Тәуелсіздіктің бір мұраты – терминдердің төл тілімізде түрленуі

Тәуелсіздіктің бір мұраты – терминдердің төл тілімізде түрленуі

Тәуелсіздіктің бір мұраты – терминдердің төл тілімізде түрленуі
ашық дереккөзі
Бүгінде елімізде тіл мәселесі ту­ралы айтар болсақ, ең алдымен оның мәртебесі мен қолданылу аясы Ата заңымызбен бекітілген. Яғни бәрі­міз­ге белгілі, Қазақстан Республикасы Конституциясының жетінші бабының бірінші бөлімінде: «Қазақстан Респуб­ли­касындағы мемлекеттік тіл – қазақ ті­лі» деп жазылған. Демек, мемле­ке­тіміздегі басты тіл ретінде қазақ тіліне бар­лық салада үстемдік берілгені та­лас­сыз. Сондықтан мемлекеттік тілдің тіл ретінде дамуы басты назарда тұр. Әлемде алты жарым мыңнан аса тіл болса да, солар 266 мемлекетке (оның 193-і БҰҰ мүшесі) шоғырланған және солардың 100-ге жуығында ғана «Мемлекеттік тіл» ста­тусы бар. Сондай-ақ, сөйлеушісі 15 мил­лионнан асатын 40 тіл бар! Міне осы дерек­тердің ішіндегі оң көрсеткіштердің бәрі біздің мемлекеттік тілімізге де қатысты. Бұл қазақ тілінің әлеуетін танытса керек. Қазақ тілі ХХ ғасырда жетілген ұлт тілі­не айналды, белгілі бір аумақта басым­дыққа ие болды, филолог ғалымдар тара­пы­нан жоғары дәрежеде зерттеліп, жүз­деген том кі­тап жарық көрді. Атап айтатын ерекше факт: әлемде қазақ тілінде сөй­лейтін адам­дар саны бойынша 70-орын­да тұрса да, сөз­дік қоры жөнінен 3-орында тұр! Араб тілін­де 12 млн 300 мың сөз болса, ағылшын ті­лінде 700 мың, қазақ тілінде 600 мың сөз бар. Осыған қарап-ақ ана тілі­міздің қан­ша­лық­ты бай тіл екенін білуге бо­латын шығар. Әрине, ешбір тіл өзге тілдермен әре­кет­тес­­пей, жеке өзі дами бермейді. Бір тілдің екін­­ші тілден сөз алып баюы – табиғи үдеріс. Жа­ңа құбылыс, жаңа заттардың пайда бо­лып, соның себебінен жаңа ұғымдардың қа­лыптасуы – тілдерді байытатын фактор. Сон­дықтан бұл мәселеде тілдің дамып, же­тіле түсуіне ықпал ететін үдерісті бақылау әр­дайым маңызды. Себебі бір тіл екінші тілді байы­туы кейде теріс жағынан әсер етуі де мүм­кін. Өйткені сырттан келетін сөздер тіл та­биғатына сай өзгеріске түсіп енбесе, тілдің шұ­барлануы ғажап емес. Әсіресе, оны тілді тұ­тынушылар «күшейтіп» әкетсе, тіл өз бол­мысынан айырылып, жайымен жоғалу үде­рісіне түсіп кетуі мүмкін. Өкініштісі сол, ХХ ғасырда Кеңес үкіметі көптеген ұлттың әліп­биіне орыс тілінің дыбыстарын зор­лық­пен енгізу арқылы ұлт тілдерінің акус­ти­ка­сын, оның жат сөздерді «сындырып», икем­деп енгізу қабілетін мүлдем жойып жібере жаз­дады. Мәселен, бұрын в, ё, и, х, ч, ц, ф, щ, э, ю, я дыбыстары болмағандықтан сырттан кіре­тін сөздерді «қазақыландырып» алатын ана тілімізде жат дыбыстар енгізілген соң, орыс сөздерін және орыс тілі арқылы келген өзге тілдің сөздерін түпнұсқасында оқып-жазуға және айтуға мәжбүр болдық. Осы үде­ріс біздің тілімізге кез келген тер­мин­дердің жасалған тіліндегі қалпын бұзбай еніп