кейін бәлкім жасөспірімдерді жат­тықтырар­мын, мүмкін осы ко­ман­даны жаттық­тыру­ды жалғас­тырар­мын, оны басшылық шешеді. – Скандинавия елдерінде доп­ты хоккейге қатты көңіл бө­ле­тіні белгілі. Жоғары диви­зион­да ойнайтын әйелдер коман­да­сын жаттықтыруға неліктен жер­гілікті бапкерді емес, ерлер ко­мандасында ойнайтын сізді таң­дады деп ойлайсыз? – Әлем чемпионаттарына көп қа­тыстым, ресейлік командаларда ой­нағаным бар. Ал қасымдағы әріп­ тестерімде мұндай тәжірибе жоқ. Сол себепті басшылық осындай тәжірибені, тактикалық әдістерді қолданғанды құп көреді. Мұндағы ойын тәсілі қорғануға негізделген, ал мен шабуылдауға бағытталған ойын көрсеткім келеді. Алдағы уақытта орыс және швециялық стильдің «қоспасынан» өзіме керегін тауып алып, қол астымда жаттығатындарға сол стильде ойнауды үйреткім келеді.  width= – Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі Ослода өтетін іс-шараға сізді жиі шақыратынын байқадық. –Иә, елшілікпен тығыз байланыстамын. Осында өтетін іс-шараларға барып тұрамын. Өткенде тоғызыншы мамыр күні Лиллехаммер қаласына барып, сол төңіректе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жерленген қазақ солдаттардың ерлігіне бас иіп, еске алып қайттық. Бізбен бірге шаңғы тебуден Олимпиада чемпионы, отандасымыз Владимир Смирнов та барды. – Елімізде допты хоккейдің шайбалы хоккей секілді қарқындап дамуына не кедергі деп ойлайсыз? –Допты хоккей Қазақстанда футбол, шайбалы хоккей секілді танымал ойын емес. Оны танымал қылу да қиынның қиыны. Ойындарды теледидардан сирек көрсетеді. Сонымен қатар, жоғарыда мен атап өткен спорт түрлеріндегідей ойыншының жейдесін сатып, жарнама жасау қиын. Барлығын басынан бастау керек. Қазақстан құрамасы 2011 жылы қысқы Азия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алғанда барлығы масаттанып, осы спортты дамытуға, жетілдіруге уәде берді. Бірақ айтқандарының барлығы сол уәде күйінде қалды. Кез келген істі бастау үшін қаражат керек екені айтпаса да түсінікті, бірақ пайдасын көру үшін ұзақ уақыт күтуің керек. Сол секілді допты хоккейді дамыту ұзақ уақытты алады. Ал бізде тек ақша табуды ойлайтындардың қарасы көп. Олардың допты хоккейді дамытуға үлес қосқысы жоқ. Ал Скандинавия елдерінде бұған көзқарас мүлде басқаша, бұл спортқа көп көңіл бөледі, көп қызығады. Жанкүйерлері де көп. Үкіметтен бөлек, меценаттар, кәсіпкерлер қыруар ақша бөліп, допты хоккейдің дамуын қадағалайды. Норвегия үкіметі спортты дамытуға қаражат бөлгені үшін оларға салықты аз төлеуге рұқсат береді. Одан бөлек, біздің клубта маркетинг жақсы жолға қойылған, барлық алаңда жарнама орналастырылады. Осы секілді Қазақстанда да допты хоккейге кеңінен қолдау көрсетіліп, басқа спорт түрлерімен тең көрсе екен деймін.  width= – Бір сөзіңізде осы олқылықтың орнын толтырып, елге қайтып, доп­ты хоккейді дамытуды қолға ал­ғыңыз келетінін айтып қалдыңыз... –Жоғарыда мен айтқандай допты хоккейді дамытуға қызығушылық пайда болса әлбетте елге барып, жұмыс істеуге дайынмын. Сізге мынаны айтайын: маған салса Оралдан ешқайда кетпес едім. «Ақжайық» – жаныма жақын клуб, сонда ойнағым келеді. Бірақ елде допты хоккейге жеткілікті назар аударылмағандықтан басқа елге кетуге тура келді, себебі спортшы болған соң кәсіби тұрғыда өсуің керек. Оралда тұратын хоккейшілермен сөйлескенде олардың Қазақстан атын шығарып, допты хоккей ойнауға ерекше ынтызар болып жүргенін байқаймын. Алайда мәселенің бәрі тағы да қаржыға келіп тіреледі. Олар ертеңіне қам жемей, еш уайымсыз өмір сүргісі келеді. Тіпті, карьерасын аяқтаса да, елде жүріп, осы спорттың төңірегінде жұмыс істегісі келеді. Өмірінің көп бөлігін допты хоккейге арнаған адамға басқа кәсіпті «іліп» әкету қиын ғой. Осыдан кейін олар амалдың жоқтығынан басқа елден ұсыныс алып, шетелге кетіп қалады. Ал мұндайды болдырмас үшін мықты спортшылар мен мамандарға жағдай жасалуы керек.  width= – Ұлттық құрама сапында қысқы Азия ойындарының жеңімпазы атандыңыз, әлем чемпионатының бірнеше мәрте қола жүлдегерісіз. Иркутскіде өтетін әлем чемпионаты­на қатысу үшін құрамаға шақырту алған боларсыз? – Иә, шақырту алдым. Жалпы, допты хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында алты рет (2003, 2005, 2012, 2013,2014 және 2015 жылдары) қола жүлдеге ие болды. Мен осы алты сайыстың үшеуіне қатысып, жүлдегер атандым. Әлемнің кіл мықтылары жиналатын сайыста үшінші орын иелену жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Бұйырса, қазан айында Иркусткіде өтетін әлем чемпионатында тағы да бағымызды сынап көреміз.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