Баспана бағасы бағдарламаға көне ме?

Урбанизация процесі қалаға ағылған халықты бірнеше шаршы метрге тәуелді етті. Жағдайы жеткендер қораптай қаланған үйлерден жайлы орын тауып, жетпегендер жалдамалы пәтерді жағалап жүр. Десек те, кейінгі кез­де баспана бағдарламалары арқылы талай адам пәтерінің кілтін қолына алып, үйлі болды. Бірақ жақында Үкімет еліміздегі негізгі екі бағдарлама – «7-20-25» пен «Баспана хитті» қаржыландыруды тоқтатады деген ақпарат шықты.

Бұған не себеп? Бағдарламалар жа­был­ғаннан кейін ипотека бағдарлама­лары­ның шарты қалай өзгереді? Жалпы баспана нары­ғындағы қазіргі ахуал қандай?

Бағдарламалар не үшін жабылмақ?

«Баспана хит» те, «7-20-25» те жұмысын 2018 жылы бастаған болатын. Негізгі мақ­сат халықты тиімді несие арқылы баспа­на­мен қамту болды. Негізінен қазір екі бағ­­дар­лама да өз миссиясын ойдағыдай атқарып жа­тыр. Осы арқылы қаншама адам қоныс тойын тойлады. Соған қара­мастан бағдар­ла­малар жұмысын тоқтат­пақ. Бұл туралы Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі­нің басшысы Мәдина Әбілқасымова мә­лімдеген болатын.

«Дағдарыстың экономикаға әсерінің тө­мендеуін ескере отырып, мемлекетті не­сие бағдарламаларынан шығарып, на­рық­қа орын беру маңызды. Осыған байланысты 2023 жылдан бастап Ұлттық банк мем­ле­кет­тік бағдарламаларды қаржыландырудан бас тартады. Жеңілдетілген несие бағдар­ла­ма­ларын қаржыландыру «Баспана хит» бойын­ша 2021 жылы, «7-20-25» бойынша 2022 жылы аяқталады деген жоспар бар», – деді Әбілқасымова.

Банктен қарыз алушылардың саны күн сайын артып келеді. Ипотекаға пәтер сатып ал­ғысы келетіндер көп. Бағдарламалар тоқ­тайды деген ақпарат үйлі болудан үмітті та­лай адамды елең еткізді, өйткені оған ха­лықтың қызығушылығы жоғары болып тұр. Сонда одан кейін ипотекалық несие мүл­де болмай ма, неліктен тоқтатылады де­ген сияқты сұрақтар туындады. Осы орай­да экономист-сарапшы Асылбек Күз­деубаевтың пікірін білген едік.

Екеуі де сәтті әрі тиімді ойластырылған бағдарлама

– «Баспана хит» бағдарламасы өзінің мис­сиясын толығымен әрі сәтті орындады деп айтуға болады. Осы бағдарлама аясында 50 мыңнан аса отбасы баспаналы болды. Жуырда бұл бағдарлама осы жылдың соңы­на дейін аяқталады деген ақпарат ресми түр­де жарияланды, неліктен тоқтатылады деген сұрақ қазір көптің көкейінде жүр. Әр бағдарлама бекітілген кезде оның инди­ка­торлық сомасы болады. «Баспана хит» бағ­дар­ламасының индикаторы – 600 мил­лиард теңге. Қазір соның 493 миллиард тең­гесі несиеге берілді. Демек қалған 100 мил­лиард теңгеден астам қаражат жыл соңына дейін игерілмек. Яғни бағдарлама жыл соңында жұмысын толық тоқтатады.
«7-20-25» те сәтті әрі тиімді ойлас­тырыл­ған бағдарлама. 2018 жылдан бері бұл бағдарлама аясында 27 мыңнан астам от­басы баспаналы болды. Қазірге дейін иге­ріл­ген несиелендірудің жалпы сомасы 325 миллиард теңгеге жетті. Ал индикаторлық яғни ипотекалық несиелендіру бойынша бекітілген сома – 1 триллион теңге. Демек әлі де 675 миллиард несие игерілген жоқ, тек 30-35 пайызы ғана игеріліп отыр. Яғни бұл бағдарлама әлі де бірнеше жыл жал­ғасады. Өзіңіз ойлап қараңыз, 2018 жылдан қазірге дейін жалпы 1 триллионнан 325 мил­лиард қана игерілген болса, қалған қара­жатты несиеге беруге 3-4 жылдай уа­қыт кетеді, – дейді маман.
Алайда бағдарламалар тиімді болғаны­мен, қарызды несиені қайтарғанда қосып тө­лейтін ақшаның аз емес екені тағы бар. Алған үйінің бағасынан 2 есе артық несие тө­лейтіндер бар. Мұны сарапшы былайша тү­сіндіреді.
– Әуелі қандай жағдайда екі есе қылып қайтарады деген сұраққа тоқталайық. Сіз ал­ған несиеңізді 25 жыл бойы төлейтін бол­саңыз, онда солай төлеуіңіз мүмкін. Банк­тің жүйесі де сондай. Ұзақ уақыт бойы төле­ген сайын сол мерзімге байланысты сіз­дің қосып төлейтін ақшаңыз соғұрлым жо­ғары болады. Егер несиені тез арада жауып тастауға тырыссаңыз, онда сома азая­ды. Мұның бәрі банктің өз ішкі ере­же­леріне сәйкес есептеледі, – дейді ол.

