Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА: Біздің мәдениетіміз әлемдік бәсекеге қабілетті

Биыл 30 жылға толып отырған қастерлі Тәуелсіздігіміздің тари­хына көз салсақ, алтын әріппен жазылатын жетістіктеріміз, қуанышты әрі жеңісті күндеріміз мол. Әсіресе, спорт пен туризм са­лаларын қоса алғанда ұлт руханиятының негізі болып саналатын әдебиет, мәдениет және өнерде қол жеткізген табысымыз толайым. Мерейлі жыл қарсаңында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызына бірнеше сауал қойған едік.

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қар­саңында өткенге бір көз салсақ. Ұлт ұстынын айшықтайтын қандай ау­қым­ды жобалар жүзеге асты? Мерейлі жыл қар­саңында қандай шаралар жос­пар­лап отырсыздар?

– Өткен тарихымызда бабаларымыздың ар­маны болған Тәуелсіздіктің алғашқы күн­дерінен бастап мемлекетіміз ұлттық ру­ханияттың дамуына серпін беретін, елдің ең­сесін көтеретін тарихымызды түгендеу мақ­сатында «Мәдени мұра» бағдарламасын жү­зеге асырды. Одан кейінгі кезеңде қазақ хал­қының ұлттық тарихы көкжиегін кеңей­тіп, ұлттың жаңа тарихи дү­ние­та­ным­дық көзқарасын қалыптастыруды мақ­сат еткен «Халық тарих толқынында» бағ­дар­ламасын қабылдап, тарихи-мәдени ес­керткіштер мен мәдени мұраны сақ­тау­дың және тиімді пайдаланудың нақты тетіктерін жасақтады. Ал соңғы кезде қоғамдық са­на­ның, көзқарастың жаңаруына ықпал еткен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы
Н.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық манифест ретінде жаңа кезеңге сай болмысымызды, даму бағыт-бағдарымызды айқындап берді.
Былтырдан бері жаһан жұртшылығын әбігерге салып, экономикалық дағдарысқа әке­ліп соқтырған коронавирус індеті мәде­ниет пен өнер, әдебиет пен ғылым, музей мен архив ісі, спорт пен туризм салаларына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Дегенмен пан­демия кезеңінде де мемлекетіміз хал­қымыздың жанынан табылып, рухымызды биіктетіп, жарқын болашаққа бастайтын игі істерге мұрындық болды.
Әрине, бәрінен бұрын қастерлі Тәуел­сіздігіміздің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді қолға алып отырмыз. Ширек ға­сырдан астам уақыт ішінде ұлттық мә­дениетіміздің мәртебесі көтерілді. Көне Тараз, киелі Түркістан сынды шаһарларымыз жанданып, тарихи ескерткіштеріміз тү­генделді. Тарихи мұрамыз сақталып, қоры­мыз байыды. Ұлттық өнеріміз әлемдік дең­гейде паш етіле бастады. Талантты тұл­ғаларымыздың саны көбейді. Мемлекетіміз мәдениет сынды ауқымды саланың әлеуетін одан ары күшейтіп, қамқорлық жасап отыр. Сондықтан Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміз толайым.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіз­дік бәрінен қымбат» атты мақаласында айт­­­қандай, қазіргі пандемия және соның сал­дарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлем­нің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Өзге қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ық­палына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Осы себептен жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Сонымен қатар, ұлттық мәдениетімізді дамыту, Президентіміз айт­қан­дай, тамырымызды берік сақтау мақ­са­тында бұдан бұрын бекітілген мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде пандемия жағдайында да тыңғылықты жұмыс жүр­гізі­ліп жатыр. Атап айтқанда, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында өңірлердің тарихи-мәдени объектілерінің инфра­құры­лымы күшейтілді. Дәл қазір «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясын­да еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай бел­деуін құру жұмыстары жүріп отыр. Та­рихи орындарды толық жүйелеу бойынша жүр­гізілген ауқымды жұмыстардың нәти­жесінде жалпы ұлттық маңызы бар 256 жә­не жергілікті маңызы бар 575 нысан қа­лыптастырылды. Киелі нысандардың то­лық визуализациясы виртуалды карта платформасында қолжетімді qazmaps.kz, он­да 500-ден астам нысан цифрландырылды. Өткен жылы тарихи және мәдени ескерт­кіш­тердегі ғылыми-реставрациялау жұ­мыстарына арналған шығыстар 3,5 есеге ұлғайды. Нәтижесінде 27 тарихи және мәдени ескерткіштің жұмыс көлемі ұл­ғайып, ғылыми-қалпына келтіру жұмыс­тарымен қамтылды.

