Жаңалықтар

Ел мен EXPO

ашық дереккөзі

Ел мен EXPO

Сонау 1998 жылғы 10 маусымда Астана қаласында Қазақстан Респуб­ликасының жаңа астанасы ресми таныстырылып, халықаралық тұсаукесері өтті. Ал осыдан 4 жыл бұрын – 2017 жылғы 10 маусымда әлем елдерінің назары тағы да Қазақстанға ауған болатын. Дәл осы күні елордада баламалы энергия көздері мен жасыл технологияға негізделген EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанаты өтті. ТМД мен Орталық Азия елдерінде алғаш рет Қазақстанда өткізілген көрме «Бо­ла­шақтың энергиясы» деп аталды. Бас-аяғы 3 айға жалғасқан халықаралық іс-шара еліміздің өндірісі мен ғылыми базасын технологиялық жаңғыртуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік берді. Халықаралық көрмені елімізде ұйым­­дастыру Елбасының бірегей идеясы бо­латын. Алғаш 2012 жылғы 12 маусымда Па­рижде өткен Халықаралық көрмелер бю­росы Бас ассамблеясының оты­ры­сын­да Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан жеңіп шыққан жағдайда көрменің сәтті жү­зеге асырылуы үшін бар күш-жігерін жұм­сайтынын жеткізді. Аталған жылдың 22 қарашасында жасырын дауыс беру нә­тижесінде Астана қаласы EXPO-2017 көр­месін өткізу орны ретінде таңдалды. 161 мемлекеттің 103-і көрменің Қазақ­стан­да өткенін қолдап дауыс берген. Елбасының халықаралық көрмені елімізде өткізу туралы шешімі бір күнде қабылданған жоқ. Көрмені елі­мізде ұйымдастыруға Тәуелсіздік жылдары еліміздің ғы­лым, экономика және дипломатиялық қатынастар са­ла­сында айтарлықтай жетістіктерге жетуі, жасыл эко­но­ми­ка мен баламалы энергия көздеріне көшу қажеттігі әсер етті. Көрме энергияны үнемдеу саласындағы әлемнің үздік технологияларын жинақтауға мүмкіндік берді. Қазақстан қатысушы мемлекеттерге жасыл эко­номиканы, төмен көміртекті технологияларды және энер­гия тиімділігін дамыту мәселелерін талқылауға арналған диа­лог алаңын ұсынды. Алғашында көрмеге 100 мемлекет пен 10 халықаралық ұйым қатысады деп жоспарланған, алай­да іс жүзінде 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қа­тысты. Сондай-ақ көрмеге барлығы 2 млн адам келеді деп болжанған болатын. Бірақ келушілер саны да екі есе асып түсіп, 4 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіштер көр­ме­ні елімізде өткізудің маңызы мен мәнін тағы бір рет та­нытты. Елбасы EXPO-2017 көрмесін тек халықаралық қоғам­дастықтың болашағына салынған инвестиция ретін­де ғана емес, өз халқының дамуымен бірге қарастырды. Ха­лықаралық көрменің ел экономикасына әкелген пай­дасы зор. Көрме нәтижесінде экономика саласы бойынша ұсы­нылған жобалар арасында 133 (мұнай және газ саласы бойын­ша – 27, экология бойынша – 36, көмір өнеркәсібі бойын­ша – 7, электр энергиясы, энергияны үнемдеу және жаңар­тылған энергия көздері – 63) технология қолданысқа енгізілді. Ауқымды шара экономиканың бизнес секторының дамуына оң ықпал етті. Дайындық жұмыстарынан бас­тап, құрылыс жұмыстарына дейін отандық шағын және орта бизнес құрылымы тартылды. Бұл астаналық, аймақ­тық кәсіпкерлердің өз бизнесін дамытуына үлкен септігін тигізді. Сол тұста кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыз­дан асып, қала бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық көлемі 1,2 есе артты. EXPO-2017 көрмесін өткізу бас қаланың дамуына да тікелей әсер етті. Көрме өткізілген кезеңде елордаға жал­пы 5,4 млн адам келсе, оның 4 миллионы EXPO кешенін тама­шалауға барған. Қалада жаңадан 11 көше салынып, тұр­ғындар мен қонақтарға арналып салынған 47 мей­рам­хана өз жұмысын бастады. Жаңадан 5 мың жұмыс орны ашылды. Астана маңызды туристік қала ретінде ШЫҰ мен ТМД елдері арасындағы рейтингте үздік бестіктен көрінді. 