кете беруіне жол ашты. Бұл тіл заң­ды­лы­ғына өте қайшы әрекет еді. Соның себе­бі­нен қазақ тілі жартылай орыстанған тілге ай­налып, жеке сөздер мен терминдерді бы­лай қойғанда тұтастай сөз тіркестері орыс тілінің заңдылығына сай аударылып, қазақ тілі калька тілге айналып кетуге сәл қалды. Мы­салы, кеңестік кезеңде тілімізде кеңес де­ген баламасы бола тұра «Кеңес елі, «кеңес­тік» деген терминдерді «Совет елі», «советтік» деп айтып, жазуға міндеттелдік. Ондай сөз­дер өте көп... Шынын айту керек, тілге саяси жағынан қы­сым болса да кеңестік кезеңде де ғалым­дары­­мыз, жазушыларымыз терминдерді қа­­за­қыландыру жолында көп еңбек етті. Тілші-ғалымдарды былай қойғанда, аудар­машы қаламгер Ісләм Жарылқапов «ос­танов­ка»-ны – аялдама, «мороженное»-ны – бал­мұз­дақ, «помидор»-ды – қызанақ, «зритель»-ді – көрермен, «читатель»-ді оқырман деп ау­дарып, көптеген терминді қазақылан­дыр­ды. Дегенмен көп жағдайда мұндай ізденіс­тер гуманитарлық салаларда жүрді де, басқа салаларда қозғалыс болмаған есепті, тәуел­сіздікке дейін, ай-күн аттарына дейін орыс­ша атап келдік. Қалай десек те, қазақ терминология­сы­ның құлашты кең сермегені – тәуелсіздіктен бергі дәуірде. Ең алдымен апта күндері мен ай­дың атауларын қазақшаладық. Содан кейін бұрын орысша аталып келген көптеген терминдік сөздерді қазақшаға аудара бас­та­дық. Мысалы, конституция, гимн, герб, аэро­порт, самолет, вертолет, процент, класс, прос­пект, телевидение, интернет, архив, мав­золей, комплекс, программа, проблема, мед­сестра, семья сияқты терминдерді ата заң, әнұран, елтаңба, әуежай, ұшақ, тікұшақ, пайыз, сынып, даңғыл, теледидар, ғаламтор, мұрағат, кесене, кешен, бағдарлама, мәселе, мейірбике, отбасы деп алып, ол аз уақыттың ішін­де халықтың ықыласына бөленіп, кең түрде қолданысқа еніп кетті. Демек, бұл тәжірибелер терминдерді қа­зақ тіліне аударуға да, тікелей өз тілімізге жа­сауға да болатынын көрсетті. Әрі қазақи тер­­­­миндерді халықтың жақсы қабылдай­ты­нын, тез қолданып кететіні де байқалды. Со­ны­мен бірге сәтсіз жасалған термин сөз­дер де болмай қалған жоқ. Мәселен, ска­мей­ка, балкон, картоп, магнитофон, газет, жур­на­лист секілді терминдік мәні атауларды арт­баспай, қылтима, буылдақ, үналғы, үн­жа­рия, жорналшы қылып қазақыландырғанмен оны жұрт қабылдай қоймады. Демек, бұл ау­дар­малар сәтсіз болды деген сөз. Терминді жасауда біріздендіру деген мә­селе бар. «Қазақстан Республикасы Үкіметі жа­­нындағы Терминология комиссиясы тер­миндерді біріздендіру үшін жыл сайын төрт отырыс өткізеді. Әр отырыста комиссия 200-1 000 (орта есеппен 600) термин сөзді тал­қылап, бекітеді. Сонда жылына төрт оты­рыс­та шамамен 2 400 термин сөз бекітіледі екен. Дәл осы жүйе бойынша жұмыс істей беретін болсақ, он жылда 24 000 термин бе­кі­тіледі. Бұл аз ба, көп пе? Әрине аз. Тіл ко­митетінің тапсырысымен 2014 жылы шық­қан 30 томдық салалық терминдер сөз­дігінің әр томында орта есеппен он мың тер­мин сөз бен терминдік тіркес қамтылған, яғни отыз томда үш жүз мың бірлік термин ре­тінде берілген», – дейді бұл жайында фи­ло­логия ғылымдарының кандидаты Б.