– Түркістан – күллі түркі жұртының қа­сиетті ордасы. Облыс орталығы атан­ғалы бұл көне қаланың тарихи реңі қай­та жаңғыра бастағаны баршаға мә­лім. Ғалымдар мен зерттеушілер бұл өлк­еде қандай сәтті жобаларды жүзеге асыруды межелеп отыр?

– Түркі әлемінің рухани астанасы – Түр­­­кістанның тарихи орталығын қайта жаң­ғырту бойынша кейбір құрылыс жұ­мыс­тары аяқталса, кейбір нысандардың құры­лысы жалғасып жатыр. Қазір «Күлтөбе» ар­хеологиялық ескерткішін әлемдік ар­хеологиялық саябақтардың өзіндік аналогы ре­тінде жан-жақты зерттелуде. Қаланың барлық тарихи кезеңдерінің кейбір құрылыстары қалпына келтірілмек. Бұл ша­ралар туристерге ежелгі қаланың өмірін көз­бен көріп, сакраль аурасына енуге мүм­кіндік береді. Мысалы, Күлтөбе қала­шы­ғының аумағындағы 2020 жылғы архео­ло­гиялық қазба жұмыстары барысында ға­лымдар бірегей ғимарат – «ханака» деп ата­латын ежелгі ғибадатхананы тапты.
Өткен жылы Елбасымыз Түркістан қа­ласына іссапары барысында шаһардың даму жоспарын көріп, жаңа Hazret Sultan Airport (HSA) халықаралық әуежайының ашылуына қатысты. Сапар барысында «Керуен-сарай» кешені, «Ұлы Дала Елі» орталығы да таныс­тырылды. Биыл жергілікті және шетелдік туристер киелі шаһардың бірқатар нысанын тамашалады. Әрине, пандемия жағдайында туристердің келіп-кетуі бәсеңдеген болса да, қызығушылық күн өткен сайын артып отыр. Сондай-ақ киелі өңірдегі ортағасыр­лық «Сауран», «Яссы», «Сарайшық» және «Ба­ла­сағұн» қалашықтары да қалпына кел­тіріліп жатыр.
Барлық республикалық жетекші музей-қорықтың жанынан визит-орталықтар са­лынып, музеефикация жұмыстары жүр­гізілуде. Түркістан облысында «Отырар», Ал­маты облысында «Таңбалы», Қарағанды об­лысындағы «Ұлытау» орталықтарының жұмысы аяқталды. Биылдан бастап «Гаухар ана», «Ордабасы», «Сауран» «Есік», «Берел» жә­не «Шілікті» визит-орталықтарының құры­лысы жоспарланып отыр.

– Сіз басқаратын министрлікке қарас­ты саланың бір бөлігі кино мен театрға қатысты. Осы саланың қазіргі жұмыс барысына тоқтала кетсеңіз.