2017 жылғы 6 қазанда Парижге ресми сапармен барған Қа­зақстан делегациясы Халықаралық көрме бюросы Ат­қарушы комитетінің кезекті отырысына қатысты. Жиын­да EXPO-2017 комиссары халықаралық маман­дан­дырылған көрмені жоғары деңгейде абыроймен өткізген Қазақстан халқын құттықтап, іс-шараның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, еліміздің инновациялардың да­муы­на мұрындық болғанын ерекше атап өтті. Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес EXPO-2017 келешекке жоспарланған халықаралық көр­мелерге үлгі болады деп бағалағанын ұмытқанымыз жоқ. Ра­сында бұл көрме еліміздің халықаралық аренадағы бе­делін арттыруға үлкен арқау болды. Әсел НҮРКЕБАЕВА, Open Travel Advisory компаниясының бас директоры: Елорда туристерді тартатын ғаламдық қалаға айналды – EXPO-2017 халықаралық көрмесі – ел тарихында қалатын ірі оқиғалардың бірі. Әлемге елордамыздың қайталанбас сәулет өнерін паш етіп, болашақ­қа бағдар сілтеген іс-шара әлем елдерінің қызығушылығын тудырды. Қатысушы мемлекеттер ортақ тіл табысып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Астана жаңа диалог алаңына айналды. Халықаралық мамандандырылған көрменің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Kazakh Invest ұлттық компаниясы болды. Өзім туризм саласында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқандықтан бұл бағытта қандай ауқымды жұмыстар атқарылғанын білемін. Компания көрмені ұлттық бренд деңгейіне көтеру жолында АҚШ, Нидерланд, Швейцария, Монако, Түркия, Қытай сияқты Қазақстанның қазіргі ірі инвесторларымен келіссөздер жүргізіп, өзара ынтымақтастық бағыттарды айқындады. Компанияның өнімді жұмысының нәтижесінде шетелдік баспасөз беттерінде Қазақстан, Астана және көрме туралы мақалалар көптеп жарық көріп жатты. Еліміз жайлы танымдық видеоматериалдар түсіріліп, шетелдік қонақтарға презентациялар таныстырылып, Қазақстанның имиджін қалыптастыруда үлкен жұмыстар атқарылды. Жасалған жұмыстың нәтижесінде тіпті EXPO кезінде Қазақстанға келмеген шетелдіктердің өзі Қазақстан, Астана туралы ақпаратқа қаныға бастады. Қазақстанның қай жерде екенін әлем картасы мен Google-дан іздеушілер саны артты. Көрме барысында Қазақстанда туроператорлардың қызметіне сұраныс 1,8 есеге арттырды. EXPO нәти­жесінде елорда әлем елдерінен туристерді тартатын зама­науи ғаламдық қала екенін паш етті. Шетелдік туристер халқымыздың дархан көңілі, таза пейілі мен қонақ­жай­лылығына тәнті болды. Еуразия жүрегінде әлем елдерінің мәдениеті мен гуманитарлық байланысы нығайып, бас қала тұрғындары мен қонақтары 30-дан астам елдің мә­дениеті мен өнерін тамашалады. Қазір өзім Норвегияда тұрып жатырмын. Нор­ве­гия­лықтар «Қай елденсің?» деп сұрағанда «Қазақстан» десеңіз, бірден Astana, EXPO деп таңданып жатады. Шетелде тұратын қазақстандық ретінде туған жерім жайында норвегиялықтардың білгені қуантады.