Қа­пал­бек. Демек, термин мәселесі техникалық жа­ғынан да оңай емес. Бір қарағанда, тер­мин­ді жасау жеңіл сияқты болып көрін­ге­німен шын мәнінде қаптаған ұсыныстардан тиімдісін таңдап алу, оны қолданысқа беріп орнықтыру аса қиын, көп түсіндіру жұмыс­тарын, көп уақытты талап ететін жұмыс. Де­ген­мен көптеген сала ғалымдарының ба­сын қосып, көп жұмыстар атқару нәти­же­сін­де 2012-2014 жылдарда Қазақстан Мә­де­ниет және спорт министрлігі Тілдерді да­мыту және қоғамдық-саяси жұмыс ко­ми­те­ті­нің тапсырысымен «Тілдерді дамыту мен қол­данудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы» аясында «пе­да­гогикалық ғылымдар академиясы» дайын­даған 30 томдық «қазақша-орысша, орысша-қа­зақша терминологиялық сөздік» басылып шық­ты. Бұл біраз жылдарға созылған жұ­мыс­тың нәтижесі болатын. Дегенмен ол ең­бектің бәрі кемшіліктен ада-күде азат емес. Оны мамандардың сөздерінен де, ел ара­сындағы көзқарастан да білуге болады. Мәселен, белгілі ғалым, профессор Ерден Қа­жыбек елордада термин жасау мәселесіне қа­тысты өткен семинарда былай деген еді: «Тер­мин тану, терминдерімізді толықтыру әлі күнге дейін өте өзекті мәселе болуда. Тер­­миндер әдеби сөздік қор емес, ол – ма­ман­дардың тілі. Әр сала үшін кемінде 5 мың, әрі кетсе 15 мың термин керек екен. Біз соң­ғы 20-30 жылдың ішінде 20-30 мың тер­минді бекіттік. Сөздіктер шығарып жүрміз. Салалардың саны көп, мәселен 100 сала десек кемінде 500 мың термин керек. Әр саланың ішінде кемінде 10-20 пайыз өзгер­мейтін кәсіби терминдер болады. Бірақ 80-90 пайызы төл тіліміздің негізінде қалыптасуы керек. Инновация тілі, өндіріс тілі, техника тілі қай тілде дамып жатыр? Бұл – ағылшын тілі. Ал біздің шығарып жатқан сөздік­тері­мізді мамандарымыз пайдаланбайды. Қазақ ті­ліндегі астрономиялық терминдер ағыл­шын және орыс тіліндегі терминдерден әл­деқайда бай. Себебі, біздің көшпелі ата-ба­бамыздың картасы аспанда болған. Геология мен геодезия терминдері де қазақ тілінде өте бай. Өйткені бұл – түркі халықтарының ежел­гі салалары. Айтайын дегенім, біздің мем­­­­лекеттік тіліміз филология, гума­нитар­лық пәндер тілі болып қалмауы үшін ғылым­ның және өндірістің тілін қалыптастыруға назар аударуымыз қажет. Ол үшін комис­сия­мыздың жұмысын осындай бағытқа рә­сім­делген негізде бұруымыз керек. Үкіметтің деңгейінде басқарылуы тиіс. Себебі ғалым­дар термин жасайды, бірақ өндіріс маман­дары қолданбайды. Термин жасау үдерісінің өзін ойластыруымыз керек. Міндетті түрде технологиялық секциялар болуы тиіс. Оны салалық мамандар мен терминолог-тілшілер бі­рігіп қолға алса құба-құп. Түркияда жыл сайын 20 шақты ғалымды бірік­тірген