Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 71% сапасы жақсы

Автомобиль жолдарын салу мен жөндеуді қаржыландырудың айтарлықтай өсуі олардың сапасының жақсаруына ешқандай әсер етпейді.

Айталық, 2018 жылы республикалық бюджеттен жолдарға 64 млрд теңгеден астам, ал 2019 жылы 1,3 трлн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Қалыптасқан жағдай «Nur Otan» партиясы Партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды.

Комитет мүшесі Мирас Шекеновтің айтуынша, осы бағытта соңғы 2 жылда жүргізілген талдау жұмыстары 1 км жолды орташа жөндеу құны жоба мен аймаққа байланысты айтарлықтай өзгеретінін көрсеткен. Мысалы, егер Маңғыстау облысында республикалық жолдың 1 шақырымын 14,5 млн теңгеге жөндеуге болатын болса, Павлодар облысында дәл осындай қашықтықты жөндеу үшін 60 млн. теңгеден астам қаражат төлеуге тура келеді.

«1 км жолға орташа жөндеу жұмысын жүргізудің нормативтерін белгілеу төсемге және үлгілік жобалық шешімдерге байланысты құжаттаманы дайындау мерзімін 4 айға қысқартуға мүмкіндік береді, осылайша бюджеттеу рәсімдерін жеңілдетеді. Сонымен қатар, лимиттерді белгілеу жыл сайын мемлекеттік бюджет қаражатын 8,2 млрд.теңгеге дейін үнемдейді», – деді Мирас Шекенов.

Жолдардың сапасына келетін болсақ, салалық ведомствоның деректері бойынша облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 71%-ы жақсы деп бағаланады. Алайда қазақстандықтардың бұл дерекпен келісе қоюы екіталай. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің сөзіне сенсек, барлығына техникалық қадағалаудың болмауы кінәлі.

«Техникалық, авторлық қадағалау ештеңеге жауап бермейді. Олар тек бақылаушыларсияқты жәй ғана нысандарды аралап жүреді. Ал қалалық жолдарда техникалық қадағалау атымен жоқ. Бақылауды әкімдіктер жанындағы автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы жүзеге асырады, онда ең көбі 15 қызметкер ғана жұмыс істейді. Сондықтан жергілікті жерлердегі жол құрылысына сараптама жүргізу және бақылау үшін Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы құрылды. Өкінішке қарай, барлық әкімдіктер тиісті келісімдерге қол қойған жоқ, бұл техникалық қадағалауды жүзеге асыруды қиындатады», – деді Берік Камалиев.

Сондайақ, Комитет мүшелері көлік иелерікөптен бері шағымданып жүрген Жезқазған-Қызылорда тас жолын жөндеу мәселесін талқылады. Индустрия вице-министрі осы жылдың соңында материалдарды дайындаужұмыстары басталатынын, ал құрылыс мерзімі 3 жылға созылатынын айтты.

Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Артур Платонов партияның «Өзгерістер жолы: Әразаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында еліміздің барлық қалаларын заманауи автожолдар желісімен қосу міндеті қойылғанын ерекше атап өтті.

«2025 жылға қарай 25 мың шақырым республикалық автожол салынады және қайта жаңартылады деп жоспарлануда. Бұдан басқа, әрбір тірек ауылға дейінгі 27 мың км жергілікті жол жөнделуі тиіс, олардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95%-ға дейін жеткізу қажет. Мемлекеттік органдар осы бағыттағы жұмысты жандандырғаны жөн», – деді Артур Платонов.

Отырыс қорытындысы бойынша Комитет жол жөндеу мәселелерін ерекше партиялық бақылауға алуға қаулы етті. Индустрия министрлігіне автомобиль жолдарының барлығын, әсіресе жергілікті маңызы бар жолдарды қадағалау жүйесін жолға қою ұсынылды. Сонымен қатар, Партиялық бақылау комитетінің мүшелері қаржыландыру көздерін көрсете отырып, қайта құру, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жобаларыжарияланатын Жол дерекқорын ашық көздерге орналастыруды ұсынды

Back to top button