Десек те, көп қаражатты аз уақыт ішін­де жауып тастау екінің бірінің шамасы келмесі анық. Оның үстіне баспана бағасы күн өткен сайын аспандап барады. Ал, Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі­нің басшысы дағдарыстың экономикаға әсері төмендегенін айтады. Парадокс. Уақы­тынан бұрын жабуды қоя тұралық, алғашқы жарна жинай алмай бірнеше шаршы метрге қол жеткізу үшін тапқан-таянғанын тірнек­теп жүрген адам қаншама? Одан бөлек жал­дамалы пәтердің бағасы да барған сайын шарықтап барады.

Аспандаған бағаның жерге түсуі мүмкін бе?

Жыл басында еліміздегі тұрғын үй на­ры­ғында белсенділік күрт өсті. Оның басты себебі зейнетақы жинақтарын пайдалану бағдарламасы болды. Зейнетақы жинағын мер­зімінен бұрын алуға ниеттілерден өті­ніш қабылдаудың алғашқы күнінде-ақ БЖЗҚ-ға 10 мыңнан астам өтініш түскен.
8 мамырдағы дерек бойынша тұрғын үй жағ­дайын жақсартуға арналған зейнетақы жи­нақтарын пайдалану жөніндегі баста­маны орындау аясында 16 075 қарыз алушы бұған дейін банктерден тұрғын үйлері үшін алған жалпы сомасы 62 миллиард 41 мил­лион теңге ипотекалық қарызын толық өте­ген.
47 133 қарыз алушы жалпы сомасы 144 мил­лиард 53 миллион теңге болатын тұр­ғын үй ипотекалық қарыздарының бір бө­лігін өтеу үшін біржолғы зейнетақы тө­лем жүйесін пайдаланыпты.
8 889 қарыз алушы банктерден жалпы сомасы 150 миллиард 361 миллион теңге бо­ла­тын тұрғын үй ипотекалық қарыз­да­рын алу үшін алғашқы жарна ретінде бір­жол­ғы зейнетақы төлемі қаражатын пай­да­ланды.
Банктер бойынша ең көп қарыз алушы «От­басы банк» акционерлік қоғамында тір­кел­ген. Олардың жалпы саны – 37 228. Бір­жолғы зейнетақы төлемін пайдалану ар­қылы тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша берілген жаңа тұрғын үй ипо­текалық қарыздарының мөлшері – 125 миллиард 29 миллион теңге.
«Сбербанк» АҚ ЕБ – қарыз алушылар са­ны бойынша екінші орында. Олардың жал­пы саны – 11 483. Одан кейін «Қа­зақ­стан­ның Ұлттық Банкі» акционерлік қоға­мы­нан 9 488 және «Банк Центр Кредит» ак­ционерлік қоғамынан 8 432 адам қарыз ал­ған. Аталған банктерден біржолғы зей­не­та­қы төлемін пайдалану арқылы жаңадан алынған тұрғын үй ипотекалық қарыз­дары­ның мөлшері – 23 миллиард 167 мил­лион теңге.
Зейнетақы жинағын тұрғын үй мә­се­ле­лерін шешуге пайдалану бастамасы сәтті іске асырылып жатқаны анық, десек те бұл тұр­ғын үй нарығындағы бағаның шарық­тауы­на жол ашты. Жыл басынан бері бас­пана бағасы 20 пайызға қымбаттаған. Са­рап­­шылар әуел баста сәл күте тұру керек еке­нін, баспана бағасы мамыр, маусым ай­ларында тұрақталады деп сендірген еді. Тіп­ті жыл соңына қарай баға түседі деп топ­шылағандар да болды. Бірақ аспандап кет­кен бағаның қайта жерге түсуі қан­ша­лық­ты мүмкін?
Жыл соңында баспана бағасының ар­зан­дауы сұраныс пен ұсынысқа байланы­с­ты. Қазір сұраныс ұлғайып тұр. Сұраныс өсті деген сөз баға да өсе береді дегенді біл­­­­ді­ре­ді. Оған қоса қазір құрылыс мате­риал­­дары да қымбат. Қазір арматураның тоннаға шаққандағы бағасы бұрынғы на­рық­тағы бағасына қарағанда 30-40 пайызға дейін қымбаттап кеткен. Басқа жабдық­тардың да бағасы өсіп жатыр. Бұл – тұрғын үй бағасының шарықтауының тағы бір се­бебі. Егер қазіргі тұрғын үй нарығындағы жағ­дайын сараптайтын болсақ, жыл соңы­на дейін тұрғын үй бағасы арзандамайды, – дейді экономист-сарапшы Асылбек Күз­деу­баев.
Үй ала алмай жүргендердің біразы бас­па­на үшін басқа елге кетіп жатыр. Мысалы биыл көптеген әнші мен әртіс Түркиядан жа­рысып баспана алып, ол жақта үй баға­сының әдеттегіден біршама арзан екенін біраз жарнамалады.