арнаулы ұйым терминдер жасап, басылымдарға жариялап отырады. Ары қарай халық қабылдағанын енгізеді. Бізде де осындай тәжірибені қолға алып, «Ана тілі» сияқты газеттерде, басқа да басылымдарда жа­риялап отырсақ дұрыс болар еді. Енді ла­тын әліпбиіне көшсек, ол терминология са­ласын дамытуға керемет көмек болады. Яғни терминдерді дәнекер тілдерден емес, тікелей түпнұсқа тілден қабылдауға мүм­кіндік туады. Бірақ оны өзіміздің тіліміздің табиғатына, ерекшелігіне қарай икемдеуіміз керек». Ғалым өте дұрыс айтып отыр. Тер­мин­дер өміршең болуы үшін халықтың қол­дануына ыңғайлы әрі түсінікті болуы шарт. Ал филология ғылымының докторы, про­фессор Байынқол Қалиұлы әлі күнге бі­різ­ге түспеген кейбір терминдердің жұртты шатастыратыны жөнінде былай пікір білдіреді: «Көп уақытқа дейін қазақ тіліндегі термин жасау ісінде негізінен екі түрлі бағыт ұсталынып келді. Оның біріншісі – даяр тұр­ған орыс тілі терминдері мен ағылшын ті­лі терминдерін тікелей қабылдай салу, екін­шісі – қазақ тілінің өз қорын кәдеге жа­р­ату. Мамандарымыздың айтуынша, қазақ ті­ліндегі терминдердің 70-80 пайызы орыс ті­лі арқылы келген, орыс тілінің заңына ба­ғын­ған жат жұрттық сөздер. Бұған дейін тер­­­миндер екі түрлі жолмен бекітіліп келді. Бірі – термин сөздерді жеке-жеке жиып, топ­тап, мезгіл-мезгіл бекітіп тұру, екіншісі – белгілі бір ғылым саласы бойынша жасалған сөз­діктерді сол қалпында бекіте салу. Тер­мин­ге байланысты кеткен кемшіліктердің ба­сым бөлігі осы сөздіктер бойынша бекі­тіл­ген терминдерде байқалады. Мәселен, тер­мин­ком – «творчество» деген терминді бұрын «творчество» және «жасампаздық» де­ген екі сөзбен бекіткен еді. Кейіннен атал­ған қазақша балама «шығармашылық» деген сөз­бен ауыстырылды. Терминком «алқа» сө­зін бұрын «коллегия» терминінің баламасы ре­тінде алса, кейіннен ол сөзді «совет» тер­ми­нінің бір мағынасы ретінде тағы бекітті. Сон­дай-ақ «жиынтық» сөзі бұрын «сово­куп­нос­ть» терминінің баламасы ретінде бекітіл­се, кейіннен ол «комплекс» терминінің бір ма­ғынасы ретінде ұсынылды (Қазір «комплекс» сөзі кешен деген баламамен беріліп жүр). Орыс­ша сыңары да, қазақша сыңары да бұрын­нан дұрыс қолданылып жүрген кейбір тер­миндерге терминкомның басқаша бала­малар бекітіп берген кездері де болды. Мы­салы, о баста «эквивалент» сөзінің аудармасы ретінде қолданылып жүрген «балама» сөзі терминком бекіткеннен кейін «альтер­на­тива» сөзінің қазақшасы болып шықты. «Куә­лік» сөзі де дәл осындай. Ол бұрын «сви­де­тельство» сөзінің баламасы болатын. Тер­минкомның кезекті бекітуінен кейін «куә­лік» сөзі «удостоверениенің» баламасы бол­ды. Орыс тіліндегі белгілі бір терминнің қа­зақ­ша баламасы ретінде терминком кейде екі сөзді қатар береді. Оның бірі – орысша, екін­шісі – қазақша. Мысалы, аудитория – ау­ди­тория, дәрісхана; логика – логика, қисын; рынок – рынок, базар; статус – статус, мәр­те­бе т.