Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері халыққа үндеу жасады

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова елордадағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты тұрғындарға үндеу жасады.

«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Бүкіл әлемде COVID-19 эпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылдануда, оның ішінде халық арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бар. Ұжымдық иммунитеттің оңтайлы деңгейіне қол жеткізу үшін қала халқының кемінде 60%-ын COVID-19-ға қарсы вакцинамен қамту қажет. Бүгінгі таңда өзін-өзі оқшаулау және басқа да шектеу шараларының балама шешімі – вакциналау болып отыр», – деді Сархат Бейсенова елорда әкімдігінің брифингінде.

Спикердің айтуынша, елорда тұрғындарының 14,3%-ы COVID-19-ға қарсы вакцинаның бір дозасын алған.

«Демек, біз жаппай иммунитетке қол жеткізуге біртабан жақындап, COVID-19-ды жеңудеміз. Біз вакцинаны қала тұрғындарына қолжетімді ету үшін бәрін жасап жатырмыз. Осы орайда, мен баршаңыздан бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап, жаңа қалыпты жағдайға оралу үшін вакцина алуға шақырамын. Сондай-ақ, тұрғындардан бұқаралық іс-шараларға, акцияларға және ұтыс ойындарына қатыспауларыңызды өтінемін. Мұндай шараларды тек онлайн режимінде ұйымдастыруыңызды сұраймыз, өйткені қала бұрынғысынша қызыл аймақта орналасқан», – дейді С.Бейсенова.

Back to top button