– Былтыр «Ш.Айманов атындағы Қа­зақ­фильм» АҚ шығарған 25 фильм 55 халық­аралық кинофестивальге қатысып, 28 сый­лыққа ие болды. Мысалы, режиссер Р.Ха­лиоллдың «Домбыра» қысқаметражды фильмі испандық Short Of The Year қыс­қа­метражды фильмдер фестивалінің қысқы маусымы қазыларының арнайы сыйлығына ие болды. Режиссер Ж.Алшанованың «Өр­ке­ниет тарихы» атты фильмі Швейца­рия­ның Локарно қаласында өткен халық­ара­лық кинофестивальде «Күміс леопард» сый­лығының иегері атанды. Бұл фестиваль – Локарно халықаралық кинофестивалі Канн, Венеция және Берлиннен кейінгі төр­тінші маңызды еуропалық кинофестиваль. Сол сияқты режиссер А.Сатаевтың «То­ми­рис» фильмі Парижде өткен l’Étrange Festival француз кинофестивалінің Гран-приін жеңіп алды. Ал «Томирис» фильмінде трюк ой­наған қазақстандық Nomad Stunts кас­кадерлік тобы әлемдік каскадерлер акаде­мия­сының (АҚШ) «Таурус» сыйлығының ие­герлері атанды.
Сондай-ақ режиссер Ф.Шәріповтың фильмі «18 килогерц» Варшавадағы беделді ха­лықаралық кинофестивальдің Гран-приін жеңіп алды. «Жаным, ты не поверишь» ко­медиясы жә­не «Қара қара адам» драмасы Ресейдің ашық «Киношок» фестивалінде «Үздік сце­нарий», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік ре­жис­сура», «Баспасөз сыйлығы» номинациялары бойынша 5 марапатқа ие болды. «Алтын жүзім» фестивалінің бас жүлдесін «Жаным, ты не поверишь» фильмінің түсірілім тобы жеңіп алды. Режиссер А.Заиров пен М.Мамырбеков­тың «Қыз бен теңіз» фильмі Канндағы Silk Road Film Awards – Cannes кинофестивалінде «Үздік әлеуметтік драма» жүлдесіне ие болды.
Театр саласы бойынша өткен жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік ака­де­мия­лық Опера және балет театры мен «Астана Опера» опера және балет театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының рейтингісінде үздік 5 опера және балет театрының қатарына енді. Бұл да шын мәнісінде театрдың дамуына серпін берген жетістік болды. «Астана Балет» театры елімізде алғаш рет спектакльдерді 360 градусқа көрудің инновациялық мүм­кіндігі бар ab-media театр стримингтік қыз­метін іске қосты.

– Былтыр Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтті. Сонымен қа­тар Алтын Орданың 750 жылдығы мен әл-Фараби бабамыздың 1150 жыл­дығы болды. Карантин кезінде ме­рей­тойға қатысты іс-шаралар қалай ұйым­дастырылды?