б. Бұлай етуге болмайды». Әрине, мұны айт­қанда ғалым терминологиялық коми­тет­тің жұмысын жоққа шығарып отырған жоқ, тілге қатысты бәрімізге ортақ істе кеткен кей­бір олқылықтар жайында пікір білдіріп отыр. Ол пікірлердің арасында ерекше назар ау­даруға тұратын нәрселер бар. Мәселен, бір тер­миннің бірнеше баламасы болуы қол­дану­шыны шатастыруы мүмкін. Қалай десек те, қазақ терминологиясы жыл өткен сайын жөнделіп көркейіп келе жа­тыр. Дегенмен істелетін істер әлі көп. Мә­се­лен орыс тілінен енген кейбір терминдерде орыс тілінің жұрнақтары бар, біз оны әлі солай қолданып келеміз. Сосын алдағы уа­қыт­та латын графикасындағы қазақ жазуы­на көшкелі отырмыз. Демек, тұрақты әліпби қалыптасып, бекітілген бойда терминдердің латын жазуындағы түрін де жазып шығаруы­мыз керек. Өйткені латынға көш­кен­де қа­зіргі жазу принциптеріндегі көптеген ерек­ше­лік қалып кеткелі тұр. Сондықтан жа­сал­ған терминдерді жаңа графикада да ер­кін қолданудың жолын осы кезден іздеп тауып, іске кірісе берген жөн. Терминдерді іріктеп алу үшін басты та­лап – терминнің қолданыс жиілігі болуы ке­рек дейді ғалымдар. Өкініштісі сол, кейде тер­минді ұсынған тұлғалардың не топтың бе­делі басып кетіп, соған орай солардың ұсын­ған баламасы қолданысқа енгізілуге ше­шім қабылданатын жағдайлар да кездесіп қа­лып жатады. Мәселен, кезінде оннан аса ба­ламасы болған «медсестра» сөзінің ішінде «мед­бике» сөзінің қолданысқа еніп кетуіне оны ұсынған академик Өмірзақ Айт­баев­тың ықпалы болған көрінеді... Жасыратыны жоқ, белгілі бір сала бойын­ша (тіл-әдебиет саласынан басқа) жаңа терминдерді сол саланың мамандары жасап жатады. Бірақ олар лингвистикалық бі­лімге ие болмағандықтан көп жағдайда са­палы болып шыға бермейді. Терминологияның басты мақсаттарының бірі – белгілі бір салаға қатысты барлық тер­минді түгендеу. Сосын олардың арасында с­тандартқа келмейтіндерін қайта жасап шығару. Ол терминдерде жүйелілік пен біріз­ділік болуы шарт әрі барынша қысқа болуы тиіс және ол термин ретінде дұрыс, анық ма­ғына беруі қажет. Қалай десек те, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішін­де қазақ терминологиясында едәуір іл­герілеушіліктің болғанын атап айтуымыз ке­рек, әрі ол тек ғалымдардың ғана емес, қа­­­рапайым халықтың ішінде де зор қызығу­шы­лық тудырды. Мұның бәрі – еткен еңбек­тің, төккен тердің өтеуі.  width= Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор: ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНДА ІЛГЕРІЛЕУШІЛІК БАР –Тәуелсіздіктің 30 жылында терминоло­гия саласында қандай жұмыстар атқарылды, не өзгерді деген сұраққа жауап іздесек, мына мәселелерді атауға болады: Ең алдымен, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Қошке Ке­мең­герұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жүсіп­бек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Телжан