– Түркиядан үй алып жатқан қазақстан­дықтар көп. Өйткені бұл жақта үйдің баға­сы Нұр-Сұлтан мен Алматыға қараған­да әлдеқайда арзан. Мысалы, люкс кешендерде (хауыз, фитнес, консьержі бар) екі бөлмелі пәтерді 16-17 миллион теңгеге алуға бола­ды. Кәдуілгі көпқабатты жаңа үйлерден екі бөлмелі пәтерді 8-11 миллион теңге ша­масында таба аласыз. Яғни, Нұр-Сұлтан қа­ла­сынан бұл бағаға бір бөлмелі пәтерді алу да мүмкін бола бермейді. Табылса да, көңілге қонымды, сапалы жөндеу жұмыс­тары болмауы мүмкін.
Үй сатып алуда қиындық жоқ. Тек қана 3 пайыз мүлік салығы, 3 пайыз риэлтор кыз­меті үшін ақы төленеді. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бері барлық алымсатым риэлторлар арқылы жасалуы керек деген заң бекітілді. Шетел азаматтары тағы да мем­лекеттік органнан үй бағасын растай­тын қызмет үшін де экспертке ақша төлей­ді. Бұл шетелдіктерді алаяқтардан қорғау үшін ойластырылған, – дейді Измир қа­ласының тұрғыны Толғанай Төлеубай.

Баспана кезегі: тасбақа тізбек

2021 жылғы 2 маусымдағы статистика деректеріне сүйенсек, елімізде тұрғын үй ке­зегінде 562 мың азамат тұр. Оның ішінде отбасы мүшесіне шаққанда табысы күн­кө­ріс деңгейінен төмен 185 мың адам бар. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халық алдындағы есептік кездесуінде мәлімдеген еді.
Министр мәселені шешу үшін жалға бе­рі­летін тұрғын үй құрылысына жеке ин­вес­тиция тартып, жеке тұрғын үй қорында жал­дау ақысын субсидиялау тетігі енгі­зі­ле­тінін айтты.

Негізінен бұл субсидия көпбалалы от­ба­сыларға, жетім балаларға, мүмкіндігі шек­теулі балалары бар отбасылар және ха­­­лықтың басқа да әлеуметтік жағдайы бойын­ша осал топтарға арналған, – деп то­лықтырды Бейбіт Атамқұлов.

Жалдау ақысы мемлекеттік қаражат есе­бінен Нұр-Сұлтан және Алматы қа­ла­лары­ның 31 айлық есептік көрсеткіші
(90 427 теңге), өзге өңірлердің 21 айлық есептік көр­сеткіші (61 257 теңге) және ауылдық жер­лер үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (43 755 теңге) мөлшерінде субсидияла­на­тыны да айтылды.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары та­бысы бар қалған 377 мың адам Отбасы бан­кі арқылы кредиттік тұрғын үймен жә­не жеңілдікті қарыздармен қамтамасыз еті­леді деген жоспар болса да, баспана ке­зегі жылжымайды деп шағымданған адам­дардың қарасы қалың.

Басқа қандай бағдарламалар бар?