– Өткен жылы халықаралық және рес­публикалық деңгейде ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы өтті. «Астана Опера» театрында ұлы Абай­дың мерейтойы ресми түрде ашылды. Әри­не, түркі әлемінің мақтанышы ұлы Абайға ар­налған іс-шаралар бір жылмен ғана шек­телмейді. Дәстүрлі түрде жалғасатын бола­ды. Ұлы ақынның шығармашылығын наси­хат­тау мақсатында шетелде – Сингапур, Бол­гария, Египет, Пәкістан, Венгрия, Иран, Эфиопия және Италиядағы Қазақстанның елшіліктері жанында 8 Абай орталығы ашылды. Ұлы ақынның еңбектері әлемнің 8 тіліне (ағылшын, француз, итальян, неміс, испан, қытай, жапон, араб) аударылып, басылып шықты.
2020 жылғы 4 тамыздағы Қазақстан Үкі­метінің қаулысымен 10 тамыз – «Абай күні» деп жарияланды. 15 қазан күні Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрлі» қорық-музейінің бас ғимаратының аумағында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ес­керткішінің және Абай музейінің жаңа экспозициясының ашылу салтанаты өтті. Музейдің бас ғимаратында Ахмет-Ризаның мешіті мен медресесінде, «Жидебай-Бөрілі» музей-үйінде жаңа музей технологияларын және қазіргі заманғы жабдықтарды қолдана отырып, экспозициялық залдар толық жаңар­тылды. «Абай – Шәкәрім» мемо­риал­дық кешенінің аумағы абаттандырылып, Жидебайдағы Абай қыстағындағы, «Ұлжан – Зере» кесенесінде, Семей қаласындағы Ахмет-Ризаның мешіті мен медресесінде, Бө­рілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде ғы­лыми-реставрациялау жұмыстары аяқ­талды.
Ұлы ойшылдың есімін мәңгі есте қал­дыру мақсатында Қазақстанда Абай Құ­нан­байұлының 9 монументалды ескерткіші мен бюсті орнатылды. 31 елді мекен, ауыл, ауыл­дық округ, 1 300-ге жуық көше мен даң­ғыл, 100-ден астам білім беру мекемесі Абай есімімен аталған. Мәдениет және білім беру ұйымдарының жанынан 40 орталық және Абай бұрыштары ашылды. 2020 жылы барлық өңірде ұлы ақынымызға арналған 19 мыңға жуық оффлайн және онлайн іс-шара өткізілді.
Өткен жылы Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Қазақстан Үкіметі тарапынан бекітілген мерейтойды дайын­дау және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жос­пары жүзеге асырылды. Жоспар шең­берін­де қазір Жошы және Алаша хан кесе­нелерінде ғылыми-қалпына келтіру жұ­мыс­тары аяқталды, онда тарихи-мәдени кешен құрылды. Отандық және шетелдік турис­терді тарту мақсатында «Қасиетті Ұлытау», «Хан жолы», «Теректі әулие», «Қорғанысын құпия» сынды жаңа туристік маршруттар әзірленді.
Сондай-ақ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ая­сында Отырар қалашығында Солтүстік қақпаларды, бекініс қабырғаларын, тұрғын орамдарын, магистральді көшелерді, ме­шіт­тер мен қыш шеберханаларын қалпына кел­тіру жұмыстары өз мәресіне жетті. «Оты­рар» мемлекеттік археологиялық мұражай-қо­рығының визит-орталығында экспози­ция­лық зал мен «Әл-Фараби» залы ашылды.

– Рухани-мәдени қазынаны толық­тыруға көмек болатын бірден-бір қор – көне жазбалар сақталған мұрағаттар. Біздің елімізде бұл саланың жұмысы қай деңгейде ұйымдастырылып отыр?

– Иә, тарихи мұраны түгендеу бойынша ең маңызды салалардың бірі – архив са­ла­сы. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» ат­ты мақаласында Қазақстан тарихымен байланысты бірегей құжаттарды анықтау, жинау және жүйелеу бойынша отандық жә­не шетелдік архивтерді кешенді іздестіру-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру қажет­тілігі туралы атап өткен болатын.
2019 жылғы Үкімет қаулысымен «Ар­хив-2025» жобасын іске асыру бойынша ке­шенді іс-шаралар жоспары қабылданып, «Е-АРХИВ» ақпараттық жүйесі әзірленеді. Кешенді жоспар 68 тармақтан тұрады. Ке­шенді жоспардың негізгі бағыттары – нор­мативтік- құқықтық базаны жетілдіру, Ұлт­тық архив қорын шетелдік архивтерден, му­зейлерден, кітапханалардан және ғы­лыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша жаңа құжаттық көздермен то­лықтыру, цифрлық өркениет жағдайында ақ­параттық-зияткерлік ресурстардың қол­жетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Сон­дай-ақ «Е-АРХИВ» ақпараттық жүйесі әзір­ленді. 2020 жылы жүйеге 88 Мемлекеттік архив, 295 орталық және 360 жергілікті атқарушы орган қосылды. Қазір барлық жоспарланған ұйымдар қосылған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, мысалы, белгілі этнограф, ҚазССР халық әр­тісі А.Затаевичтің 150 жылдығы аясында ре­сейлік архивтерде этнографтың бұрын жарияланбаған мұрасы – жарыққа шық­паған әндері мен күйлерінің үш томдығы табыл­ды. Қазақ фольклорының бірегей мұра­сы­ның тұсаукесері өтті. Бұл жұмысты Ха­лық­ара­лық ғылыми қауымдастық ж­о­ғары баға­лады.
Республика архив ісі саласының қыз­мет­керлерін ынталандыру мақсатында ке­шенді жоспарды іске асыру шеңберінде 22 желтоқсанды «Архивистер күні» деп жария­ланды.