Шонанұлы бастаған Алаш оқығандарының ХХ ғасыр басында жазылған еңбектері қайта жарық көріп, олардың ғылыми, әдеби мұра­сы тілдік тұрғыдан да зерттелді. Жұртшылық, ғылыми қауым Ахаңдар жасап, 1924 жылы Орынборда өткен білімпаздар съезінде ресми бекітілген терминологияны дамыту­дың бағыт-бағдарын көрсететін ғылыми қағидаттармен танысты. Соның арқасында термин шығармашылығында сол қағидат­тар­ды басшылыққа алатын мамандар қа­тары артты. Бұрынғыдай шет тілдерінің тер­миндерін орыс тілі арқылы қабылдауды негіздейтін кеңестік қағидаттар ғана бас­шы­лыққа алынбай, ұлт тілінде термин жасауға, қа­зақ тілінің лексикалық қорында бар сөз­дерді термин ретінде пайдалануға көңіл бө­ліне бастады. Ғылымның түрлі сала­ларын­да ондаған жаңа термин жасалып, қазақ ті­лінің өз сөздері мен сөзжасам тәсілдері іске қо­сыла бастады. Алаш оқығандарының ең­бек­теріндегі көптеген термин қайтадан қол­данысқа енді. Жоғары оқу орындарында қазақ бөлім­дерінің жаппай ашылуына байланысты түрлі мамандықтарға арналған оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрді. Сол оқулық автор­лары да көптеген жаңа термин жасап, тер­мин­қорды толықтыруға үлес қосты. Тер­минтану саласы бойынша бірнеше кан­ди­даттық, докторлық диссертация қор­ғалып, тер­минтанушы мамандар өсіп шықты. Со­нымен қатар осы кезеңде ондаған тер­ми­нологиялық сөздік жарық көрді. Бұл кезеңде қазақ терминқорының ұлт­тың өз тілінде жасалған терминдермен байы­ғанын қазір тілімізде жаппай қолда­ны­лып жүрген жүздеген термин анық көрсетеді. Мы­салы, қаржы, қаржыгер, демеуші, кеден, зей­нетақы, зейнеткер, сыйақы, делдал, жәрдемақы, өтемақы, жекешелендіру, ке­пілақы сияқты қаржы-экономика термин­дері мен құжат, хаттама, өтінім, тапсырыс, іссапар, күнтізбе, әдістеме, әдіскер, жасуша, ұшақ, тікұшақ, ұжым, қауымдастық, достас­тық, дәріс, дәрісхана тәрізді соның айғағы. Сонымен қатар терминологияның әлі шешімін таппаған мәселелері де аз емес. Мәселен, терминологияны республикалық дең­гейде үйлестіру жұмысының әлсіздігі, терминологиялық жұмыстардың кәсіби деңгейде жүргізілмеуі, терминдер сөздігін жасаудың жолға қойылмауы, терминдер корпусының, терминологиялық деректер қорының жасалмауы, терминологияны дамыту қағидаттарының белгіленбеуі сияқ­ты мәселелер. Алдағы уақытта осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізілуі тиіс деп ой­лай­мыз. Терминологияға қатысты бұлардан басқа да шешімін табуға тиіс мәселелер бар. Жалпы ұлттық ғылым тілінің қолданысын кеңейту, терминологиямызды жүйелеу ба­ғытында атқарылатын жұмыс жеткілікті. Сол жұмыстарды кәсіби тұрғыдан, рет-ретімен жүргізу керек.  width= Сәрсенбай ҚҰЛМАНОВ, А.Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі институты дирек­торы­ның орынба­сары, филология ғылымының кан­ди­да­ты, доцент: ТЕРМИН ЖАСАУДА ОРТАҚ ПІКІРДІҢ БОЛУЫ МАҢЫЗДЫ
