Жаңалықтар

Норвегиядағы хоккейші әрі бас бапкер қазақ

ашық дереккөзі

Норвегиядағы хоккейші әрі бас бапкер қазақ

Допты хоккейден спорт шебері Ескендір Нұғыманов – Норвегия астанасы Ослодағы Ready командасының белді ойыншысы. 2019-2020 жылғы маусым қорытындысы бойынша Норвегия чем­пио­натында «Жыл ойыншысы» атанған ол қазір өзі ойнайтын клубтың әйелдер командасының бас бапкері қызметін қоса атқарады. Сонымен қатар, Ескендір допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетеді. Құрамамен бірге 2011 жылы Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында жеңіске жетіп, әлем чемпионатында үш мәрте қола жүлде иеленген Ескендір Иркутскіде өтетін әлем біріншілігінде кезекті рет ел намысын қорғамақ. Жауапкершілігі зор екі қызметті қатар алып жүрген Ескендірге хабарласып, әңгімелескен едік. – Бұл қадам сіз үшін жемісті бол­ған секілді, себебі бірінші мау­с­ымда «Жыл ойыншысы» ата­ғын иеленіпсіз. – Иә, бірінші маусымда 29 гол са­­лып, 30 пас бердім, осылайша гол+пас жүйесі бойынша 59 ұпай жи­нап, «Жыл ойыншысы» атағын ие­­­лендім. Қазір өзімнен бөлек, өзім жаттықтыратын, жоғары дивизион­да ойнайтын Ready әйелдер коман­да­сындағы ойыншыларды үздіктің үз­дігі етуге барымды салып жатыр­мын. – Бір клубта әрі ойыншы, әрі бас бап­кер қызметін қатар алып жүру қиын емес пе? Қалай үл­ге­ре­­сіз? – Әрине, оңай емес. Бапкерліктен бөлек, екінші жұмысым тағы бар. Таң­ғы жетіден бастап аренаға мұз құя­мын. Сосын өзім жаттығамын, кейін әйелдер командасын жат­тық­тырамын. Негізі, әйелдер коман­да­сының бас бапкері қызметіне кіріс­кен­ге дейін, жасөспірімдер коман­да­сын жаттықтырғанмын. Аталған ко­манда бірнеше турнирде жеңіске же­тіп, чемпионатта үшінші орынды ие­ленді. Жалпы, бапкер болу, білген-түй­генімді өзгелермен бөлісу, жаңа нәр­селерді үйрету маған қатты ұнай­ды. Сол себепті бапкерлік қызметті қа­тар алып жүруді жөн санадым. Оның үстіне, әйелдер командасының бапкері қызметінен босаған соң, бас­шылық бұл қызметті маған ұсынды. «Тырысып көрейін» деп тәуекелге бел будым. Бас бапкер болған соң, маған ар­тылған жауапкершілік зор. Деген­мен, ерлер командасындағы жұмы­сым әркез бірінші орында. Қалай үл­геретінімді сұрасаңыз, маусым ал­дындағы кезең мен маусым бас­тал­ған уақытта мүлде бос уақытым бол­майды. Айта кетерлік жайт, әйел­дер мен ерлер командасының ойын­дары әртүрлі күнде өткізіледі, сол себепті екі жақта да жұмыс істеуге үл­­­геремін. – Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі Ослода өтетін іс-шараға сізді жиі шақыратынын байқадық. –Иә, елшілікпен тығыз байланыстамын. Осында өтетін іс-шараларға барып тұрамын. Өткенде тоғызыншы мамыр күні Лиллехаммер қаласына барып, сол төңіректе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жерленген қазақ солдаттардың ерлігіне бас иіп, еске алып қайттық. Бізбен бірге шаңғы тебуден Олимпиада чемпионы, отандасымыз Владимир Смирнов та барды. – Елімізде допты хоккейдің шайбалы хоккей секілді қарқындап дамуына не кедергі деп ойлайсыз? –Допты хоккей Қазақстанда футбол, шайбалы хоккей секілді танымал ойын емес. Оны танымал қылу да қиынның қиыны. Ойындарды теледидардан сирек көрсетеді. Сонымен қатар, жоғарыда мен атап өткен спорт түрлеріндегідей ойыншының жейдесін сатып, жарнама жасау қиын. Барлығын басынан бастау керек. Қазақстан құрамасы 2011 жылы қысқы Азия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алғанда барлығы масаттанып, осы спортты дамытуға, жетілдіруге уәде берді. Бірақ айтқандарының барлығы сол уәде күйінде қалды. Кез келген істі бастау үшін қаражат керек екені айтпаса да түсінікті, бірақ пайдасын көру үшін ұзақ уақыт күтуің керек. Сол секілді допты хоккейді дамыту ұзақ уақытты алады. Ал бізде тек ақша табуды ойлайтындардың қарасы көп. Олардың допты хоккейді дамытуға үлес қосқысы жоқ. Ал Скандинавия елдерінде бұған көзқарас мүлде басқаша, бұл спортқа көп көңіл бөледі, көп қызығады. Жанкүйерлері де көп. Үкіметтен бөлек, меценаттар, кәсіпкерлер қыруар ақша бөліп, допты хоккейдің дамуын қадағалайды. Норвегия үкіметі спортты дамытуға қаражат бөлгені үшін оларға салықты аз төлеуге рұқсат береді. Одан бөлек, біздің клубта маркетинг жақсы жолға қойылған, барлық алаңда жарнама орналастырылады. Осы секілді Қазақстанда да допты хоккейге кеңінен қолдау көрсетіліп, басқа спорт түрлерімен тең көрсе екен деймін. – Ұлттық құрама сапында қысқы Азия ойындарының жеңімпазы атандыңыз, әлем чемпионатының бірнеше мәрте қола жүлдегерісіз. Иркутскіде өтетін әлем чемпионаты­на қатысу үшін құрамаға шақырту алған боларсыз? – Иә, шақырту алдым. Жалпы, допты хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында алты рет (2003, 2005, 2012, 2013,2014 және 2015 жылдары) қола жүлдеге ие болды. Мен осы алты сайыстың үшеуіне қатысып, жүлдегер атандым. Әлемнің кіл мықтылары жиналатын сайыста үшінші орын иелену жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Бұйырса, қазан айында Иркусткіде өтетін әлем чемпионатында тағы да бағымызды сынап көреміз.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