– Карантин кезінде министрлік мәдени іс-шараларды қалай ұйымдас­тыр­ды? Себебі адамдар көптеп жина­ла­тын арнайы қойылымдарға шектеу бол­ды.

– Карантин кезеңінде министрлік 60 мил­лионнан астам қаралым жинаған көп­теген онлайн жобаларды іске қосты. Кон­церт­тік-бұқаралық және театр ұйымдары­ның, музейлердің, музей-қорықтардың, кі­тапханалардың және басқа да мәдени-де­малыс ұжымдарының қорларын цифрлан­дыру бойынша жоспарлы жүргізілген жұ­мыстар республикамыздың және шетел аза­маттарының назарына онлайн режи­м­де қызметтерді көрсетуге мүмкіндік берді.
Ашық қолжетімділікте 160-қа жуық рес­публикалық ұйымдардың концерті мен қойылымдары енгізілді, сондай-ақ «Қазақ­фильм» киностудиясы 223 ұлттық фильмді жүктеп, кітапхана қорында электронды фор­матта 60 мыңға жуық әдебиет көшірмесі қолжетімді болды.
Еліміздің жетекші музейлері, театрлары, кітапханалары мен концерттердің, спек­такльдердің, қойылымдардың, фильмдердің интернет-трансляцияларын ұйымдастыр­ды, сонымен қатар есту қабілеті нашар адам­­дарға арналған бейнеэкскурсиялар, та­­­­нымал мұражайлар мен туристік бағыт­тар бойынша арнайы 3D-турлары тегін ұйым­дастырылды.
Мәселен, республикалық театрлардың ак­терлері «Ертегілер әлемінде» айдарында ба­лаларға қазақ және әлем халықтарының ер­тегілерін оқыды. Ғ.Мүсірепов атындағы Мем­лекеттік академиялық орыс драма театры Live show кешкі ойын-сауық бағ­дарламасын, ал М.Лермонтов атындағы Мем­лекеттік орыс академиялық драма театры «Карантинник» арнайы бағдарлама­сын іске асырды.
#ONLAIN-da bol жобасы аясындағы кон­церт­тік ойын-сауық контентінен басқа ми­нистрлік туризм және кітапхана ісі сала­сында оқыту вебинарлары, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі бойынша онлайн курс­тар, әліпбиді жетілдіру бойынша он­лайн іс-шаралар, БҰҰ-ның 10 тілін оқыту бойын­ша онлайн курстар ұйымдастырды.
«Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында қа­зақстандықтарды өз өнерімен қолдаған Қазақстанның эстрада жұлдыздары да шет қал­мады. Болып жатқан қиындықтарға қара­мастан, олар студияға қазақстан­дық­тардың алдында өнер көрсету үшін келді. YouTube каналында 20 миллион қаралым жинаған 42 онлайн концерт өткізді.
Биыл республика бойынша «Балалар әде­биетін оқу жылы» жарияланып, балалар жазу­шыларын қолдау және балалар әде­биетін дамыту мақсатында «Балаларға ар­нал­ған ең үздік шығарма» конкурсы ұйым­дастырылды. Балалар әдебиетін дамытуға және өскелең ұрпаққа ұлттық құнды­лық­тар­ды дарытуға ықпал ететін «Балалар әдебие-
ті – ұлт болашағы» конференциясы өтті.
Бүгінде республика кітапханаларына жал­пы таралымы 705 500 дана 251 кітап ба­сылып шығарылды және таратылды. Әде­биеттің әлеуметтік маңызды түрлерін са­тып алу, басып шығару және тарату жөнін­дегі бағдарлама шеңберінде 2020 жылы ал­ғаш рет авторлық қаламақылар өндіріліп, 61 өндіріс сатып алынды және жалпы тара­лы­мы 891 500 дана 313 бірлік басылып, олар еліміздің барлық кітапханалары бойын­ша визасыз негізде таратылды. Өткен жы­лы 61 туынды сатып алынды және жал­пы таралымы 891 500 дана қоғамдық маңы­зы бар әдебиеттің 313 бірлігі шығарылды.