– Қазақ тіл білімінің көрнекті тұл­ға­лары­ның сөзіне сүйенсек, қазақ терми­но­ло­гия­сының ғылыми іргетасының қалып­та­суы­на қазіргі кезге дейін жарық көрген 15-тей монография мен зерттеу еңбегі, 10-нан аса оқулық пен оқу құралы, 1 000-нан аса ғы­лыми мақала, сондай-ақ қорғалған 4 док­торлық, 40-тан астам кандидаттық дис­сертация тікелей негіз болған. Ал қазақ тер­минографиясындағы қазіргі әртүрлі тер­минологиялық сөздіктердің саны 250-ден асады. Бұл – осыдан жеті жыл бұрын кел­тірілген дерек. Бұдан кейінгі жылдары тер­минология саласындағы ғылыми зерт­теулер жазылып, баламалы сөздіктер жарық көрді. Терминологиялық сөздіктердің ішінде бас­шылыққа алынатыны – Қазақстан Үкі­меті жанындағы Республикалық Тер­ми­но­логия комиссиясы мақұлдаған мына сөздік топ­тамалары: 1999-2000 жылдары «Рауан» баспасынан жа­рық көрген 31 томдық «Қазақша-орысша, орыс­ша-қазақша салалық ғылыми тер­минологиялық сөздіктер» топтамасы. 2012-2014 жылдары Педагогикалық Ғы­лымдар академиясы дайындаған 30 томдық «Қа­зақша-орысша, орысша-қазақша тер­ми­нологиялық сөздік» топтамасы. 1999-2000 жылдары дайындалып, жарық көрген сөздік топтамасын сараптамадан өт­­­кізіп өңдеу, әр томдағы терминдер санын 9 мыңға, тіпті 11-12 мыңға дейін жеткізіп, то­лықтыру, сонымен бірге халықаралық тер­миндерді жүйелеп, жарық көрген сөз­діктерге енбей қалған және тілімізге жаңадан енген терминдерді барынша қамту мақсаты қойылды. Сөздік топтамасын әзірлеуге 52 ме­кемеде – жоғары оқу орындарында, ғы­лыми-зерттеу институттарында, акаде­мия­ларда, министрліктер мен парламентте, са­ла­лық мекемелерде қызмет ететін 144 ғы­лым докторы, 120 ғылым кандидаты, жалпы 350-дей ғалым мен сала маманы қатысты. Көріп отырғанымыздай, 15 жылдың ішін­де 60 томнан аса терминологиялық сөз­діктің жарық көруі – қазақ ғалымдарының қажырлы еңбегінің арқасы. Дегенмен адам қанша көп болған сайын пікірлердің алуан түрлі болатыны ақиқат. «Біткен іске сыншы көп» деген бар, бірақ бұл сөз көбіне ғылымға жүре бермейді. Өйткені қайсы ғылыми жұ­мыс болса да кемшіліксіз болуы қиын, сон­дықтан оған сын айту жақтырмаушылық деп бағаланбауы тиіс. Мәселен қазіргі термин жа­сау ісінде: терминологиялық бірізділіктің сақтал­мауы; салаішілік әркелкілік (варианттылық, жа­рыс­палылық, синонимия, омонимия, по­лисемия); «әсіре қазақшалауға» ұмтылу; қолдан тым жасанды сөз жасауға әуестік; жалғаулардың әркелкі жалғануы; әртүрлі сөз таптарынан термин жасау; бір терминнің жекеше және көпше түрде берілуі; бірнеше сөз тіркесінің термин ретінде берілуі; бір ғана терминнің түрліше тұлғада жазылуы; салаға қатысы жоқ атаулардың термин ретінде алынуы; сараптауды қажет ететін баламалар се­кіл­ді олқылықтар кездесіп тұрады. Бұл кем­шіліктер жойылғанда ғана біз өзімізге қа­жетті терминдер сөздігін жасай аламыз. Ол үшін сала мамандары мен тілші ғалымдар бұл мәселені шешуде ортақ бір ұстанымда болуы қажет.