Бақытты отбасы. 2019 жылғы шілдеде Тұ­р­­ғын үй құрылыс жинақ банкінің (қа­зіргі отбасы банкі) жер­гі­лік­ті әкімдік­пен бірге жүзеге асыратын «Ба­қытты отбасы» бағ­дарламасы іске қо­сылады. Мемлекет жыл сайын бұл бағ­дар­ла­маға 50 млрд теңге бөледі деп жос­пар­лан­ған болатын. «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағ­дарламасына 4 және одан көп баласы бар отбасылар (кәмелет жасынан асқан 23 жас­қа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын сту­дент балалары бар отбасылар да көпбалалы от­басыға жатады), бір немесе одан да көп бала бағып отырған жалғызбасты әке не­месе ана (ресми ажырасқан уақыты 3 жыл­дан асқан болса), мүмкіндігі шектеулі бала асы­рап отырған отбасы қатыса алады.
Аталған бағдарламаға қатысу үшін мін­детті түрде тұрғылықты жеріңіз бойынша әкім­дікте кезекте тұруыңыз қажет. Бас­па­наға мұқтаж отбасылар санатына жата­ты­ны­ңызды дәлелдеу үшін атқарушы орган­нан көпбалалы отбасы екенін дәлелдейтін анықтама алып, оны банкке тапсырасыз. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойы­ла­тын ең басты талап – Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болу. Егер салымшы болмасаңыз, құжат тапсырар сәтте банктен дербес шот ашасыз.
Пәтердің құны кез келген сомада болуы мүм­кін, алайда банк сізге тек 15 миллион тең­геге дейін несие береді.
Несие мөлшерлемесі 19 жылға дейін 2 пайыз­бен беріледі Бастапқы жарна – тұр­ғын үй құнының 10 пайызы. Несие мөл­шер­ле­месі – 2 пайыз. Үй кезегінде қай қалада тұр­саңыз, тек сол қаладан ғана пәтер ала­сыз. Сондай-ақ, сол қалаңызда мекенжай бойынша тіркеуде 2 жыл тұрған азаматтар ғана аталған бағдарламаға үміткер бола алады.
Әйелдерге арналған ипотека. «Ұмай» деп аталатын әйелдерге арналған жаңа ипо­текалық бағдарлама 12 сәуірден басталды. Бұдан бұрын «Отбасы банк» қарыз алушы­лар­дың 60 мыңнан астамы әйелдер екенін хабарлаған болатын. Бағдарлама бойын­ша несие мөлшерлемесі 12 пайыз, тұрғын үй қарызына ауысқан кезде жылдық несие мөл­шерлемесі 3,5 пайызға дейін төмен­дейді. Атыңыздағы баспананың бар-жоғы маңызды емес. Бағдарлама бойынша тұр­ғын үйдің ең жоғары құны – 30 миллион теңгеге дейін. Оған 65 жасқа дейінгі жұмыс істейтін зейнеткерлер қатыса алады.
Сондай-ақ қаражатты жылжымайтын мүлікті жөндеуге пайдалануға болады. Бірақ қарыз 3 700 000 теңгеден аспауы тиіс. Шарт бойын­ша клиент жөндеу жүргізілетін тұр­ғын үйдің иесі болуы керек.
Бағдарламаға қатысу үшін банкке өті­нім беріп, депозит ашу қажет. Несие мерзімі ішінде ипотека алдын ала қарыздан тұрғын үй қарызына (жылдық 5%) ауыстырылады.
Одан бөлек балаларға арналған «Арнау», «Жас отбасы» сияқты бағдарламалар же­тер­лік. Жақында жұмыс істейтін жас­тарға ар­налған тұрғын үй бағдарламалары да іске қо­сылмақ. Әскери салада қызмет істейтін­дерге арналған «Әскери баспана» жобасы да бар. Жалпы осы сияқты әр сала қызметкер­леріне арналған тұрғын үй бағдарламалары бізге әлі де керек сыңайлы. Қанша бағдар­лама жарияланып жатса да, игіліктен тыс қалып жатқан салалар әлі көп.

Бізде тұрғын үй тапшы емес, алайда баспаналы болуға көбінің жағдайы жетпейді. Салынып жатқан үйлерді қалтасы қалыңдар қос-қостан алып, жалға беріп ісін дөңгелетіп отыр. Шетелдегідей «пәтерден-пәтерге» дейтін өмір салты бізге жат десек те болады. Бірнеше шаршы метрге бар тапқан-таянғанымызды ойланбай сарп етуге дайынбыз. Ал баспана нарығындағы жағдайдың тұрақталар түрі жоқ. Бағаның да қайда барары беймәлім.

Back to top button