– Токио Олимпиадасына даярлық қызу жүріп жатқан болуы керек. Осы орай­да өзіңіз басқаратын министр­лік­тің бір саласы – спорт жөнінде кеңірек тоқ­тала кетсеңіз.

– Спорт саласындағы негізгі басымдық ре­тінде тұрғындарды жүйелі дене шынық­тырумен айналысуға тарту және саламатты өмір салтын насихаттау болып анықталған. Жыл сайын спортпен жүйелі түрде айна­лы­сатын адамдардың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Қазір бұл көрсеткіш 5,9 млн адамға немесе 31,6 пайызға жетті.
Алматы облысында олимпиадалық даярлау базасының құрылысы жалғасып жа­тыр. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл атлетикалық спорт кешені пайда­лану­ға берілді. Кешен 7 мың көрерменге арналған, жалпы ауданы – 36 657 мың шар­шы метр. Спорт кешені IAAF жеңіл атлетика федерацияларының халықаралық қауым­дастығы тарапынан сертификаттаудан өтті, бұл ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Жоғары жетістіктер спорты дамып келеді. Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың спортшылары 217 медальге ие болды.
2021 жылдың 22 шілдесінен 8 тамызына дейін Токиода (Жапония) өтетін жазғы Олим­пиада ойындарына белсенді түрде дайын­дық жүр­гізіліп жатыр. Ұлттық құра­маның сапында спорттың 30 түрінен спорт­шы­лар еліміздің намысын қорғайтын бо­ла­ды. Бүгінде спорт­тың 17 түрінен 42 лицен­зия жеңіп алынды.
2021 жылғы 24 тамыз бен 5 қыркүйек ара­лығында Токио қаласында (Жапония) жаз­ғы Паралимпиада ойындары өтеді. Спорттың 2 түрі бойынша 7 лицензия жеңіп алынды. ендігі кезекте пара дзюдо, пара садақ ату, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, жұп оқ ату бойынша лицен­зияларды жеңіп алу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 2021 жылдың 5-21 желтоқ­саны аралығында Бразилияда жазғы Сурд­лимпиада ойындары өтеді. Бұл жарыстарға Қазақ­стан құрама командаларын қатыс­тыру жоспарда бар.
Отандық мәдениетіміз әлемдік бәсекеге қабілетті. Мұны талай таланттарымыз дә­лелдеді, әлі де дәлелдеп келе жатыр. Елімізде туып-өскен әрбір талантты тұлғаға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Талантты тұл­ғаларымыз көбейсе еліміздің еңсесі кө­теріледі, рухы биіктейді. Қазақстан өзінің 30 жылдық тарихында өз-өзін тұрақты дамып отыратын ел ретінде ғана танытқан жоқ. Әрине, саяси-экономикалық саладағы жетістіктеріміз өз алдына бір төбе. Мем­ле­ке­тіміз теңдесі жоқ ұлттық мәдениетіміз арқылы да бүкіл әлемге танылды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдің, мәдениеті мен өнері дамыған мемлекеттің келешегі кемел, бо­лашағы жарқын болмақ.

Сұхбаттасқан
Бейбіт ТОҚТАРБАЙ

Back to top button